Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мен xиджабты не үшін шештім: орамалын шешкен қыздардың xикаялары

Совет үкіметінің ықпалынан алыстап, тәуелсіздік алғаннан бері отандастарымыз дінге бет бұрып, мұсылмандық парыздарын орындай бастады. Алайда сырт елмен мәдениет алмасу барысында қоғамға басқа дін ағымдары кіріп, дінді дұрыс ұстануға қатысты пікірлер сан түрлі болуда. Діннің бір бөлігі саналатын хиджаб мәселесі де көптен бері талқыланып келеді. Біреулер хиджаб кигенді парыз деп санаса, екіншілері араб елінен енген қазақ ұлтына сай емес дүние деп жатады. Осы тұста Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі хиджабты киіп, артынша оны шешкен қыз-келіншектердің ойларын біліп көрді.

Зейнеп Ахметова хиджаб киген қазақ қызына: Сен дүниеге алдымен мұсылман болып емес, қазақ болып келдің

Айнаш Әлдибекова, журналист:

Өзім намаз оқуды 21 жасымнан бастаған болатынмын. Алайда күнделікті басыма орамал тағып жүрген емеспін, тек намаз оқитын кезде ғана орамал тағып жүрдім. Пәтерде бірге тұратын қыздар да намаз оқып, бастарына орамал тағып, хиджаб киетін еді. Менің де хиджаб кигеніме сол қыздардың ықпалы тиді десем болады. Сол қыздардың әдемі болып жүрген келбеттеріне қарап хиджаб киюге деген қызығушылығым оянды.

Осылайша күнделікті өмірде орамал тағып, хиджаб киюді бастадым 2016 жылдың Рамазан айында бастадым. Арада бір ай өтіп кетеді, мен пәтерде тұрғандықтан туыс-туғандармен көп көріспейтін едім. Өйткені уақытымның көбі жұмыс пен үйдің арасында өтеді. Сөйтіп күнделікті орамал тағып, хиджаб кигенімді туыстарым көрмеген еді. Пәтер жалдап тұрған қасымдағы қыздар тұрмысқа шығып, әрқайсымыз әр жолды таңдап кеткен кезде мен ағамның үйінде тұруды ұйғарған едім. Алайда ол менің орамал тағып, хиджаб киіп жүргеніме қарсылық білдірді. Тек ол ағам емес, барлық туыстарым қарсы болды десем болады, сәті түскен сайын менің киімімді сөз қыла бастады. Сыртқа шығар кезде де, киімімді шешуді талап етіп, қысым көрсететін. Барымша тырысып хиджабты кигенім төрт айға созылды.

Туыстарымнан бөлек те әріптестерімнің, сырттағы адамдардың маған деген көзқарастары басқаша болды, мені шеттеткендей көрінді. Солай басқа жұмыс іздей бастаған кезімде менің хиджаб кигенімді көргендер үрейленіп жұмысқа алғылары келмеді. Олар көбінесе «сонда орамал тағып жұмыс істейсіз бе!?» деген сұрақтар қоятын. Осы себептердің бәрі мені хиджабты қайта шешуге мәжбүр қылды десек те болады. Әрі үлкен әжелерім де қыз бала тұрмысқа шықпай орамал тақпағаны дұрыс деп өз пікірлерін айтты. Артынша тұрмысқа шыққан соң да хиджаб киіп, орамал тағып үлгересің деп жатты. Бірақ сол төрт ай хиджаб киген кезімде өзімді жақсы сезініп жүрдім.

Хиджабты шешкен себебімнің тағы бірі –  менің сол қалпымды достарымның қабылдай алмағаны. Сыртымнан «басқа діннің ағымына, түрлі секталарға кіріп кетіпті» деген сөздер жүре бастады. Бұл жолда мені тек намаз оқитын нағашы ағам қолдады десем болады.

Осылайша мен хиджабты шешкеннен кейін, қазақилыққа бет бұрып, шашыма шолпы тағып, ұлттық нақыштағы киімдерді кие бастадым. Әзірге орамал тақпағанмен, болашақта тұрмыс құрғаннан кейін қазақ салтына сай әурет жерімді жабатын киімдер киемін деген жоспарым бар.

Тағы бір айтарым, Зейнеп Ахметова апамызбен өте тығыз қарым қатынастамын, бір жағынан туыстығымыз бар. Ол кісі бұрын соңды хиджаб кигенімді көрмегендіктен біраз ренішін білдіріп, ұрысқан болатын. Ол кісінің айтпағы қазақ қызына тән киімдерді кию еді. Қазақ қызының сипатын білдіретін киімдердің түрлерін атап және оларды қай кезеңде кию керектігін айтып берді. Оның айтуынша, бірінші дін емес, ұлт пайда болған. «Сен өмірге алдымен қазақ болып келдің, сосын барып мұсылмансың. Сондықтан қазақтығыңды ұста» деген еді. Осы сөздердің де ықпалы болған шығар. Бірақ бұрын соңды хиджаб киіп, оны қайта шешкеніме еш өкінбеймін, түптің түбінде басыма орамалымды тағамын деп ойлаймын.

