Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлыбританияның бұрынғы министрі Қазақстаннан «саяси баспана» сұрады

Қырымға бармас бұрын ұзақ ойланған жөн. Бүгін Еуразиялық медиафорумда еліміздің Сыртқы Істер министрі алғаш рет осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды КТК арнасының сайты.

Dzhek-Stro-e1461322077803

Сурет: 365info.kz 

Ерлан Ыдырысов, Ресей Украинадан анексиялап алған курортты аймақта демалудың қауіпті екенін ашық айтпаса да, оны емеурінмен білдіргендей болды.

Бұдан бөлек, әлемдегі ең азулы ұйым Еуропалық Одақтың болашағы жан жақты сөз етілді. Осы жерде сарапшылардың пікірі қақ жарылды.

Еуразиялық медиа форум бүгін де қызу пікірталасқа толы болды. Спикерлердің бірі Қазақстанның Сыртқы істер министрі. Ерлан Ыдырысовты  еуропалық саясаткерлер кәдімгідей сұрақтың астына алды. Оның бірі Ресей басып алған Қырымға қатысты. Себебі, Украина Ресей арқылы курортты аймаққа демалуға барған қазақстандық туристерді визасынан айырып  Еуропаға кіргізбейміз деп сес көрсеткен. Киевтің де, Кремльдің де, көңілін жыққысы келмеген Ыдырысов сауалға екіұшты жауап қайтарды.

“Қырымға Ресей арқылы кіруге Украинаның заңмен тыйым салып отырғаны белгілі. Оның үстіне қазақстандық туристер шағын ақпараттық шайқастың ортасында қалып отыр. Түсінбеушілік болмас үшін басқа жерде демалуға кеңес берер едім. Ал Қырымға бармас бұрын ұзақ ойланған жөн”, – деді ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов.

Мәселен, Сыртқы істер министрі отандастарына Түркияға барып демалуға кеңес берді. Анадолы жерінде тынығу аса қауіпті деп жүргендерге таңқалды. Осыдан кейін Еуропалық одақтың болашағы сөз болды. Қазір Ұлыбританияның осы ұйымнан шыққалы жатқаны белгілі.

Ағылшындар Таяу Шығыстан ағылған босқындар мен одақтастарын асыраудан әбден жалығыпты. Бірақ одақ құрамында қалуды қалайтындар да аз емес.

“Одақтан шығу дұрыс емес. Ағылшындардың жетістікке жетуіне Еуропалық одақ септігін тигізді. Енді одан шықса, сенімді достарынан айырылуы мүмкін”, – дейді Ұлыбританияның бұрынғы сыртқы істер министрі Джек Стро.

Астана төрінде отырып үкіметіне қарсы шыққан Джек Стро кейін жиналғандарды күлкіге қарқ қылды.

“Егер Дональд Трамп АҚШ президенті, ал Борис Джонсон Ұлыбританияның премьер-министр болса, министр Ыдырысовтан саяси баспана сұраймын”, – деді ол.

28 елді біріктіріп отырған Еуропалық одақтың әлемде теңдесі жоқ екенін Ерлан Ыдырысов та мойындап отыр. Тіпті, қаншалықты басынан бақ тайды десе де, оның қарқынына Еуразиялық Одақтың ілесе алмайтыны түсінікті. Оның үстіне әлемдік геосаясаты «ақпараттық соғыс» өршітіп тұр. Оның кесірі бауырлас елдерді жауластырып жатыр.

“Әлемде түрлі жағдайлар болады. Басым бөлігіне нақты жауап таба алмайсың. Сондықтан осылай бас қосып тығырықтан шығудың жолын бірігіп іздеген дұрыс, – деді  ҚР премьер-министрінің орынбасары Дариға Назарбаева.

Осылайша, 3 күнге жалғасқан Еуразиялық медиа форум өз жұмысын аяқтады. Енді пікірталас алаңында көтерілген бастамалардың шын мәнінде жүзеге асарына үміт бар. Ал қазақтың қонақжайлылығына риза болған шетелдіктер келесі жылы да Астанаға келуге ниетті.  Халықаралық көрмеге сәйкес келегендіктен 2017 жылы өтетін басқосу жаңадан тұрғызылған ЕХРО қалашығында өткізілмек.

Талқылау