Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл облысында әкімнің әйелі шетелде демалған, жұмыста айлығы жүреберген

Жамбыл облысында білдей бір аудан әкімінің жұбайы жұмыс уақытында сырт елге саяхаттап кеткен. Сорақысы, Араб әмірліктеріне барып қыдырған шендінің жарына жұмыста болмаған күндері еңбекақы жазылып отырған.

222

Бұл заңсыз әрекетті тікелей басшысы бүркемелеп келіпті, -деп хабарлайды  31арна.

Бұл, себепсіз жұмысқа келмей, шет елде серуендеген Байзақ ауданы әкімінің әйеліне қарата айтылған сөз. Қыдырғанын ешкім қызғанбайды. Тек жұмыста жоқ күндері сіз бен біздің салықтан түскен қаржыға мемлекеттен ақша алғаны қынжылтады.

– Аудан әкіміне ұят келеді деп сіз айтуыңыз керек. Мен жұмысқа жарамсыз арызымды жазып кеткенмін мен. Сектор меңгерушісіне тапсырып кеттім. Одан ары мен ол кісімен сөйлескен жоқпын.- дейді Қамқагүл Жанбекова Байзақ ауданы әкімінің жұбайы

Осылайша тәртіптік кеңес отырысында Байзақ ауданы әкімінің әйелі жолдасын жерге қаратты. Ол он күн жұмыста болмай, заңсыз айлық алып келген. Аудандық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлім басшылығы бұл заңсыздықты білген. Бірақ жолдасы әкім болған соң көре тұра көз жұма қараған дейді кеңес төрағасы.

– Байзақ ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және үйлестіру әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Жанбекова атқаратын қызметінен босату туралы тәртіптік жаза қолдану ұсынылсын.-дейді Ғалым Тұрсынбаев тәртіптік кеңес төрағасы.

Бір қызығы әкімнің әйелі мен оның тікелей бастығына жұмыстан босату туралы тәртіптік жазаны ұсыну аудан әкіміне жолданады. Ендігі жерде әйелінің заңсыз әрекетіне шешімді күйеуі шығаратын болады. Жалпы тәртіптік кеңес отырысында Байзақ ауданындағы шенділердің тәртібі үшін аудан басшысы көп қызарды. Орынбасарынан бастап, бірқатар ауыл әкімдері сыбайластық сипатындағы заңсыздықтарға жол берген. Ал Сарысу ауданындағы Үшбас мектеп директоры бір емес бірнеше мәрте ішімдік ішкені үшін істі болған. Бірақ сотты болған азаматқа білім бөлімі басшылығы жаза тағайындауды жөн көрмепті.

Бірнеше мәрте істі болған директор бұл ісіне қымсынбады. Қайта сот шешімімен 120 сағат қоғамдық жұмысқа тартылып, пайдалы іс атқарғанын айтып ақталады.

Талқылау