Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

«ЭКСПО-2017» көрмесіне кететін шығын 78 миллиард теңгеге қысқартылды

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесінің дайындық мәселелері жөнінде кеңес өткізді деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

 17-17-17

Отырыстың ашылу сөзін сөйлеген  Президент  көрме  экономикамызға,жаңа технологияларды игеруге серпін беретін ұлттық жобаға айналғанын айтты.Сондай-ақ көрме нысандарының құрылысы кестеге сәйкес жүріп жатқанын атап өтті.

Қазақстан президенті шығыстарды оңтайландыру мақсатында барлық әрлеу жұмыстарын отандық өнімдерді барынша пайдалана отырып жүргізу қажеттігіне назар аударды. Бұл мәселе айрықша бақылауға қойылды.

“Барлық жерде, шетелдерге сапар кезінде, елдердің лидерлерімен, ірі компаниялардың басшыларымен кездесулерде мен «ЭКСПО-2017» туралы айттым. Олардың бәрі алдағы көрмеге зор қызығушылық танытып, қатысуға дайын екендерін мәлімдеді. Осыны пайдалана білген жөн”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев көрменің дайындығы мен өткізу жұмыстары кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етудің де мән-маңызына тоқталды.

Қазақстан президенті үкіметке барлық мәселені тиісті деңгейде үйлестіруді және жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы үнемі баяндап отыруды тапсырды.

“Әлемде дағдарыстық ахуал байқалып отыр, ол біздің елге де әсер етуде. Соған қарамастан, Қазақстан халықаралық көрмеге дайындықты, индустриялық саясат аясында жаңа нысандар салуды, жаңа жұмыс орындарын ашуды жалғастыруда. Бұл біздің экономиканың қарқыны мен мүмкіндіктерін көрсетеді”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ахметжан Есімов кейбір сәулет-құрылыс жобаларын қайта қарау есебінен шығыстар көлемі 78 миллиард теңгеге азаятынын, бұл ретте жалпы сәулет келбеті мен нысандардың функционалдылығы сақталатынын атап өтті.

“Бюджет қаражатын мақсатқа сай пайдалану тиімділігіне айрықша назар аударылды. Қазақстандық қамту үлесін ұлғайту мен отандық кәсіпкерлерді тарту да үнемдеу шараларының бірі болып саналады. 10 өңірмен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, нәтижесінде 20 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтыған 220 отандық кәсіпорын құрылысқа тартылды. 30 миллиард теңгенің өнімі жеткізілді”, – деді «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы.

Сонымен қатар ұлттық компания басшысы көрме имиджін ілгерілету және оны тақырыптық жағынан толықтыру жұмыстарының барысы туралы да баяндады. Есімовтің атап өткеніндей, бүгінде 53 ел және 11 халықаралық ұйым көрмеге қатысатынын растаған.

 

 

Талқылау