Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Зейнеп Ахметова: Күн мен түнді есепте де, әйеліңе 4,5 айда бала туғызып ал

«Medianet» халықаралық журналистика орталығында әр жолы бір белгілі адамнан сұхбат алатын дәстүр бар. Бұл жолы оқушылар өздерінің қалауымен салт-дәстүрді насихаттаушы, Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметованы ашық әңгімеге шақырған еді. Ене мен келін арасындағы сыйластық, тойдағы кейбір салт-дәстүрлер мен олардың дұрыс-бұрыстығы жөніндегі апайдың әңгімесі қыздарға ерекше әсер етті. Біз осы әңгімені қаз-қалпында жариялағанды жөн көрдік.

Зейнеп Ахметова: Күн мен түнді есепте де, әйеліңе 4,5 айда бала туғызып ал

– Соңғы уақытта  бай мен кедейдің арасы қатты алшақтады. Анау дарынды балаларға арналған  мектептерге, Аягүл Миразова басқаратын мектепке таңертеңгісін барып көріңізші, неше түрлі қымбат шетелдік көлікті көресің. Кішкентай баланы үлкен машинамен алып келеді. Бұл жерде ата-ана баланың ертеңгі күнін ойлап  отырған жоқ. Құдайға шүкір, бізде де көлік бар. Бірақ, біз оларды мектепке көлікпен апармаймыз. Қыстыгүні аузы-басын орап алып, дедекдетіп тұрып жаяу апарамыз. Қазір өздері барып, өздері келеді. Үлкен немерем өз күшімен Назарбаев мектебіне түсіп кетті. Екі немерем де қазақша оқиды. Қазақша оқымаса, Алматыда немерелерімнен айырылып қалар едім. Алматыда тұратын есі дұрыс қазақ баласын қазақ мектебіне беруі керек.

Қарап тұрсаң, кедейдің балалары шынайы қуана алады. Неге? Өйткені,  тұрмысы қоңырқай адамдар тиынын жинап жүріп, баласына әдемі киім әперсе, отбасы болып  қуанады. Ал байлар қуана алмайды. Себебі, оларда бәрі бар, қуанатын ештеңе қалған жоқ… Байдың ессіз баласын көрген кедейдің баласы өзін салыстыра бастайды.  Менің есімнен мына оқиға әлі күнге дейін кетпейді. Жыл сайын Президент шыршасы болады. Сонда келген балаларға жаңа киім-кешектер беретін.«Бөбек» қорында жұмыс істеп жүрген кезімде Талдықорғаннан бір жігіт көзіне жас толып, мынадай оқиға айтқан еді. Президент шыршасын көріп отырған баласы әкесіне: «Сендер жоқ болсаңдар, мен де ана шыршаға барып, қымбат киім-кешек киетін едім», –  депті. Содан әлгі жерде әкесі шыдай алмай, далаға шығып кетіпті. Өйткені, жігіт жұмыссыз отырған, әйелі бір жерде еден жуушы екен.


Зейнеп Ахметова “Шаншар” театрын қатаң сынады


Бүгінгі қыз – ертеңгі келін, болашақ ана

– Бірді айтып бірге кетіп жатырмыз. Ертеңгі күні баланың тағдыры қалай болады, қандай болады, осыны ойламай, өздерінің аз күнгі қызығы үшін әрекет жасайтындар көп. Бәрі сыйластықтан басталуы керек. Мәселен, біздің кезімізде «әкең келе жатыр» деген кезде тікемізден тік тұратынбыз. Әкеміз соншалық қатал болған жоқ, бірақ әкеміздің бір қарағаны-ақ жеткілікті болатын. Мысалы, шешеміз өзі шеше салатын мәселе болса да, «әкелеріңмен ақылдасайын», «әкеңнен сұрайық»  дейтін. Бұл – азаматтың басын ардақтау. Анаң сөйтіп әкеңді ардақтап тұрғанда, сен де оны сыйлайсың, кейін өз отбасыңда қолданасың.

