Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбылдағы жойқын жарылыс жайлы жаңалық жазған журналистер қуғынға ұшырауда

Жамбыл облысында болған жойқын жарылыс жайлы жазған журналистер тергеуге шақырылып жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бөліміне сілтеме жасап.

журналист айбат

Арна мәліметінше, апат кезінде депутаттың ауласында тұрған снарядқа ұқсас заттарды көріп, тікелей эфирге шыққан "7 арнаның" тілшісі Данияр Әлімқұлдың материалына әкімдік өкілдері полициядан құқықтық баға беруді сұраған. Сонымен қатар "Тұранинфо" сайтының жетекшісі Исламбек Дастанның да жарылыс кезінде жасаған материалы үшін басы дауға қалып отыр.

"Айбат" жаңалықтар қызметінің тілшісі Данияр Әлімқұлға қарсы полиция департаменті жалған ақпарат тарату бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Осылайша екі тілшіні тергеуге куә ретінде шақырып, телефондарын тартып алған. Журналистерге істің барысын жария етпеу туралы қолхат та жаздырып алған. Тілшілердің өздері тіс жармағанымен бір топ әріптестері оқиғаның мән-жайын білу үшін облыстық прокуратураның алдына жиналған.

"Мына жағдайда осындай айыпты тағу негізсіз деп есептейміз. Мұндай жағдай кез келген журналистің басында болуы мүмкін. Көшеде жатқан жарылғыш затты көрсеттің деп жауапқа тартып жатса, бұл біздің билікке де, құзырлы орган өкілдеріне де өте ұят нәрсе", – дейді журналист Руслан Әбдіхалық.


Жамбылдағы жарылысты жария еткен кейбір БАҚ өкілдері жазалануы мүмкін


Облыстық прокуратураның басқарма бастығы тілшілер күдікті емес, куәгер ретінде сұралғанын айтты. Оның айтуынша, олардың үстінен шағымды облыс әкімдігі түсірген.

"Арыз Жамбыл облысының әкімшілігінен түскен. Мониторинг жүргізу барысында жаңағы видеоматериал шығарылып, сол бойынша шешім қабылдау туралы хат түскен. Хаттың негізінде тергеп-тексеру басталып, журналистер куә ретінде сұралған және оларға ешқандай айып тағылған жоқ", – деді Жамбыл облыстық прокуратурасының басқарма бастығы Жомарт Науатов.

Прокуратура екі тілшінің де телефоны заттай айғақ ретінде тәркіленгенін айтады. Қоғамда үлкен дау туғызып жатқан мәселе бойынша Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева хабардар екенін мәлімдеді. 

"Журналист өзінің кәсіби жұмысын жасады. Сондықтан құқық қорғау органдары оларды беталды ұстай алмайды. Бұл жерде ең бастысы оның себебін анықтау қажет. Мен министр ретінде әр журналист өзінің жұмысын істеу керек деп есептеймін. Және тілшілерге тиісті көмек көрсетілетін болады", – деді министр.

Полицейлер даулы іске қатысты "жалған ақпарат таратқаны үшін екі басылым журналисі мен бір блогер куә ретінде сұралды" деген ғана қысқаша жазба таратқан. Әзірге тілшілердің үстінен арыз жазған нақты кім екені белгісіз күйде қалып отыр. Ол істің құпиялылығына байланысты жария етілмеген. Сондай-ақ прокуратура хат әкімдіктен келді десе, облыстық ішкі саясат басқармасы ешқандай арыз жазбадық дейді.

Талқылау