Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұзаққа созылатын әуе сапары қажытпас үшін не істеу керек?

Ұшақтың тар креслосында отырып ұзақ сапарда болу қай-қайсымызда болсын қажытатыны рас. Осы себепті әуе саяхатын жағымды әрі жайлы етудің ғылыми әдістерін қарастыруды жөн көрдік.

tips-for-long-haul-flights

 

Ұйқыңыз келмей ме? Буыныңыз ауыра ма? Ұсынылған тағам көңіліңізден шықпады ма? Ондағы иісті айтсаңызшы! Бірде ыстық, бірде суық. Тізеңіз креслоның арқасына тіреледі. Мұнан соң баланың шарылдаған дауысы…

Бұл жағдайлар сізге де таныс па? Көпшілігіміз ұшақта белгілі бір жайсыздыққа тап болғанымыз рас. Ал кей алыс сапардың жанға рахат сыйлай қоймасы анық.

Әрине, бұл кездейсоқтық емес. Алайда ел арасында тараған пікір бойынша заманауи ұшақ салонындағы ауа қысымы мен теңіз деңгейіндегі қысым арасында айырмашылық бар. Ол – биіктігі әдетте 1828-ден 2438 метрге дейін болатын кішігірім тау биігіндегі қысымға сәйкес. Мұндай биіктікте ауа құрамындағы оттегі мөлшері азайып, денедегі газдар кеңейеді.

Мұндай жағдай рейстің кідіруі, әуежайда тексерістен өту қажеттілігі, ұшақ бортындағы шу мен вибрация, дәмсіз тағам, температураның бірден өзгеруі, ылғалдың төмендігі, креслолардың тарлығы мен сағаттық белдеудегі айырмашылық сынды күйзеліске түсіретін себептердің салдарынан ушыға түседі.

Алайда сапарды жайлырақ ету жолдары көп. Оларды тілге тиек етіп, сіздерді қуантқымыз келеді.

Ұшу алдындағы күйзеліске жол бермеңіз

Ұлыбритания денсаулық сақтау Ұлттық жүйесінің Корольдік азат сенім қорының клиникалық психологы Роб Бордың пікірінше, күйзеліс деңгейін төмендетуге сеп болатын мұндай әдістердің бірі – ұшуға уақытылы дайындалу.

«Таңданарлық, бірақ қаншама адам ұшуға алдын-ала даярланбайды: құжаттардың дұрыстығын, төлқұжаттың бар-жоғын, ұшу уақыты мен әуежайды тексермейді», – дейді Бор.

Олар тек сапарға аттанар күні ғана іске кіріседі. Алайда, Бордың ойынша, бұл дайындалуға кеш.

«Төлқұжатыңызды сканерден өткізіп, кез-келген жағдай үшін электронды поштаңызда сақтаңыз», – деп кеңес береді ол.

Тіпті, әуежайға дейінгі жолға кетер уақытты да есептеп, көлік кептелісі, ауа-райының бұзылуы сынды кедергілерді де есепке алыңыз.

Өзіңізге жайлы орын таңдай біліңіз

Орынды ақылмен таңдай біліңіз. Бұл ретте саяхатшылар үшін бағдарламалық шешім құрастырушы TripAdvisor америкалық компанисына тиесілі SeatGuru сайты көмекке келеді.

Онда әр әуе жолындағы барлық ұшақ ішіндегі орындар сызбасы түрлі түспен белгіленіп, қандай орындардан бас тарту керектігі жайлы кеңес берілген.

Мамандардың сөзінше ұшақтағы ауырлық орталығына жақын орналасқандықтан, ұшақ қанаты маңындағы орындарда турбуленттік көп сезілмейді.

Егер алдын-ала орын таңдауды естен шығарған болсаңыз, стюардесса көмегіне жүгініңіз. Себебі барлық орын толмаған ұшақтарда бос қатардан орын алу мүмкіндігі бар.

Ауыр жүктен бас тартыңыз

Ұшақта ұшудың денеге түсетін үлкен ауырлықпен байланысты екенін түсіну керек.