Бірде  Бақытжан ағаларыңды төркініме жамандап барамын деп, шешемнен таяқ жегенмін. Өзім бір топ ұлдың ішінде жалғыз қыз едім. Үйімде жүргенде алшаң басып, ерке болдық. Бірақ, шешем «жалғыз болсаң өзің жалғызсың, қылығың жалғыз емес» деп ұрсатын. Мен 8-9 жасымда нанды дөп-дөңгелек қылып жаятынмын, 5-6 жасымда кесте тігетінмін, соның бәрін шешем үйретті. Ал енді қазір солай үйретіп жүрген шеше бар ма? Жалғыз өзім үйіме жетіп барсам: «Тұрмысқа шыққан қыз тек қана күйеуімен бірге келуі керек. Жалғыз келуші болма. Әкенің үйі тұрмысқа шығып кеткен қыз үшін қайтып үй болмайды. Ол тек қана сағынып, аңсап келіп, аунап-қунап, бір еркінсіп кететұғын құтты мекен ғана болып қалады», – дейтін  шешем.

Келін тек қана күйеуге ие болмайды. Ол қайын ата, қайын ене, қайны, қайынсіңлі, қайнаға мен абысын, тағы да басқа толып жатқан туыстарына, бүкіл әулетіне ие болуға барады. Ал, «бір-бірін жақсы көрсе болды» деген жай сөз. Одан бір шикілік шықпай қоймайды. «Қайтып келген қыз жаман» демекші, қайтып келген қыз ата-анасының бетіне де, ауыл-аймағына да көлеңке. Мысалы, «Қызға қырық үйден тыю, қала берді қара күңнен тыю» деген бар. Бұл қырық үйден үлгі-өнеге көру, қала берсе қара күңнен де бір жақсылықты үйрену деген сөз.

Қазір, ең жаманы, ажыраса салуды сөкет көрмейді. Сондай-ақ, тұрмысқа шықпай, некеге тұрмай жатып бірге тұратындар көбейді. Бұл біздің мұсылмандығымызға да, қазақшылығымызға да жат нәрсе. Айналып келгенде, «қызы тәрбиесіз елдің іргесінен ырыс кетеді», тұнығы лайланады. Өйткені, бүгінгі қыз – ертеңгі келін, болашақ ана, болашақ ене. Олай болатын болса, қыздардың мойнындағы міндет, парыз ұшан-теңіз.

Ұзату тойын қалай өткіземіз? Ал үлкен тойда не істейміз?..

–  Қазақтың  ғұрпында күйеубаланың енеге қарсы келуі, сөз қайтаруы деген болмаған. Ондайды ауылдың өзі оңдырмайды. Мысалы, қызды ұзатқан кезде қыздың көшіне шешесі ілеседі. Шешесінен басқа, бауыры, жеңгесі ереді. Бірақ, көшті шешесі бастайды. Келін түсіріп, той болғаннан соң өзгелер қайтады да, құда-құдағилары қыздың шешесін  «кішкене үйренгенше келініміздің қасына болыңыз»  деген ниетпен өтініп алып қалады. Шынында да, шешесі қасында қалып, келіндік өмірге үйретеді екен. Мұнан соң құдағиды шығарып салу міндеті өзгеге емес, күйеубалаға жүктеледі. Ол кезде атпен жүретін заман. Бір қонып бара ма, екі күн қонып бара ма, бірақ тек қана күйеубала серік болады.  Сонда жол-жөнекей бір-біріне сыр айтып, енесі қызын табыстайды, сенім артады. Сөйтіп, енесінің ақылын тыңдап, күйеубала да енесіне жақын бола бастайды. Ауылға келгеннен соң күйеубалаға арнап мал сойылады. Күйеубала аттанарда міндетті түрде ат жетектетіп немесе алдына бұзаулы сиыр салып береді, құр жібермейді.  Содан кейін күйеубала атасының үйіне тәжім жасап кіреді, «Пайғамбар да күйеуін сыйлаған» деп жатамыз,  шаңырақ салар кезде де алыстан кәрі күйеуді шақыртқан. Ал ене мен келіннің, ене мен күйеу баланың бір-біріне қайшы келуі сырттан келді. Әйтпесе, біз бір-бірін сыйлаған халықпыз. Сырттан келгенде, тең құқық деп жүріп, біз көп нәрседен айырылып қалдық.

Сұрақ: Апа, жаңа сіз күйеубала қайынжұртына кіргенде тәжім жасайды деп қалдыңыз. Бүгінгі таңда солтүстік жақта, Астана маңында тойда келіннің бетін ашқан кезде екі жағында жеңгелері емес, үйленіп жатқан жігіттің өзі бірге тұрып, келіншегімен бірге сәлем ете береді екен. Бұл нәрсе дұрыс па?