Өсербаева Аида, халықаралық қатынастар маманы:

Соңғы он жыл ішінде дін туралы ізденіп, оның негіздерін оқи бастадым. Ал хиджабты киюге қатысты менде жағымды пікірден бұрын мақұлдау болып тұр. Олардың міндетке кіргендері дұрыс деп ойлаймын, әрине біздің заманда бұл қолайсыздық тудыруы мүмкін. Өйткені көпшілік хиджабтағы әйелдің, сақалды еркектің келбетін қоғам тарапынан туындаған таңу деп біледі. Сонда көптеген адамдарды таңу пікірлері қудалайды. Менің ойымша, дүние жүзіндегі әйелдердің барлығы хиджаб кисе де ештеңе болмайды. Керісінше, басты құныдылықтардың рөлі арта бастайды.

Сондықтан хиджабқа қатысты менің пікірім тек қана жағымды. Дінде де хиджабты бекерге кию керек деп айтпайтын шығар, ертеңгі күнге деген сенімділік беретін дүниенің бірі болар. Өйткені дін деген ұғым бар, демек Құдай бар. Сол себепті де, иманы бар, дінді терең ұғатын жандар оны әрдайым ұстанып, Құдайға жақындай түсудің амалдарын істейді.

Мен дінді терең зерттей бастаған кезімде небәрі 19 жаста едім. Сол кезде ата-анамның, мені қоршаған адамдардан діннің басқа ағымына түсіп кеткендей жағымсыз пікірлері мен сындарын байқай бастадым. Алайда маған өзгелердің пікірінен бұрын өзімнің жан дүниемнің тыныштығы маңыздырақ болды. Дінде айтылғандай әурет жеріңді жабу үшін киген хиджаб әр әйелге болашағына деген сенімділік береді, сол кезде ғана әйел Құдайдың қолдауын сезеді. Сол кезде ғана өзіңді жарқын болашақ күтіп тұрғанына сенім бола аласың.

Менің хиджаб киюіме қарсылық білдіргендердің қатарында ең алдымен анам мен әпкем болды. Тіпті олардың тарапынан бопсалау көрдім, үйден шыққанға тиім салды.

Енді хиджабты шешкеніме келер болсақ, жан-жақтан қысым көргеннен кейін ішкі психологиялық дүнием өзгеріске ұшыраған шығар. Өйткені соншалықты өзіме деген жағымсыз қарым-қатынасқа дайын емес едім. Осылайша хиджаб киюді біраз уақытқа шегеріп қойдым деуге болады. Қаншалықты дұрыс болмаса да осылай істеуге мәжбүр болдым.

Екіншіден, маған мені қоршаған адамдардың пікірі маңыздырақ болған шығар, олардың пікірі маған тез әсер етеді. Сондықтан мен көптеген кітаптар оқып, өзімнің бойымдағы сол қасиеттен толықтай арылмай маңызды шешім қабылдамауға бел будым. Сырт елдің пікірінен бұрын өзімнің ішкі жан дүниемді тыңдауды үйренуім керек. Болашақта міндетті түрде хиджабты қайта киемін, бірақ барлық жағдайды саралап, өзіме толық сенімді болған кезде бірақ.

Осының барлығын ең алдымен Алла үшін істеп жатырмыз. Ораза ұстау, намаз оқу, хиджаб киюдің бәрі Алланың разылығы үшін.

Назира Мирасбекова, алматылық қыз:

Мен хиджабты күнделікті өмірде кимеймін, бірақ бұрын соңды намаз оқып бастаған кездері хиджаб киюге деген қызығушылықтарым оянған еді. Алғашқы кездері намаз оқыған кезде хиджаб киіп жүрдім. Артынша күнделікті өмірде киіп көргім келді, бірақ өзімде ол кезде толық дайын емес едім. Қоғамның пікірінен қорықтым. Күнделікті киер алдында, желіге хиджабтағы фотосуреттерімді салып көрдім, айналамдағы адамдардың пікірін біліп көрдім. Алайда маған ешкім қолдау көрсетпеді, сондықтан болар әлі күнге дейін хиджаб мәселесін артқа сырып келемін.

Жалпы бәріміз мұсылман болғандықтан түбі осы хиджабты киюге келеміз деп ойлаймын. Сол үшін әр хиджаб киген қыз өзін қоғамда еркін сезіну үшін дұрыс діни насихаттардың көп болғаны дұрыс шығар деп ойлаймын.

Қоғамның пікірі маңызды емес дегеннің өзінде хиджаб киген қыздар белгілі ыңғайсыздықты сезінеді. Сол себепті мен де хиджабты намаз оқымаған кезде, күнделікті киюге дайын емеспін. Бірақ болашақта киемін деп ойлаймын.

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау