Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Эксперимент: Жыныстық тәрбие жасына жетпей жүкті болуды азайта ма?

БҰҰ-ның халық саласындағы қоры (ЮНФПА) дерегінше, 2015-2016 жылдары 15-19 жас аралығындағы қыздардың арасында бала туу коэффиценті әр 1000 қызға шаққанда 36-дан келген. Сауалнамаға қатысқан қыздардың 62 пайызы жүктіліктен жасанды түсік жасатумен құтылған.

ЮНФПА бұл проблеманы оқу орындарының білім бағдарламасына адамгершілік-жыныстық тәрбие (жыныстық білім) сабақтарын енгізу арқылы шешуді ұсынады, деп хабарлайды Азаттық.

Әселдің (бойжеткеннің өтініші бойынша есімі өзгертілді) сөзінше, алғашқы төсектес жігіті танысы әрі университетте бірге оқыған курстасы болған.

“Секс өзара келісіммен болды, өйткені екеуміз де қаладық. Сондықтан әлгі жігітпен арамызда ешқандай романтика да, онымен жүрейін деген жоспарым да болған жоқ”, – дейді Әсел.

Алғашқы жақындасу кезінде олар жүктіліктен сақтанбаған, бойжеткен жігіттің бұл жағынан тәжірибесі бар деп сенген. Бірақ Әсел жүкті болып қалудан қатты қорыққан, сондықтан маңайдағы дәріханадан сол күні сатып алған жүктілікке қарсы дәріні ішкен. Бойжеткен сақтанбай төсектес болудың қауіпті екенін сериалдардан, кинодан біледі, бірақ жыныстық аурулар жайлы ойламаған. Әсел секс туралы әке-шешесінен сұрамаған, өйткені олар секс үйлену тойынан кейін ғана болуы тиіс деп санап, қызымен бұл тақырыпты талқылағысы келмеген. Ол кезде Әсел 19 жаста болған.

Көрнекі сурет

Қазақстанда шамамен әр алтыншы жас жігіт пен қыз 15 жасқа толмай жыныстық қатынасқа түскен, сауалнамаға қатысқан 15 пен 19 аралығындағы жасөспірімдердің жартысына жуығы мұнымен “тұрақты түрде” айналысамын деп жауап берген. Бұл деректер Біріккен ұлттар ұйымының (БҰҰ) халық саласындағы қоры (ЮНФПА) қолдауымен Қазақстанда жүргізілген зерттеу нәтижесінде жарияланды.

Кейінгі жылдары 15-19 жас аралығындағы жасөспірім қыздар арасында бала туғандар саны көбейіп келеді. Ресми статистикаға қарағанда, егер 2010-2011 жылдары бала босану коэффиценті әр 1000 бойжеткенге шаққанда 30 баладан келсе, 2015-2016 жылдары бұл көрсеткіш 36-ға жеткен. Бұған қоса, жүкті болып қалған қыздардың 62 пайызы түсік жасатқан. 2016 жылы ресми органдар 15-18 жас аралығындағы қыздар арасында 1400 түсік тіркеген. 2015 жылмен салыстырғанда, бұл көрсеткіш 1,3 есе көбейген.

ЮНФПА-ның Қазақстандағы өкілі Райымбек Сисемәлиев проблеманы жастардың жыныстық сауатын ашу арқылы шешуге болады деп санайды, әйтпесе жыныстық сауатсыздық қызды ауыр зардаптарға соқтыруы мүмкін екенін Әселдің тәжірибесі көрсетеді.

“Бүкіл проблеманың түп тамыры жасөспірімдердің сақтану шаралары мен оларды елемеудің неге апаратынын жеткілікті білмеуінде, жыныстық қатынасқа қалай болса солай қарауында жатыр. Осының кесірінен жасөспірім қыздар арасындағы бала туу әлі көп”, – дейді Райымбек Сисемәлиев.

ЮНФПА эксперименті “адамгершілік-жыныстық білім беру” жасөспірімдердің секске деген қызығушылығын күшейтпейтінін дәлелдеген. Райымбек Сисемәлиев бұл тұжырымның дәлелі ретінде жастарға адамгершілік-жыныстық сабақ оқытудың тиімділігін анықтау мақсатында Шығыс Қазақстан облысында ЮНФПА жүргізген зерттеу нәтижелерін көрсетті. Пилоттық жобаға Өскемен қаласындағы үш колледж бен Семейдің үш колледжінің 1-курсында оқитын 1166 студент қатысқан.

Жұмыс тобы оқытушыларға арналған әдістемелік құрал әзірлеген, сабақ эксперименттік топтарда жүргізілген. Ал эксперименттік топтың нәтижелерін салыстыру үшін бақылау топтарының кейбіріне ондай сабақ өткізілмеген. 2013 жылғы қарашада – эксперимент басталғанға дейін алғашқы сауалнама жүргізіліп, 1166 респонденттің 14 пайызында жыныстық қатынас тәжірибесі бар екені анықталған. Бұған қоса, 50 пайыздан көбі ВИЧ және өзге инфекциялар жұқтырып алудан қорықпаймыз деп жауап берген.