Флит-Стриттегі Лондон клиникасының жол медицинасы бойынша маманданған дәрігер-терапевті Ричард Дэвудтің айтуынша шабадандар сапармен байланысты күйзеліс пен жайсыздықты ушықтырады.

Егер өзіңізбен бірге ауыр жүк алсаңыз, «бұлшықеттердің созылу қаупі мен қимыл-тірек аппаратында туындайтын қиындықтар артады. Ал олар ұшақ салонының тарлығы мен қимыл-қозғалыстың аздығы себепті ушыға түседі», – деп қосады дәрігер.

Ашығу уақыт айырмашылығына бейімделуге көмектеседі

Тағы бір кеңес: ұзақ сапар алдында тамақтан бас тартқаныңыз жөн. Ол сағаттық белдеу ауысуына үйренуге сеп болады.

Гарвард университетінің (АҚШ) ғалымдары ұшардан 16 сағат бұрын ашығу мидағы арнайы сағатты іске қосуға көмектесе алатынын айтады. Ол жолаушылардың уақыт айырмашылығына бейімделуін жеңілдетеді.

Бұл сағаттың жарық деңгейін сезініп, организмге ояну, ұйықтау, тамақтану белгілерін жіберетін, тәуліктік ырғаққа негізделген биологиялық сағаттан айырмасы бар.

Жейтін тағамыңызға мән беріңіз

Сонымен, сіз әуежайға уақытынан бұрын келіп, сағаттық белдеудің ауысуына дайындалып, тексерістен өттіңіз.

Алайда бұл қарын тойғанша тамақтанудың сәті туғанын аңғартпайды. Майлы немесе қуырылған, жылдам әзірленетін тағамдарға әуес болмағаныңыз абзал.

Сонымен қатар пияз, қырыққабат, үрме бұршақ сынды газ түзілуіне алып келетін көкөністерден аулақ болыңыз.

Іш кебудің салдарынан сапарда жайсыздық сезінгіңіз келмесе, ішімдіктер мен газдалған сусындардан бас тартыңыз.

2006 жылы Америкалық әуе жолындағы ұшақта қызықты оқиға орын алған. Жолаушылардың бірі жел шығарып, оның жағымсыз иісін білдірмеу үшін сіріңке жағуды ойға алғандықтан, ұшақ жедел қонуға мәжбүр болған-ды.

Жарылғыш заттарды табу мақсатында әкелінген иттер жанған шырпыларды тауып алғандықтан, жолаушының өз әрекетін мойындауына тура келді.

Ұшақта тамақтану да назарыңыздан тыс қалмасын

Ұзақ сапар барысында биологиялық сағатымыздың қызметі бұзылатындықтан, ұшақ бортында ауқаттанатын тамағымыздың да маңызы жоқ емес.

«Тез қорытылатын жеңіл әрі дұрыс тағамды таңдағаныңыз жөн. Бұл ретте жемістер не салат жеуіңізге болады», – деп кеңес береді Амстердам азат университеті жанындағы медицина орталығының (Нидерланды) хронобиологы Алвин ван Дронгелен.

Тамақтану уақыты да сағаттық белдеудің ауысуына бейімделуге ықпал етеді.

Сапарда макарон, нан, сұлы жармасы сынды көмірсуларға бай өнімдерді таңдауыңызға болады. Себебі олар организмге уақыт айырмашылығына үйренуге көмектесетін инсулиннің бөлінуіне себін тигізеді.

Дэвудтің сөзінше майлы тағам ұзақ уақыт тою сезімін тудырып, өз кезегінде ол ұйқыға батуға кедергі жасайды.

Ұшаққа өзіңізбен бірге пайдалы тіскебасар ала кірсеңіз не арнайы тағамға тапсырыс берсеңіз дұрыс болар.

Кей рейстерде денсаулығыңызға зақым келтіру қаупі де бар. Бұл, әсіресе, гигиена талаптары сақталмайтын елдерге қатысты.

Дэвудтің ойынша, рейстің ұзақ уақыт кідіру жағдайында ұшақтағы тағамның қауіпсіздігіне сенім артудың қажеті жоқ.

Талқылау