Зейнеп Ахметова: Бұл – біреудің жамбасына бұрып шығарған «салты». Бұрын қайынатаның үйін күйеужігіт қызды алып кетер кезде бір-ақ көрген ғой. Тіпті, ұрын келгенде де қайынатаның үйін көрмеген. Сонда арнайы мал сойылып, отқа май құяды. Сол кезде күйеужігіт тәжім жасайды, қолын жүрегінің тұсына қойып басын иеді. Мұны «тәжім жасау» дейді. Ол қызды алып кетер кезде үлкен аталарға жасалатын бұрыннан келе жатқан салт. Ал тойда келіннің жанына екі жеңге не үшін тұрады? Мұның үлкен мәні бар. Екі жеңге –  жас келіннен бұрын сол әулетке келін боп түскен келіндер. Ендігі жерде жаңа түскен келінге әулеттің салт-дәстүрін, тәртібін, кімнің жақын-алыс туыс екенін үйрететін жолкөрсетушілер болып есептеледі. Ал, бізде  екі жеңгені әйтеуір әкеп қоя салады. Олар кейде жалаңбас тұрады, шалбармен тұруы мүмкін, әйтеуір, тұру керек болғасын тұрғыза салады. Негізінде  жас келінді талайға дейін үйрететін сол абысындары болған. Бізде дәстүрдің сыртқы көрінісін ғана қабылдайды, түпкі мағынасына мән бермейді. Өткенде екі келінді бір күнде түсірген ғой. Сөйтсе, бір келінді есіктен, біреуін терезеден түсіріпті. Ол не масқара? Терезеден түсетіндей ол келін ұры ма еді? Мұның бәрі қазіргілердің  шығарып алғаны. Әйтпесе, қазақта бұл нәрсе  болмаған. Келін табалдырықты аттап кіруі керек. Табалдырықты аттаған кезде үш қайтара сәлем жасайды. Ұзатуда қызды жігітімен бірге төрге отырғызып қояды. Ол, шындап келгенде, ыңғайсыз нәрсе. Мұны бұзу керек. Мысал үшін мен бұл салтты бұздым. Қайнымның қолымда оқыған қызының ұзатуының сценарийін өзім жасадым. Ең бірінші, ұзатылар қызға әдемі, күлгін көйлек, шекесіне тақия кигіздім. Қазақтың қыздары тойында қызыл көйлек киген, ал ұзатыларда ақ көйлегін киген. Ал киетін көйлектерін өздері әдемі оюлармен кестелеген. Қызыл көйлек – қыз дәуренімен қоштасу белгісі, кейін  сіңлісіне қалады. Бәрінде мән-мағына бар.

Қазір  қызды шығарып салар кезде бір топ қыз қалыңдықтың артына тұрады. Сөйтіп тұрудың өзі қазақтың қыздарына өте ыңғайсыз. Байсырап бара жатқандай, үлкен-кіші, әке-шешеңнің  көзінше гүлге таласу ерсі көрінеді. Күйеуге тиетініңді елдің бәрі біледі ғой, бірақ олай жария ғып керегі жоқ. Ана гүлді лақтырған сәтте бәрі улап-шулап, осы қазір күйеуге шығып кетердей айғайлайды.  Бірақ, қазақтың салтында ұзатылар қыз гүл емес, тақиясындағы үкісін кейінгі жақын сіңлілеріне бөліп беріп кетеді. Неге осыны тойда жасамасқа? Мен жасаған сценарийде алдыменен қыз жолдас-жорасымен, жеңгелерімен кірді. Өйткені ол – қыздың тойы. Содан кейін қызға күйеу жолдасымен, жігіттерімен күйеу келді. Сол кезде күйеубалаға шашу шаштық. Жас жұбайларды төрге емес, жолдастарымен бірге отырғыздық. Қайта-қайта тілек айтқан сайын тұрғыза бермедік, үлкен кісілір бата берген кезде ғана тұрғыздық. Емін-еркін отырды. Өздерің ойлаңдаршы, өмірінде бір-ақ рет тойы болады, онда да тұрып шаршайды. Соңғы жағында сөз тыңдамайды, әйтеуір ілбіп «тезірек бітсе екен» деп тұрады. Сондықтан отырып тыңдау керек, отырып тыңдағанда жайбарақат, көңілі орнында болады. Шошайтып апарып төрге неге отырғызады? Сосын өзім өткізген тойға «Жар-жар» жазғыздым. Негізінде жар-жар қыздың үйінде айтылуы керек. Көп жерде жар-жар беташармен айтылып жатады. Бұл адам күлетін нәрсе, біріне бірі қабыспайды. Беташар келін түскен жерде айтылса, жар-жар ұзатылар қыздың тойында айтылады. «Жар-жар» дегеннің өзі «енді сен біреуге жар болдың» деген сипатта құлаққа сіңеді. Содан мен 4-5 шумақ жар-жар жазғыздым. Бізге жеткен жар-жарлар бүкіл адамға ортақ үлгі емес, ол белгілі бір адамдарға арналған. Өйткені, әр қыздың жар-жары әртүрлі болады. Кейбір адамдар «қыздың тойында тойбастар айтпайды» дейді. Ол жаңсақ пікір. Осы «жаңа қазақтардың»  шығармайтындары жоқ. Тойда ұрлық қылғандай қасыңа «Тойбастар» деген жазуы бар пакет әкеліп қоятын болыпты. Тойбастар деген сыйлық емес, ырым. Ол барлығына жақсылық шашырасын, жұғысты болсын деген ырыммен жасалады. Әркімнің қасына пакет әкеп қою дұрыс емес, тойбастар деген қуанышын шашырату ғой. Тағы бір сорақы нәрсе  – келін түскен жерде келіннің сәлемін сатып аламыз.  Қазақта «келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» деп, келіннің бетін ашқан адамға жолы беріледі. Бірақ, ол елдің есебінен емес, той жасап отырған әулет оны қалай риза қылатынын өзі біледі. Бұл жерде көрімдік пен беташар қосылып кетеді.

