Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Зарина Дияс Майами турнирінің екінші айналымына шықты

Қазақстандық теннисші Зарина Дияс Майами қаласында (АҚШ) өтіп жатқан ірі халықаралық турнирдің екінші айналымына шықты.

1

Vesti.kz сайтының хабарлауынша, Зарина бірінші айналымда Беларусь теннисшісі Ольга Говорцованы 6:0, 6:1 есебімен ойсырата ұтты. 22 жастағы Зарина Дияс әлемдік рейтингте 97-інші орында болса, 27 жастағы Ольга Говорцова 84-інші сатыда келеді.

Екінші айналымда Зарина осы турнирдің 31-інші ракеткасы, Аустралия намысын қорғап жүрген бұрынғы ресейлік Дарья Гавриловамен кездеседі. Егер оны ұтса, әлемнің бірінші ракеткасы, америкалық Серена Уильямспен кортқа шығуы әбден ықтимал.

Осы турнирде Қазақстанның бірінші ракеткасы Юлия Путинцева, өкінішке қарай, алғашқы айналымда америкалық Николь Гиббзден 4:6, 2:6 есебімен ұтылып қалды. Осының алдында Индиан-Уэллс турнирінің үшінші айналымында Николь Гиббз тағы бір қазақстандық Ярослава Шведованы сүріндірген болатын.

2

Майамиде сондай-ақ Галина Воскобоева бірінші айналымда франциялық белгілі теннисші Ализе Корнемен күш сынасады. Ал Ярослава Шведова іріктеу сайыстарынан өте алмады.

Екі аптаға созылатын Майами турнирінің жүлде қоры 6,1 млн. астам АҚШ долларын құрайды.

Еске сала кетсек, осы уақытқа дейін Зарина Диястың Қытайдағы халықаралық турнирді жеңіспен бастағаны туралы жазған болатынбыз.

Талқылау