Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Энергетика министрі Қашағанға көз тиіп кетпес үшін екі рет түкіріп қоюды өтінді

Қашаған мұнайының қызығын қазанда көреміз мақтанған Қанат Бозымбаев көз тиіп кетпес үшін, екі рет түкіріп қоюды өтінді. Ал, Кәрім Мәсімов ала жаздай еңбегін шегіртке жеп кеткен диқандардан қатты ұялып жүр екен. Премьер Ауыл шаруашылы министріне егін алқаптарындағы зиянкестермен уақытылы күреспеген шенеуніктерді қатаң жазалауға пәрмен берді. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлайды.

659263e7-085d-495a-8d13-4aed64d95f9a

Сурет today.kz

Сондай-ақ, Үкіметтің бүгінгі жиынында жеке үй салуға арналған жер еліміздің барлық аймақтарында тегін таратылатыны айтылды. Бұған дейін баспана салып алу үшін 10 сотық жер санаулы өңірлерде ғана беріледі деп келген Ұлттық экономика министрі райынан қайтыпты. Қуандық Бишімбаев тегін таратылатын учаскелерге арнап қосымша миллиондаған гектар жер және жол, ауыз су мен жарық тартуға қазынадан миллиардтаған теңге бөлінетінін айтты.

“Әр азаматтың жеке тұрғын үй салуына қосымша 3 жарым миллион шаршы метр жер бөлінді. Және аймақтардағы инфрастурктураны дамытуға 23 миллиард 900 миллион теңге қарастырылды. 2017-2018 жылдары қаржыландыр көлемі тағы артады”, – деді министр.

Бірақ, 10 сотық жерді үлестірудің бірнеше жылға созыларын шенеуік мойындап отыр. Ал, қарамағындағыларды тегіс жинап, отырыс өткізген премьер оңтүстіктегі диқандардан қатты ұялып жүр екен. Кәрім Мәсімов Ауыл шаруашылығы министріне егін алқаптарын шегірткеге жем қылған шенеуніктерді шұғыл жазалауға пәрмен берді.

“Мәселені шұғыл шешу керек. Ұят екен әйтпесе. Екіншіден, екінші мұндай жағдай қайталанбас үшін кінәлілерді жазаға тарту керек”, – деді премьер.

Әсіресе, атқамінерлердің жауапсыздығынан Сарыағаш, Шардара мен Арыс аудандарының шаруалары шығынға батқан. Себебі мыңдаған гектарға егілген қауын-қарбыз пен жеміс жидекті шегіртке жайпап тастады. Ал, әкімдер қолда бар миллиондарды ұқсата алмай отыр. Оның үстіне биыл зиянкестерге қарсы дәрі 1 айға кеш себіліпті.

“Арнайы комиссия құрып, қызметтік зерттеу жүргіздік. Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы жауапты басшылар қызметтен босатылды. Жалпы, мемлекеттік тендер уақытылы өткізілмегендіктен егін алқаптарын шегіртке басып қалды”, – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов.

Мырзахметовке қарағанда Қанат Бозымбаев бақытты. Энергетика министрі Қашағанның құрылысын қазанда аяқтайтынын айтып мақтанды да, көз тимес үшін екі рет түкіріп қоюды өтінді.

Басталмай жатып талай рет тоқтап қалған Қашағанды премьердің өзі Атырау облысына барып, жеке тексермек. Егер Қашаған жұмысын бастаса, еліміздегі мұнай өңдеу 70 миллион тоннаға дейін артады деп жоспарланып отыр.

Ал, Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы тосын мәлімдеме жасады. Данияр Ақышевтың айтуынша, Біріңғай зейнетақы қорынан бөлінген 85 миллиард теңгені ұлттық компаниялар керек қылмай, қайтарып беріпті. Сондықтан бас банкир жұрттың жиған қаржысын өңдеуші өнеркәсіпке салуды ұсынды. Өйткені, зейнетақы қорындағы ақшаға банктер де қызығушылық танытпай отыр екен.

Талқылау