Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Универсиада үшін салынған үйлер шетінен сатылып жатыр

Бүгін премьер-министр миллиардттарды игере алмаған облыс әкімдерінінің шаңын қақты. Өйткені, қыруар қаржыны сұратып алып, кейін оны жарата алмайтын әкімдердің кесірінен ауқымды бағдарламалар тұралап қалған, деп хабарлайды КТК.

үй

Яғни, мыңдаған отбасы уақытылы баспанасына кіре алмай, көптеген ауылдар жол, жарық пен судан тарығып отыр. Қарамағындағыларына шүйліккен Сағынтаев үнемді Универсиаданы ұйымдастырушылардан үйренуге кеңес берді. Өйткені, спортшылар түнеген пәтерлер енді шетінен сатылып, жұмсалған қаражаттың бір бөлігі қайтарылып жатыр екен.

Министрлер кабинетін тегіс жинап жиын өткізген премьер бүгін ешкімді аяған жоқ. Әсіресе, облыс әкімдерінің мол ақшаны сауатты жұмсай алмауы Бақытжан Сағынтаевтың ашуын туғызып отыр. Өйткені, «Нұрлы жол» бойынша халықтың жағдайын жақсартуға деп бөлінген миллиардтар сол күйі игерілмей қалған.

“Сіздер былтыр ақша толығымен игеріледі деп сендірген едіңіздер. Енді сөздеріңізде тұрмай ақшаны ұқсата алмай отырсыздар. Шаруаны бітіре алмасаңыздар неге ақша сұрайсыздар?!” – деді ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев.

Бюджет ақшасын дұрыс игере алмағандардың көшін Ақмола облысы бастап тұр. Мұнда облыстағы елді-мекендерге жылу, жарық пен су тарту үшін бөлінген 900 миллион жұмсалмай қалған. Қостанай облысында да 350 миллион шотта бос жатыр. Соның кесірінен су мен жарыққа жарымай отырған ауылдар көп. Бұған әкімдер түрлі сылтау айтқанымен, оған премьер көне қойған жоқ.

“Ақшаны игеруде қандай қиындықтар болса да, бұл халыққа маңызды емес. Бюджеттен ақша бөлінді ме, тиісті мақсатта уақытылы жұмсау керек. Соның кесірінен жұрт жайлы өмірді армандап қана отыр”, – деді үкімет басшысы.

Яғни, әкімдердің шалалығынан мемлекеттік ауқымды бағдарламалар аяқсыз қалып отыр. Ақша уақытында жұмсалмағандықтан жол, мектеп, баспана мен аурухана, балабақшалардың құрылысы созылып кеткен. Сондықтан бюджеттің ақшасын бей-берекетсіз тарата беретін Қаржы министрі Сағынтаевтан бүгін тағы сөз естіп тынды.

“Бақыт Тұрлыханұлы, қалайша ақшаны осындай жобаларға жұмсауға болады? Ақшаны алып алады да дұрыстап жаратпайды. Сіз мемлекет басшысынан да ескерту алдыңыз ғой”, – деді премьер-министр.

Үкімет басшысы үнемдеудің не екенін құрылысына миллиардттар жұмсалған Универсиаданы мысалға келтірді. Енді 64 елдің спортшылары жайғасқан пәтерлер жаппай сатылмақ. Сөйтіп, 2 мың отбасы баспаналы болады. Әрі жарысқа жұмсалған ақшаның бір бөлігі қайтады. Ал, баспана ішіндегі жиһаз, теледидар мен тоңазытқыш сияқты тұрмыстық техника балабақша, жетімдер үйі мен ауруханаларға тегін таратылып жатыр.

Ал, қыруар қаржыны сауатты жұмсай алмаған облыстарға енді жыл соңына қарай ақша бөлінбейді. Бірақ әкімдер ақшаның шоттарда ұзақ жатып қалуын тендердің кеш өтуімен байланыстырып, ақталуға тырысты. Қағазбастылықты сылтауратқандардың сөзін премьер аса жақтыра қойған жоқ. Сондықтан қазынаның әр тиыны үшін басымен жауап беретіндерін қатал ескертті.

Талқылау