Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жақын күндері Сырдария өзені арнасынан асып, су тасқыны болуы мүмкін (Видео)

Санаулы күндерден кейін Сырдария өзенінің деңгейі көтеріледі деп күтілуде. Бұл күрделі мәселе әсіресе, дария жағасына  жақын тұратын жандардың мазасын қашыруда, – деп хабарлайды Stan.kz сайтының Қызылордадағы тілшісі.

Шардарадан келетін судың көлемі 400 текше метрге дейін жетеді дейді мамандар. Мұндағы жұрт бөгеттердің нығайтылғанына қарамастан, қазірдің өзінде киім-кешектерін буып-түйіп, құжаттарын дайындап жатыр. Тасқын су келе қалған жағдайда абдырап қалмаудың амалы. Естеріңізге сала кетейік, осыдан бірнеше жыл бұрын Қызылордада су тасқыны орын алған болатын. Бұл оқиғадан кейін дария жағалауында тұратындардың басым көпшілігі үйлеріне үрлемелі қайық алып қойған. Бүгінде суда жүзетін құралдарын ретке келтіріп әлек.

Ал, тиісті сала мамандары болса, төтенше жағдайдың алдын-алу үшін қолдан келгенше жұмыс жасап жатқандарын айтады. Арнайы техникалар сақадай-сай дейді олар. Биыл ауа-райы жылы болғандықтан дарияның бетіне мұз қатқан жоқ. Дегенмен, судың деңгейі жылдағыдан жоғары. Одан қалды Арал өңірінде қиындықтар тууда. Солтүстік аудан болғандықтан, мұнда мұздар қатпарласып қалған. Нәтижесінде, құтқарушылар жарылғыш заттарды пайдалануға мәжбүр болды.

Талқылау