Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұялы телефон ұмытшақтық дертіне ұрындырады

Қалта телефонының мәңгүрттікке алып бара жатқаны жайлы баспасөз беттерінде дәлелдер мен дәйектер келтіріліп, айтылып та, жазылып та жатыр. Әсіресе, оның адам ағзасына тигізер зияны шаш етектен екен. Бірақ, оған құлақ асып, көңіл бөлген ешкім жоқ секілді.

mobil-nik_1

Қайта керісінше жас та, жасамыс та ұялы телефонсыз өмір сүре алмайтын халге жетті. Бар  тапқанына қымбат болса да оны сатып алуға әзір, деп жазады Ақмешіт аталығы газеті.

Таңертең жұмысқа келе жатқанда автобуста қаншама адамның соның бетіне шұқшия қарағанын көресіз. Шұқырға түсіп, машина қағып кетсе де сезбейді. Бар ойы телефон бетінде. Айналаға қарауға шамасы жоқ. Оның бетінен көзі тайса, барлық дүниеден құр қалатындай сезінеді.

Бірде көршімнің үйіне кірсем, дастарқан басында отырғандардың әрқайсысы соның бетіне үңіліп алған. Мені  ешқайсысы сезетін емес. Үй-іші жым-жырт, бәрі үнсіз. Үйдің егесі Сақан да қолындағыдан көзін алар емес. Жөткірінген болдым. Әлі ешкімнің басын көтеретін түрі жоқ. «Әй, Сақа, саған не болды? Балаларға еріп» деп дауысымды көтере тіл қаттым. Енді менде мұнан басқа амал қалмады. Сол кезде бәрі маған аспаннан түскен жанды көргендей аңтарыла қарады. «А…ә-ә, сіз екенсіз ғой» деген Сақан орнынан қаңғалақтай тұрды. Құдды бір ұйқыдан жаңа оянған жан сияқты. Менің көзіме оның басы айналып, мең-зең күй кешіп тұрғандай көрінді. Келген жұмысымды айтсам, ол маған «бүгін айдың нешесі» дейді. «Оу, мынау көрші асқа шақырған екен, соған кіріп шығайық» дедім. Ол қайтадан «Сонда бүгін нешінші күн» деп қарап тұр. «Әй, Сақа, саған не болған» десем, «жәй, сұраған едім ғой» деді. Міне, желіден көз алмаған үлкен адамның сөзі. Тағы да маған «Сәлемдестік пе, өзі» деп сұрап қояды. Ол әлі телефон бетіндегі сезімнен арыла алмай тұрған сияқты. Осының бәрі ұялы телефонның әсері екені белгілі. Осыдан кейін балаға не деп ұрысуға болады?
Төргі бөлмеде жатқан балаңды шақыра алмайсың қазір. Жасыратыны жоқ, шақырмақ түгілі бақырсаң да, айқайласаң да естімейді ол. Өйткені, құлағына ұялы телефоннан ән тыңдайтын құрылғыны тығып алған. Көшеде адам қағып, құрылыста құлап жатқандар сол заттың кесірінен болғандар шығар. Адамдар айқайласа да, көліктер сигнал берсе де олар естімейді. Содан барып оқыс оқиғаға тап болып жатады. Міне, біздің бүгінгі қалта телефонынан тапқан пайдамыз. Оны орнымен пайдалану деген жайына қалды. Ол болмаса жыннан айрылған бақсыдай, жамбасымызды қайта-қайта сипалап, жан-жағымызға алақтап қарай беретініміз рас. Ұялы телефон үйде ұмыт қалса, тіптен жаман. Кабинетте пайыз тауып отыра алмайсың. «Қандай жаңалық болып жатыр екен? Кім звондады екен?». Бұдан өзге ойға ешнәрсе кіріп, шықпай қалады. Мәңгүрттік деген осы болар.

Бұрын дейміз-ау, оларсыз қалай күн көргенбіз? Қазіргі жас балалардың көзі көруден, құлағы естуден қалып барады. Алақандай нәрсенің бетіне 14 сағат бойы қараудан көзі талмайтын олардың жанары қалай шаршамасын? Темір тозғанда, көздің нұры неге таймасын? Бүгінгі балалар ұмытшақтыққа ұшырауда. Ойында апай айтқан тапсырма емес, қиялында әлеуметтік желіні қарау тұрады. Бала ойын мекендеп, қиялын жаулап алған ұялы телефон бүгінгі қоғам қасіретіне айналып бара жатқандай. Тіпті, әлі ес біле қоймаған сәбилердің өзі соғанұмтылатын заман болды. Емханаға көрінуге келгенжас ана бір жарым жасар баласының қолына қалтафонын ұстатып қойған. «Қолынан алсаң жылайды» дейді ол. Міне, тәрбиенің түрі. Одан шыққан сәулені баланың тез қабылдайтынын, оның қолына ұялы телефонды ұстатуға болмайтынын дәрігер айтқанмен оны тыңдап жатқан ешкім көрінбеді. Осыдан келіп бүгінгі жас ата-аналардың өздерінің түсініктерінің аздау екенін байқайсыз.
Баяғыда енді еңбектеп жүрген бала көзіне отвертка тығып алыпты. Ол есейген соң анасынан: «Менің мына көзіме не болды» деп сұрапты. Сонда анасы: «Кішкентайыңда сол отвертканы «бер» деп жылап қоймадың. Содан соны саған беріп едім, көзіңе тығып алдың» депті. Сонда баласы: «Әй, ақжүрек анам-ай! Оны бекер берген екенсіз. Көп болса бір жылап қоя салатын едім, енді өмір бойы жылайтын болдым ғой» деген екен. Міне, баланың айтқанын істей берудің де соңы өкініш болатынын ұққан дұрыс.

Олардың «аспандағы айды әпер» дейтіні шындық. Балаларыңызға шынымен жаныңыз ашыса оның өмірде дұрыс қалыптасуына ықпал ете білгеніңіз дұрыс. Бүгінгідей жаһандану тұсында мәңгүрттіктен сақтану үшін балаларды компьютер алдына уақытпен отырғызуды қолға алу керек. Ал, қалтафонды сөйлесу үшін пайдалануға ғана әперген дұрыс. Ол балалардың келешекте денсаулығын, жадын сақтауға пайдалы болмақ. Оның орнына балаларды кітап оқуға баулыған орынды. Сонда ғана келешек ұрпағымыз ауыз әдебиетіміздің сыры мен мәнін терең түсініп, қазақи қалпымызды сақтаймыз. Осыны бүгінгі әрбір ата-ана түсінсе дейміз! Сондықтан ел боламыз десек, өмірдің бүгінгі қызығы қалтафонда деп түсінбей, ертеңімізді ойлаған дұрыс болар.

К.Байегіз

Жіберіп алмаңыз:

Әлем бойынша Қазақ елі шай ішуден ондыққа кіреді

Анасының қан қысымы қыз немесе ұл туатынын білуге көмектеседі

Ғалымдар құлақ тазалауға арналған мақталы таяқшалардан бас тартуға шақырды

Тест: Иммунитетіңіздің қандай деңгейде екенін тексеріп көріңіз

Талқылау