Соңғы ЖАҢАЛЫҚТАР
БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР

Жалаңаш денесіне қазақтың шапанын киген жігіт өз әрекетін түсіндірді

Тағы да шешінді. Бұл жолы бойжеткендер емес, тепсе темір үзетін апталдай жігіттер! Осыдан бірнеше күн бұрын әлеуметтік  желіде жалаңаш денесіне жартылай шапан жапқан қазақ жігітінің суреті тарап, халықтың ызасын тудырды. Ең сорақысы танымалдылыққа ие болғысы келетін жастар үшін ұлттық киімдер ойыншыққа айналуда, тіпті бұл салт-дәстүрді мазақ етуде, дейді қоғам белсенділері.

Жалаңаш денесіне қазақтың шапанын киген жігіт өз әрекетін түсіндірді

Желіні шулатқан модель жігіттің есімі - Айсұлтан. Жасы  - 19-да. Колледж студенті.  Оның сөзінше халық арасында у-шу тудырған суретке  әдейі түсіпті, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы».

«Менің  айқын мақсатым болғанын жасырмаймын. Ұлттық киімде суретке түсу өзге елде әлдеқайда дамыған.  Мұны біздің менталитетке протест ретінде түскенімді жасырмаймын. Шыны керек, шапанды біз тек 22 наурызда болмаса, тойға сый-сияпат беретін кезде еске түсіреміз. Ал басқа күндері ол шаң басып жатады. Неге біз оны  басқаша насихаттамаймыз?» - дейді Айсұлтан.

Десе де  желі қолданушылары  денесіне шапан жапқан жігітті жерден алып жерге салуда. Ал кейбір қоғам белсенділері оны заң алдында жауапқа тарту керектігін айтуда. Өйткені, көрші Қырғызстан елінде ұлттық киімді осылай қорлағандарға жаза қолданады екен.

«Бізде сәукеле болсын, шапан болсын - ол ұлттық деңгейдегі болмысымыз. Жартылай  жалаңаштап киюге, қыздарымыз жалаңаштап сәукелемізді пайдалануына мен қарсымын. Жалпы ұлттық тәрбие болу керек. Егер де Қазақстанда идеология жақсы жұмыс істесе, мұндай әрекетке бармайтын еді. Хайп жасамайтын еді. Өкінішке орай бізде идеология дұрыс жұмыс істемейді», - дейді заңгер Камиша Есмұхамбетқызы.

Бұған дейін бесіктен белі шықпаған бойжеткендердің оғаш қылықтары мен ерсі әрекеттерін жиі көрген халық  уақыт өте назар аудармайтын деңгейге жетті. Ал тепсе темір үзетін қазақ жігітінің жалаңаш суреті ер азаматтардың қытығына, тіпті намысына тигенін жасырмайды.

«Мынадай азғыратын, осындай адамның ақылына сыймайтын іс-әрекеттерге баратын  жігіттерді  тәртіп сақшылары бүкіл адамның әрекетін бақылайтын мемлекеттік органдар болсын, осындай әрекеттерді дереу кесіп алғандай қылып, апарып тәртіпке салып мойнына заңды түрде ақшалай басқа айтыптар тағатын болса, ол жігіт екінші рет  ондай әрекеттерге бармайды», - дейді қоғам белсендісі Ерсейіт Алимов.

Бүгінде жастар арасында шешіну дерті белең алуда. Қыздарды қойып енді жігіттер өз дене-мүшелерін көрсетіп әлек. Осыған байланысты ел-жұрттың пікірін біліп көрейік.

«Өздерінше оригинал, эксклюзив болғысы келген шығар».

«Өте ұят нәрсе, жылағым келеді. Жігіттеріміз де дәл осыны қайталап, тек қана шапанмен түскен. Мынау қазақи жігіттерге келмейтін сияқты ғой».

«Ер адам деген ерекетік қабілетін сақтау керек қой. Мынау не енді?».

«Кеше ғана жігіттеріміз шапан киіп шықты...Жігіттеріміз де соларға еліктеп шығып жатқан шығар. Жігіттер деген біздің қорғанышымыз, тірегіміз».

Әрине  еш қымсынбастан жалаңаш тәнін көрсетіп, ерсі әрекетімен елге танымал болғысы келетін қаракөздеріміздің қарасы көбейіп кеткені белгілі.  Бірі төсін ашып тыраштанса, қалғаны тәнінің сұлулығын жалпақ жұртқа жариялап әлек. Ал Айсұлтанның сөзінше, ол әлгі қыздардың жолын қумайды. Арманы мен мақсаты да бөлек.

«Негізі суретті мен өзім үшін түсіргенмін. Ал оның қалай әлеуметтік желіге шығып кеткенінен бейхабармын. Бірақ халықтың маған неге ашуланған түсінбеймін. Не үшін? Біз батырларымызды, ұлттық нышандарымыздың бар екенін тек осындай жағдайларда еске түсіреміз, ал қалған уақытта ше? Бұл менің өмірім. Қазір 21-ші ғасыр», - дейді Айсұлтан.

Қаркөздеріміз төсін көрсетіп мақтанса, жігіттеріміз денесін жалаңаштаса, ар жағын ойлау тіпті қорқынышты. Дегенмен дүйім жұртқа жалаңаш суреттерін жүктеп, қоғамдағы кейбір түйткілді мәселелерге қатысты өзінің позициясын дәлелдеп жүргендерге әлі де ақыл кіреді деген үміт бар, дейді қоғам белсенділері.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр