Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Заттыбек әріптестерін Моңғолия қазақтарына көмектесуге шақырды

Әнші Заттыбек Көпбосынов әріптестері мен барша қазақстандықтарды Моңғолиядағы этникалық қазақтарға көмектесуге шақырды. Бірнеше күн бұрын аталған аймақта сел жүріп, 700-ден астам адам баспанасыз қалған болатын.

1

Фото: instagram.com/zattybek/

Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Моңғолиядағы Қобда өзеніндегі су деңгейі көтеріліп, 100-ден астам үйді ағызып әкеткен болатын. Куәгерлер табиғи апат салдарынан төрт жасар бүлдіршін мен ересек адамның көз жұмғанын айтқан. Мұнымен қатар, 700-ден астам адам баспанасыз қалған. Олардың барлығы дерлік этникалық қазақтар.

Қайғылы хабарды естіген жұлдыз қауымы да оларға көмек көрсетуге тырысқан-ды. Алғашқылардың бірі әнші Заттыбек Көпбосынов болды.

“Әр қазақ менің жалғызым” деген сөз елдің қамына бей-жай қарамайтын кез-келген азаматтың ұраны. Бұл сөзді тұғырына айналдырған жандар елімізде баршылық. Басы ауырып балтыры сыздаған әр қазаққа қол ұшын беретіндер менің айналамда көп, шүкір. Дос-бауырларымның көптеген игі ісінің куәсі де болып жүрмін. Бұрындары жау шапқанда атқа міне алатындардың барлығы егеулі найзасын қолға алып елді қорғау, қазақты сақтау міндетін атқарғанын тарихтан білеміз.

Бабаларымыз жұмылған жұдырықтай болып, біріге, бірлесе істеген істерінің ешқайсысы да жеміссіз болмаған. Мұны айтып отырған себебім, бейбіт заманда да бірігіп, әр қазақты сақтау аманатын арқалайтын күн де туады екен. Сол сәт келген сияқты.

Кеше ғана Моңғолиядағы су тасқынынан зардап шеккен қандастардың жағдайынан барлығыңыз хабардарсыздар деп ойлаймын. Тәуелсіз Қазақстанның азаматтары шамасы келгенше қол ұшын беріп, қандастардың алдындағы бауырлық міндетті атқарып жатыр екен.

Биліктегілер де бұл жағдайға алаңдап, амандықтарын сұрауға бел байлапты. Тиісті деңгейде көмек те көрсетіледі деп жатыр. Менің де осы игі істерден құр қалғым келмейді. Су басқан ауылдағы қандастарға отбасымның атынан қаржы аударамын деп шештім.

Бәлкім сол қаржының себебімен сондағы бір қазағымыздың отбасы киімін, бір қазағымыз азық-түлігін алса, енді бірі бұзылған көлігін ауыстырар. Мұны мақтану үшін емес, өз тыңдармандарыма ой салу үшін жазып отырмын! Бабаларымыз “Бармақ бірікпей, ине ілікпейді” демей ме?! Алла қиындыққа түскен қандастырымызға жеңілдігін берсін!” – дейді Заттыбек Көпбосынов.

Әншінің бұл “бастамасын” желі қолданушылары да қолдады. Ал әріптестері жоғарыдағы жазбасын бөлісуге асықты.


Жіберіп алмаңыз:

Тұрсынов: Қайрат Нұртас пен Заттыбектің әнін зал толы маймылдар тыңдайды

Жұрт Заттыбектің сарайдай үйін көріп таң қалды (видео)

Әнші Заттыбек Көпбосынов химия пәнінен сабақ беріп жүр

Қазақстандық әншілердің тойдағы мөлшерлемесі қанша

Талқылау