Көрімдікті «мә, жеңгеңнің көрімдігі»  деп қайынсіңлісіне,  не «келіннің көрімдігі» деп енесіне беруі мүмкін. Ол әр адамның өзінің еркі. Ал беташарда сені бермеске қоймай, атап шақырады. Бір тойда атаны айтты, ата жоқ, атаның орнына барып салдым. Сонымен біткен шығар десем, Бәкеңді айтты, Бақытжан ағаларың үшін барып ақша салдым. Енді келіп, мақтап-мақтап келіндердің символы деп өзімді айтты. Үшінші рет барып салдым да, біткен шығар десем, ауылда өтіп жатқан тойда Алматыда жатқан Ержанымды айтты. Оған да барып ақша салдым. Бұдан өткен не дарақылық бар? Сосын онда кімнің қанша салғанын қарап тұрады. Бұл өте ұят нәрсе. Содан кейін келін күйеуінен үлкенге ғана сәлем салады. Ал бізде кішкене балаға дейін сәлем салғызады. Негізінде, соны әулет иелері беташар айтатын адамға «айналайын, жолыңды беремін, табағыңды қойма» деп ескертуі керек. Келінге 7 сәлем жетеді, бұл өзі киелі сан. Әйтпесе, онсыз да кешігіп басталатын тойда беташар айтылып біткенше, шаршап қаласың. Сосын асабалардың да жөнсіз кететіні бар, анекдот айтып, көп мылжыңдап кетеді. Жаттап алғандарын айтып, сарнайтындары да бар. Бұл шеберлік емес. Не көрсек, соны жасайтын жаман әдеміз бар. Мысалы, тойда келін жарты денесі ашық көйлекпен тұрады. Бетінде бір жапырақ фата, оған неменеге беташар жасайды? Онсыз да оның жарты денесі ашық қой. Бетін ашқаннан кейін қарасаң, қайынатасы келіннің жалаңаш денесін ұстап билеп жүреді. Намыс қайда?!

«Күн мен түнді есепте де, әйеліңе 4,5 айда бала туғызып ал»

