Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұрып құлатты: ОҚО-да құрылыс алаңын тексеруге келген полицейлер тұрғындарды соққыға жыққан

Оңтүстік Қазақстан облысында жеке меншік құрылыс алаңына құжат тексеруге келген полицейлер Қараспан ауылының тұрғындарына қоқан-лоққы көрсеткенімен қоймай, соққыға жыққан. Олар мұнымен қоймай аналарын полицейдің соққысынан құлағанын көріп, көмекке ұмтылған балаларды қамауға алған екен.

Ұрып құлатты: ОҚО-да құрылыс алаңына тексеруге келген полицейлер, тұрғындарды соққыға жыққан

Бұл туралы 31 арна хабарлады.

Ауыл тұрғыны Османжан Әкімов, жанжал көші-қон полиция қызметкерлерінің заңсыз босқындар деп, қазақ азаматтарын алып кетпек болған сәттен шыққанын айтады. Әкімовтың сөзінше, полицейлер тұрғындарға араша түскен әйелін итеріп жібергенде, ол тасқа құлап арқасын ауыр жаралаған. Соның салдарынан үш рет ауруханада жатып, емделіп шыққан екен.

«Мені екі қолымнан ұстады да, «ары тұрыңыз шешең» деп ашуланып, екпінмен ұрып құлатты. Есігіміздің алдында фонтан болатын, оның су жиналатын жері бар. Соған басыммен құладым. Тіпті, демала алмай қалдым. Ааа дедім де, сол жерде қалдым»,- дейді жәбірленуші Ләписа Әкімова.

Сол уақытта анасының құлағанын көрген Асхатжан Тохсынов пен  оның туысын Тұрсын Махмутовты да полицейлер әбден ұрып-соғып, тергеу абақтысына қамап қойыпты. Оларға қатысты қазір күш құрылымдарына қарсылық көрсетті деген баппен және алаяқтық бойынша іс қозғап жатқан көрінеді. Әбден есірген полицейлер іс қозғалғасын, қамаудағы балаларды босатқанға 800 мың теңге талап етіп, бопсалаған.

«Менен 800 мың ақша сұрады. Жағдайым жоқ деп бәрін түсіндірдім. Неше жылдан бері үй-жайым жоқ. 4 баланың анасымын дедім. Сосын сол барын әкел дегеннен кейін, қарызға алып 100 мың процентке апарып беріп. Сонымен ұсталып отыр ол»,-деді жәбірленушінің туысы Гүлбахар Әкімова.

Жәбірленуші тараптың айтуынша, бүгінде парамен ұсталған тергеушінің үстінен іс қозғалып, сот жүріп жатыр. Ал полицияға қарсылық көрсетті деп қамауға алынған Асхатжан Тохсынов пен Тұрсын Махмутовтың ісін енді сот шешеді дейді тәртіп сақшылары. Бірақ, полицейлерден таяқ жедім деген жәбірленушінің арызы тоқтатылыпты.

«Іс-әрекетте қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтамға алынған. Ал 23-ші мамырда аталған жәйт бойынша ОҚО Ордабасы аудандық ішкі істер бөліміне қызметтік тексеруді жүргізу үшін ұсыныс – жолданды»,- деді ОҚО ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының бастығы Салтанат Қаракөзова.

Қалай болғанда да, ақпанның басында болған оқиғаға күні кеше тексеру жүргізуге ұсыныс жолданғаны түсініксіз.

Талқылау