Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Зайсанда Абай Құнанбаев ескерткіші қойылды

«Абай әлемі» сөзжұмбақ кітабының тұсауы кесілді, деп жазды «Егемен Қазақстан» газеті кешегі санында.

20160108092807
Хакім Абайдың ұрпақтары Зайсанды мекендеп, осында оқып, білім алып, тұрып жатыр. Абайдың шөбересі Гүлзипа Исрайылова 90-ға тақаған кезде бұдан бір жылдай бұрын арамыздан пәниге аттанып кетті. Ол кісінің ұрпақтары осында тұрады. Абайдың 170 жылдық мерейтойы қарсаңында шырайлы шығыстың бірнеше ауданында ақынға құрмет көрсетіліп, кеудемүсіндер қойылды.

Ұлы ақынға арналған сондай ескерткіштің салтанатты ашылуы Зайсандағы Абай саябағында өтті.
Саз аспаптарымен сүйе¬мелдеген Абайдың терең ойлы әндері жүректі жаулап алады. «Айттым сәлем қаламқас» әнінен кейін «Желсіз түнде жарық ай» шырқалды. Көңілді әуеннен кейін салтанатты жиынды жүргізушілер сөз кезегін аудан әкімі Алмас Оңдақановқа берді.

“Біз хакім Абайды пір тұтамыз, Абай біздің ұранымыз. Хакім Абайдың өлеңдерін жаттап, көкейге сақтап өскен жас ұрпақтың рухани жан дүниесі де бай болмақ. Былтыр еліміздің түкпір-түкпірінде Абайдың 170 жылдық мерейтойына орай, ұлы ақынның кіндік қаны тамған Қарауылда, Астанада, облыстарда мәдени шаралар өтті. Халқымыздың данышпан, ойшыл ақыны Абайдың ұрпақтары Зайсанда да бар еді. Ендеше, «ештен – кеш жақсы» дегендей, ұлы ақынға арналған ескерткіш Зайсанда да бой көтерді”, – деді аудан әкімі.

Ауданның құрметті азаматтары, ауыл ақсақалдары ескерткіштің жабуын ашқан кезде Абайдың мүсіні жарқ ете қалды. Ол өзінің осындағы ұрпақтарымен жүздескендей жан шуағын шаша қарайды. Айтар жоқ, ескерткіш сәтті шыққан екен.

Бұдан кейін Абай ескерткішінің ашылуы тамаша бір дәстүрмен сабақтасты. Зайсанда ауданның құрметті азаматы, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, жиырмаға тарта кітаптың авторы Қалибек Алтыбаев деген қадірлі ақсақал бар. Ауданның тарихы, өсіп-өркендеуі, жүзден жүйрік озаттары жайлы шығармаларын былай қойғанда, Қалекең ұлы Абайды ширек ғасыр бойы зерттеп келеді. Қаламгердің «Абайдың алып айдынынан», Абай, Шәкәрім, Мұхтар туралы «Үш кемелдің шалқарынан», «Абайды оқы, ойлан, тап» деген кітаптарын оқырмандар жылы қабылдады.

Ұлы Абайдың шөбересі Гүлзипа Исрайылованың «Ризамын, асылдың сынығы боп өткеніме» атты кітабына материалдар жинасып, жарыққа шығаруына көмек берді. Енді, міне, 290 беттік «Абай әлемі» кітабын оқырмандарына ұсынып отыр.

Кітаптың тұсаукесер рәсімінде аудан әкімі Қалибек Алтыбаевқа ұзақ жылғы қызметі үшін тұрғындар атынан алғысын айтып, иығына ата салтымызбен шапан жапты.

«Ауданның абыз ақсақалы, жазушы, журналист Қалибек Алтыбаев Абайды ширек ғасыр зерттеп келе жатқанын, Абай ұрпақтарымен тығыз қарым-қатынаста болғанын, бұл кітаптың хакім ақын туралы бесінші жинақ екенін айтып, кітаптың шығуына демеушілік жасаған аудан әкімі А.Оңдақановқа алғысын жеткізді. Әттең, әзірше құнды кітаптың небәрі 100 данамен жарық көруі жанға батады. Бәлкім, Абай рухына тағзым етушілер, кітапқа демеуші болатындар табылып та қалар», – деп жазады мақала авторы.

Талқылау