Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жалақыларын бермеген: Ақтөбеде компания жұмысшыларына 8 млн теңге қарыз

Ақтөбеде айлап жалақыларын ала алмай жүрген мұнайшылар шу шығарды. Компанияның жұмысшылар алдындағы берешегі 8 млн теңгеден асып кеткен. Алты ай бойы маңдай терімен тапқан ақшасынан қағылған бір топ жұмысшы облыс әкімдігіне барды.

Атқарушы билік көмек сұрап барған қараша халыққа араша бола алады ма? Құзырлы мекемелер кәсіпорынға шара қолдануға келгенде неге қауқар таныта алмайды? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Осы уақытқа дейін компания басшыларының құрғақ уәдесіне тойып келген жұмысшылар шыдамның да шегі барын айтады. Жер-жерге жазған арыздарынан нәтиже болмағаннан кейін, әкімдікке келіпті. Азаматтардың кейбірі наурыз айындағы жалақысын даулап жүр. Жұмыс беруші біріне 200 мың, өзгелеріне 1 млн теңгеге дейін берешек екен.

“Марттан бері ақшамды ала алмай жүрмін. 277 мың. Жұмыстан кеттім. 1 ай жұмыс істедім. Бастығына да бардым, әне берем, міне берем, күнде сөйтіп жүрді. Сосын жұмыстан шығып кеттім. 25 адам бар, бір бригада. Сот, не инспекцияға айттық, сол әлі тексеріп жатырмыз дейді, результат жоқ”, – дейді жұмысшы Руслан Қызылов.

Компания мұнай және газды бұрғылау кезінде техникалық қызметтер көрсетумен айналысады екен. Мұнайшылар Атыраудағы кен орындарында жұмыс істегендерін айтады. Осы уақытқа дейін жалақыларын сұрап барғандарға басшылары қаражат болмай жатыр, сәл шыдаңдар деп шығарып салған. Арасында алдарқатып 10-15 мың теңгеден жолақыларына ғана бергендерін айтады.

«Аско Экспоцентрде» мастер болып жұмыс істедім. Сентябрдің аяғында келдім вахтадан. Оған дейін 1 айдан, кейін 15 күннен болды вахта. Содан бері қарай ешқандай ақша алып көргеніміз жоқ. Қазір маған өзіме 923 мың бережақ, расчетныйды есептемегеннің өзінде. Әлі жүрміз, бала-шағамыз бар, бізге қарап отыр. Үйге келгенде ұялмай келгіміз келеді. Вахтадан келгенде ақша алғанды жақсы көреміз. Кредитіміз бар, басқасы бар» – дейді жұмысшы Бисенбай Медетбаев.

«Жігіттердің мүдделерін қорғап жүрген адаммын. Басшылары қайда барсаң, онда бар деп айтқан. Бір басшысы бар Рашид деген, білмеймін, ол қайдан щыққан адам екенін. Кісі ақысы кетпейді. Ол бәрібір зардабын шегеді. Қазір бермегенімен, адамның көз жасы, маңдай тері, табан кірі бар емес пе?! Акиматқа келіп тұрған себебіміз – үлкен әкімге бұл жағдайды айту, бұл деген облыста болып жатқан нәрсе ғой!» – дейді қоғамдық қорғаушы Темірбай Құдашев.

Еңбек инспециясындағылар мән-жайдан хабардар. Тіпті, екі мәрте компания басшылығын әкімшілік жауапкершілікке де тартыпты. 300 мың теңге көлемінде айыппұл салған. Бір қызығы, бұл «Аско Экспоцентрдің» басшыларына сабақ болмаған сыңайлы. Айыппұлдың біреуін өтеп, екіншісіне бас ауыртпаған. Шарасыздықтан еңбек инспекциясындағылар компанияға қатысты барлық материалды жинап, полиция департаментіне жөнелткен.
«Жоспардан тыс тексеріс қорытындысы бойынша мекеме тарапынан жалақы төлеу заңбұзушылығын жою бойынша нұсқама берілді. Екі мәрте әкімшілік жазаға тартылды. Қазір тексеріс материалы Ішкі істер департаментіне жіберілді» – дейді облыстық еңбек инспекциясының бөлім басшысы Нұрлан Ерекеев.

Шенеуніктер компанияның үстінен 15 жұмысшы арызданып, екі ұжымдық шағым түскенін айтты. Жұмысшылар алдындағы берешегі 8 млн теңгеден асып кеткен. Еңбек инспекциясындағылар құқықтық жағынан барлық көмекті көрсетуге әзірміз дейді. Ал жұмысшылардың жалақыларын қолдарына қашан алатындарын нақты айта алмады. Өйткені, компания өкілдері шенеуніктердің де шалған қоңырауына пысқырмапты.

Жұмысшылар кәсіпорын басшылығының қаражат жағынан қиыншылық туындады дегеніне сенгілері келмейді. Өйткені, тапсырыстарды дер кезінде орындап жатырмыз дейді. Еңбек инспекциясындағылар да құзырлы органдар компанияның есеп-шоттарын тексергені жөн болар еді деп отыр. Мән-жайды білмек болып компания басшылығына біз де хабарласқанбыз. Алайда, телефондары сол күйі өшірулі тұр.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау