Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлы Даланың ұлы анасы ұлықталды

Қазақ тарихында елдің бірлігі мен ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосқан ғазиз аналарымыз бен ерлік жолында есе бермеген қайсар қыздарымыз аз болмаған. Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданының әкімі Нұрлан Сыдықовтың ұлы Абайдың әжесіне мүсін орната отырып, қазақ аналарының рухын көтеру мақсатындағы бастамасы көрген адамның көңілін өсіріп, естіген жанның қызығушылығын арттырды.

20160823101434

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

Игілікті іс “Ұлы даланың ұлы аналары” деген атаумен ғылыми-тәжірибелік конференциямен басталып, келесі күні ұлан-асыр халықтық мерекеге жалғасты. Алыс-жақыннан келген қонақтар, белгілі ғалымдар мен өнертанушылар өздері куә болған іс-шаралардың мазмұнын жоғары бағалап, көпшілік алдында ризашылық пікірлерін паш етті.

Алқалы жиында аналар образы, оның ішінде Зере әже барынша кең сипатталды. Тоқбала есімін арқалап бойжеткен арудың келін болып түскен ортада Зере есімін иеленгенінен бастап, ұлы әжелер символына айналғанға дейінгі аралықты сөз зергерлері кеңінен қайырды. ол арғы-бергі дала институтының ілімін, тағылым мектебінің үрдісін бойына мол сіңірген арулар мұқым халық мақтан ететін, ұрпақ өнеге тұтатын ақылман ана деңгейіне көтерілді. Бұл жөнінде қазақ тарихында мысалдар жетіп-артылады. Соның бірі де, бірегейі Құнанбайдай ұл, Абайдай немере тәрбиелеген алтын құрсақты ана Зере Бектемірқызы (кейбір деректе Теңізбайқызы)!

Конференция аясында атқарылған ілкімді істің тағы бірі “Құнанбай” фильміндегі Зере әжені бейнелеген Қазақстанның мәдениет қайраткері Нұрсипат Салықова мен киноның режиссері әрі басты рөлді сомдаушы актер Досқан Жолжақсыновқа жасалған қошамет. “Еңлік Кебек” кинотеатрында “Құнанбай” фильмін тамашалаудың соңы көрермендер мен актерлер арасындағы сыр-сұхбатқа жалғасты.

Ал Жарма ауданында әкім Нұрлан Сыдықовтың ұйытқы болуымен дүниеге келген Зере әже ескерткіші ақ самай ардагерлерімізден бастап естияр жастардың барлығын ерекше сезімге бөлегендей. Ескерткіштің ашылу салтанаты кезіндегі сөзінде аудан әкімі Нұрлан Бәтташұлы осы игілікті шаруаны қолдап, атсалысқан барлық азаматтарға ризашылығын жеткізді.

Ескерткіштің ашылу құрметіне арналған салтанат Қалбатау ауылының мәдениет үйіндегі өнер кешіне жалғасты. Жарманың жалынды жастары Абай мен Шәкәрім әндерін әуелетіп, би мен күйді кезек төгілтті. Концерттік бағдарламадан үлкен әсер алған қауым ауыл сыртындағы ипподромда ат бәйгесін тамашалады. Көршілес аудандардан жиыны 31 ат қатысқан аламан жарыстың алды болып Семейлік Шырын атты тұлпар келіп, шабандозы Жұмабаев Ілиясқа жеңіл автокөлік табыс етілді. Аламан бәйгенің бас жүлдесін Қазақстанның халық әртісі Досқан Жолжақсынов табыстады.

Ипподромдағы ұлттық спорт ойындарынан соң Зере әженің рухына бағышталған құран-қатым түсіріліп, дастархан басында тойдың ұйымдастырылуына қонақтар тарапынан үлкен баға берілді.

Талқылау