Райымбек Сисемәлиевтің сөзінше, бұл – жастардың жыныс жолдары арқылы жұғатын инфекциялар, қажетсіз жүктілік және түсік жасатудың қаупі сияқты жыныстық қатынасқа байланысты қатерлер туралы білмеуінің кесірі. Бұған қоса, респонденттердің көбі түсік жасатудың қауіпті зардаптары туралы “білмеймін” депжауап берген. Адамгершілік-жыныстық тәрбие курсынан өткеннен кейін колледж студенттерінің ВИЧ және жыныс жолдары арқылы жұғатын өзге инфекциялар туралы, презерватив қолданудың маңызы, жасанды түсіктер және өзге мәселелер жайлы білімі айтарлықтай тереңдеген.

– Адамгершілік-жыныстық тәрбие жайлы айта бастасаң болды, ересектер жастарды жыныстық қатынасқа ерте итермелейсіңдер деп шыға келеді. Біздің эксперимент бұл пікірді мүлде жоққа шығарды, өйткені жыныстық тәрбие сабағы өткізілген топқа қарағанда, ондай сабақ өткізілмеген топта жыныстық қатынасқа түсіп үлгергендер көбірек болып шықты. Мен үшін ең маңыздысы осы – біз жастардың сауатын ашу арқылы жыныстық қатынасқа түсуге асықпау керек деп түсіндіреміз. Бұл жыныс жолдары арқылы инфекция жұқтыру, қажетсіз жүктілік, жасанды түсік жасату, жасына жетпей бала туу сияқты көптеген қатерлерге ұласатынын айтамыз. Оларға асықпаңдар, бәрі өз уақытында болады дейміз, – дейді Сисемәлиев.

ЮНФПА зерттеу нәтижелеріне сүйеніп мектеп, коллеждер бағдарламасына жыныстық тәрбие курсын немесе пәнін енгізуді талай рет ұсынған. ЮНФПА өкілдерінің айтуынша, билік мұндай идеяға үзілді-кесілді қарсы болмағанымен, жастардың адамгершілік-жыныстық тәрбиесі жобаларын іске қосуға көмектеспейді.

“Біз білім және ғылым министрлігіне барып вице-министрлер, бастауыш және орта білім департаменті директорымен кездесіп, сөйлескенбіз. Оларұсынымыздан тікелей бас тартқан жоқ, бірақ бұл бағытта әзірше ешқандай жұмыс жүргізілмейді. Жаңа пән енгізу үшін бағдарламаға сағат қоспайтыны түсінікті. Бірақ біз қазіргі оқу пәндерін қайта қарап, баланың жасы мен жыныстық жетілу ерекшеліктерін ескеру арқылы және халықаралық тәжірибені, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ЮНЕСКО-ның ұсыныс-кеңестерін пайдалана отырып бағдарламаға адамгершілік-жыныстық тәрбие сабақтарын енгізуге техникалық қолдау көрсетуге әзірміз”, – дейді ЮНФПА өкілдері.

Ажар Рахимова — қазақ мектебіндегі 6-сынып жетекшісі әрі мектепте 32 жыл сабақ берген тәжірибелі ұстаз. Ол Қазақстанда жасөспірімдер арасындағы түсіктер мен жүктілік статистикасымен танысқаннан кейін мектеп бағдарламасына жыныстық сауат ашу пәнін енгізу қажеттілігі туралы пікірі өзгергенін айтып берді.

“Менен егер 20 жыл бұрын сұраса, бізге мұндай пәннің керегі жоқ дер едім. Бірақ қазір… бізге оқушы қыздар арасында жүктілік көбейіп бара жатқанын айтты, Алматы облысының өзінде ғана 300 жүкті қыз бар деп естідім. Сондықтан мұндай сабақ енгізу қажет деп санаймын! Бала мұны білуі тиіс. Бірақ сабақты қыздар мен ұлдарды бөліп өткізу керек сияқты”, – дейді Ажар Рахимова.

Қарсы пікірлер де бар. Екі баланың (ұлы – 13, қызы 6 жаста) анасы Наталья Шабелина балаларының «ондай» сабақ оқығанын қаламайды. Ол секс пен оның зардаптары туралы оқушыларға мектепте емес, үйдегі әке-шешесі айтып беруі тиіс, өйткені мұндай тақырыптағы сабақтарды оңашада өткізу керек. Сондықтан оның пікірінше, мектеп бағдарламасы аясында өткізілетін сабақтардан пайда болмайды, тіпті баланың секске деген қажетсіз қызығушылығын тудырып, ненің жақсы, ненің жаман екенін дұрыс айыра білмеуіне соқтыруы мүмкін. Бірақ Наталья ата-аналар үшін семинар өткізуді ұсынады.

