Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жүректің тазалығына мән беру керек: Алматылық кейуана 105 жасқа қалай жеткенін айтты

Алматы тұрғыны Әсембала Молдыбекова 105 жасқа толып жатқан мерейтойын дүркіретіп атап өтпек. Көпті көрген кейуананың немерелері мен шөберелерінің саны 80-нен асады.

Жүректің тазалығына мән беру керек: Алматылық кейуана 105 жасқа қалай жеткенін айтты

Бұл туралы “Алматы” арнасына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.

Биыл Әсембала әжей 105 жасқа толады. Ол өзінің егде жасына қарамастан,  әзілдеп, тіпті селфиге түсу үшін қалай күлу керектігін де біледі.

«Біз не көрмедік? Су да табылмайды жұтайық десек. Бірақ Алла алып қалды. Әке-шешем бар сонда. Едіге деген батырдың қызымын. 12 жыл ескі оқу оқыдым.  Құранды оқыдым, бәрін оқыдым. Сөйтіп Аллаху акбар деп жеттік қой», – дейді Әсембала Молдыбекова.

Әсембала Молдыбекова 1913 жылы кішігірім ауылда тұрып жатқан үлкен отбасында дүниеге келген. Ол әлі күнге дейін өзінің әкесі Едіге батырдың ұрпағы екенін айтып мақатанады. Ұлы Отан Соғысы басталғанда, Әсембаланы темір жол құрылысына жіберген. Ал кейуананың жеке өмірінде мұңды әрі ауыр тұстары көп. Оның тұңғышы дүниеге келгеннен кейін, одан кейінгі балалары бірінен соң бірі шетінеп кеткен. Осылайша әйел 5 баласын жер қойнына тапсырыпты. Қазір оның 5 қызы, бір ұлы бар. Олардың ең үлкен 85, ал кішісі 58 жаста.

«Тамақ жағын бұл кісі жақсылап таңдап ішеді. Анау-мынау бір нәрсені іше салмайды. Шәйді де солай. Мен шәй құйғанда газдың қасында тұрамын. Сүт те ыстық, шәй да ыстық. Сонда соны құйып беріп, аузына апарғанша маған «мына шәйің суық» деп ескерту жасайды. Содан кейін бұл кісі етті жақсы көреді, қазы-қартаны жақсы көреді. Бойындағы ерекше қасиеті – кісі жатырқамайды. Бар жақсылықты жасағысы келіп тұрады», – дейді Өнергүл Молдыбекова.

Әсембала әжей денсаулығына шағымданбайды. Кейде ғана құлағым естімей қалады, дейді.

Кейуана нағыз қазақ ретінде етті, әсіресе жылқы етін сүйіп жейді. Айтуынша, ұзақ жасауының құпиясы жоқ. Бастысы – жүректегі иман мен адалдық, дейді Әсембала әжей.

«Мен немерелерім мен шөберелеріме бәріне адал болыңдар деп үнемі айтып отырамын. Жүректің тазалығына мән беру керек. Дініміз ислам да осыны үйретеді. Мен бірнеше жыл медреседе оқыдым. Сол уақыттың ішінде Құранды меңгердім», – дейді Әсембала Молдыбекова.

Кейуананың мерейтойы бірнеше күннен кейін өтетін болады. Оны құттықтауға 40 немересі мен 30 шөбересі келеді.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау