Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл облысында үш ауылдың тұрғындары жаппай наразылыққа шықты

Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты үш ауылдың тұрғындары жаппай наразылыққа шықты. Дауға, жалпыға ортақ судың жекенің қолына өтуі себеп. Жаңа қожайын таудан аққан табиғи суды әр отбасына 1000 теңгеден сатпақшы. Онсыз да арық суын ауыз су ретінде қолданған ел бұл талаппен келіспейді.

ымым

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Шал тауынан аққан судың жұрт үшін шарапаты шамалы. Меншіктеп алған кәсіпкер “қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарсаның” керін келтірген. Етектегі елдің аузынан жайдақ суды жырып, құм жуатын шағын зауыттарға жығып берген. Соның кесірінен Алғабас, Қаракемер, Құмарық ауылының тұрғындары үшін ауыз су қасқалдақтың қанындай қат.

“Таудан келіп жатқан құдайдың берген суы. Соны жауып тастайды. Арыққа салмайды құмға салады”, – деді Алғабас ауылының тұрғыны Серік Сариев.

Иегіндегі судың игілігін көре алмаған ел, табиғаттың тегін суына теңге төлемейміз деп отыр. Онсыз да арық суын ауыз су ретінде қолданған қараша, ендігі жерде одан да қағылайын деп тұр. Ал кәсіпкер әр отбасына 1000 теңгенің қайдан шыққанын түсіндіріп берді.

“Мың теңгенің көлемінде ішіне кіргіздік. Үйме үй күндіз-түні ағып тұрады. Барлығының үйіне кірді. Шарбағының суы. Осыларға демеушілік жасап, төрт көл соғып бердім. Сол көлді толтырамын деп 1000 теңгеден кіргіздік”, – деді кәсіпкер Әлдибек Әміриев.

Алайда бұл уәжді тұрғындар жоққа шығарды. Кәсіпкердің кеңес кезінен қалған құбырды өзім жүргіздім дегені жұрт жүйкесін жұқартса керек, жалған айттың деп жағасына жармасты.

Тіршілік нәрінен тарыққан тұрғындар билік бұл мәселені біле тұра бейқам дейді. Болмаса бұлақ басында қоныстанған ауылда қолдан қуаңшылық жасау жылда әдетке айналыпты. Он жылдан бері ауылға арық суын бергізе алмаған әкімдіктен не үміт, не қайыр деп қапалы. Ал, әкімдік ендігі жерде жекенің қолындағы құбырды мемлекет меншігіне қайтаруды қарастырамыз деп отыр. Алайда, күнілгеріге қалған мәселе күнтізбенің қай күні шешілері белгісіз.

Талқылау