“Мен ондай ақпаратты өз баласына дербес жеткізуге әр ата-ана жауапты болуы тиіс деп санаймын. Бірақ бір жағынан, көп ата-ана оны қалай жеткізуді білмейді. Сондықтан мен әлгі сабақтарды ата-аналарға өткізген жөн деп санаймын. Сол кезде ата-ана баласымен бұл тақырыпта қалай, қандай формада сөйлесу керектігін біліп, осы мәселе жағынан жалпы түсінігі болады. Алған ақпараттың қайсысын баласымен талқылау керектігін, ал қайсысын баланың жеке ерекшеліктері мен отбасындағы жағдайды ескере отырып қоя тұру керектігін ата-ана ғана шеше алады”, – дейді Шабелина.

Сексолог әрі психолог Лариса Мирошниченко – жеті жылдан бері жыныстық қатынастар мәселесімен айналысып жүрген маман. Ол ата-аналардың да, балаларды да сауатын жетілдіру керек деп санайды. Оның пікірінше, секс тақырыбын талқылаудан мүлде қашқақтау арқылы ата-аналар баласына кесірін тигізеді.

“Олардың әлгіндей қылығының кесірінен баланың бұл құпия дүние екен ғой деген ойы күшейеді, ал бұл балалардың бұл тақырыпқа айрықша мән беруіне ұласады. БАҚ, интернет, телевизияда секс жаппай насихатталып жатқан тұста балалардың жыныстық қатынасты бастайтын жасы біртіндеп төмендеп барады, ал бала болғандықтан, олар зардаптарына жауап беруге психикалық тұрғыдан дәрменсіз келеді ғой”, – дейді ол.

Лариса Мирошниченко студенттер емханасындағы жастар орталығында жұмыс істеген үш жылда жоғарғы сынып оқушылары мен студенттердің секстен басқаны “ойламайтынын”, процесс пен оның зардаптарын зерттеудің орнына, төсектес болуға қалай көндіруді, өзінің “секске жарамды” екенін көрсету жағын көбірек ойлайтынын байқаған.

“Бұл жастардың жыныстық қатынас, жыныс жолдары арқылы жұғатын инфекциялар мен қажетсіз жүктіліктен сақтану амалдары туралы ақпаратты қабылдауына тосқауыл болады. Жасөспірімдерге жыныстық ақпаратты әрине беру керек, бірақ психикалық және жас ерекшеліктерін, ақпаратты қабылдауға әзірлігін ескеру керек. Бұл әсіресе 13-14 жастағы жасөспірімдерге қатысты шарт”, – дейді психолог.

Оның сөзінше, жасөспірімдерге жыныстық қатынастың физиологиялық және міндетті түрде моральдық-этикалық қырларын түсіндіретін сабақтар немесе лекциялар өткізу қажет.

“Меніңше, бұл тақырыптағы сабақтарды ұлдар мен қыздарды бөліп оқыту қажет. Жасөспірімдер мәселенің моральдық-этикалық қырларын дұрыс қабылдау үшін ұлдарға сабақты ер адам жүргізсе, тіпті тамаша болар еді. Өйткені қауіпсіз секс мәселесін этикалық тұрғыда түсіндіргенде ғана нәтиже болады ғой. Ал қорқыту (жүкті болып немесе ауру жұқтырып алмас үшін сақтану керек) арқылы түсіндіру идеясын балалар нашар қабылдайтынын практика көрсетіп отыр, – дейді Лариса Мирошниченко.

Сексолог маман жасөспірімдердің жыныстық қатынасқа тым ерте түсу себептерін атап берді. Бойжеткендерді бұған өзін кем санауы, қорғансыз сезінуі, әйел ер адамға қызмет етуі тиіс деген әлеуметтік пікірдің ықпалы, отбасынан таппаған эмоциялық қолдау іздеу себептері итермелеуі мүмкін.

Лариса Мирошниченконың сөзінше, ұлдар үшін секс құрдастарының ортасында беделге ие болудың, “жігіттік” стандарттарына сай екенін көрсетудің тәсілі болуы мүмкін, бұған қоса, физиологиялық қажеттілік те әсер етеді.

“Ұлына бұл мәселені дұрыс түсіндіріп, бұл жағынан өнеге бола алатын, әкелер бізде өте аз. Ұл бала секске қатысты сұрақтарын ашық талқылай алатын туыс ер адамдар болса тіпті жақсы”, – дейді сексолог.

Тағы да оқыңыз:

Мәдениет қайраткері: Тұрсынбек Қабатовтың өзі қазақтың тілін мазақтап тұрғанына парасаты жетпей ме?

Эксперимент: Күйеуім бар деп алдаған қыз балгердің өтірігін әшкере қылды (фото)

Мақпал Жүнісова “Зың-зың” әнінің авторынан кешірім сұрады

Талқылау