– Қазақта «Алтын сәндікке, күміс емдікке» деп айтады. Қазақ күмісті көп пайдаланған. Өйткені, күмістің қасиеті көп. Баланы қырқынан шығарар кезде күміс салатын себебі, біріншіден, судың күшін күшейтеді, екіншіден, залалсыздандырады. Ұлдарға да, қыздарға да күміс сала береді. Ал, суға ақша салуға болмайды. Ақша өте былғанышты нәрсе, оны қанша жуғанмен, бойында энергия қалып қояды. Сондай-ақ, баланы қырқынан шығару кезінде жаман әдет пайда болыпты. Оңтүстік жақта баланы 20 күн толғанда шығарады екен. Бұл не сұмдық десем, біз күн мен түнді есептейміз дейді.  «Жарайды, онда күн мен түнді есепте де, әйеліңе 4,5 айда бала туғызып ал» дедім. Расында ғой. Қырқынан шығарды деген жырларда да, ертегілерде де кездеседі. Ал 20 күнде қырқынан шығарды деген жоқ. Қазақ деген сұмдық данышпан халық болған. Қырық күннің қасиетін қазақ атам ерте  заманнан білді. Ал, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 42 күнді айтады. Бұл бала үшін де, ана үшін де қауіпті. Қазақ осыны қайдан білді? Неге келінді 40 күн суық суға қолын салғызбай, шаруаға салмай күтті? Келінді тұңғышынан соң қатты күтеді. Ал, бала 40 күнге дейін әлі жердің баласы емес. 40 күннің ішінде баланы сүйгізбейді, қолға алып жүргізбейді.  40 күндік баланың көзі көрінбейді, ал қырқынан қалай шығады, көзі жылтырап қалады. Не үшін қырқынан шығарады? 40 күннен соң ет пен сүйек бірігеді, ал оған  дейін ұстап көрсең баланың буын еті былқылдап жатады. Адам қайтыс болғанда қырқын береді. Онда ет пен сүйек ажырайды. Біз соның құрметіне береміз. Мысалы, арабтарда жетісін беру, қырқын беру, жылын беру деген жоқ. Бұл тек түркі халықтарында бар. Қайтқан адамның рухы жеті күнге дейін үйінің айналасында жүреді екен. Жетісін бергесін барып, көңілі толып кетеді екен. Ал, қырық күнде ет пен сүйек ажырайды. Жылында сүйек тазарады, біз құдайыны соған береміз.

Біздің кез келген ырым-тыйым, салт-дәстүрімізде үлкен мән-мағына жатыр. Біз осыдан айырылып қалдық. «Олай етпе» десе, «неге?» дейді. «Жаман боладыдан» ары қарай ештеңе айтпайды.  Мысалы, бүйір таянуға болмайды. Жақын адамы қайтыс болған кезде іші өртеніп, солқылдап жылайды. Сол кезде ішкі құрылысқа, мәселен, бауырға зақым келуі мүмкін. Сондай сәтте белін буып тастайды, бармақты екі бүйірге салып жіберіп, таянып жылайды. «Бүйіріңді таянба, өлім тілеп отырсың» деген сол. «Табалдырықты баспа» дейді. Неге? Ұл баланың жолдасын табалдырыққа «шаңырағына берік болсын, табалдырығын мықты ұстасын» деген ырыммен  көмеді. Ал, қыз баланың жолдасын отқа көмеді. Себебі, қыз бала ертеңгі күні тұрмыс құрады, оттың иесі, отбасының берекесі болуы керек. Сол себепті отқа түкірмейді, оттың басын аяқпен баспайды. Ұл баланың кіндігін алты қырды асырып көміп тастайды немесе сақтайды. Бала тумаған әйелдер ырым етіп алады.

Сұрақ: Былтыр Шымкентке барғаныңызда салт-дәстүр туралы сабақтарымды интернет арқылы таратам дегендей айтып едіңіз. Сол ойыңыз іске асып жатыр ма?

Зейнеп Ахметова: Мен телевидениеден қанша рет уақыт сұрадым. Біреулер сөйлеген сөзі үшін ақша сұрайды екен, мен тегін айтайын дедім. Ешкім келіспеді, керісінше, сөйлегенім үшін өзімнен ақша сұрады. Мен тек өздеріңдей қаракөздерге білгенімді үйреткім келді. 35000 зейнетақы аламын, оған қайдан беремін? Солай айтсам,  маған таңқалады. Мен олардан ақша сұрамадым, тек сөйлеп берейін дедім. Сонда да керек болмады. Бірнеше арнаға өтініш айттым. Қай арнаны қарасаң да, өңкей айқай-шу, жыртың-жыртың. Соған кішкене дәстүрге насихат болсын деген едім. Сөйтсем, Ержан: «Мама, қойыңызшы, ешкімге жалынбаңыз, интернетке саламыз. Сол жерден бәрі көреді», –  деді. Менің сайт ашқым келмейді. Өйткені, онда ерігіп отырған адам аузына келген былапыт сөздерін жазады. Жасы келген адаммын, ондай сөздерді көтере алмаймын. Ержан Youtubе-қа саламыз деді. Содан жаздай Ержан құрал-жабдықтарын түгендеді. Түсіріп жүрген кезінде Айгүл Болатханқызы деген қызым «беріңізші» деп екі видеоны сұрап алған. Соны жариялаған кезінде көп адам риза болыпты.

Дайындаған Айзада Жайыққызы
«Ақ желкеннің» жас тілшісі


Қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлының өмірбаяны

 

 

Талқылау