Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлттық банк «7-20-25» бағдарламасы туралы толық түсіндіріп берді

Қазақстанның Ұлттық банкі “7-20-25” ипотекалық тұрғын үй кредиттеу бағдарламасын бекітті. Қаулыға Ұлттық банктің басқармасы 31 мамырда қол қойған. Қаржы реттеуші түсіндіргендей, осы уақыт ішінде құжат қажетті заң процедураларынан өткен, сондықтан ол туралы бүгін ғана мәлімдеп отыр.

Ұлттық банк «7-20-25» бағдарламасы туралы толық түсіндіріп берді

Бұл туралы Sputnik Қазақстан хабарлайды.

Бағдарламада ипотекалық тұрғын үй қарыздарын берудің негізгі талаптары, қарыз алушылар мен банктерге қойылатын өлшемшарттар айқындалған.

“Бағдарламаға Қазақстан Республикасының еңбек және (немесе) кәсіпкерлік қызметтен алатын табысы бар, сондай-ақ меншік құқығында тұрғын үйі жоқ кез келген азаматы қатыса алады”, — деп жазылған Ұлттық банк таратқан хабарламада.

Бағдарламада Қазақстан Республикасының кез келген өңірінде бастапқы нарықта тұрғын үй сатып алу үшін мынадай құн шегінде ипотекалық тұрғын үй қарызын алуға болады:

25 миллион теңге – Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалаларында;

15 миллион теңге – басқа өңірлерде.

Бағдарламаның операторы Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің еншілес ұйымы – “Баспана” ипотекалық ұйымы” АҚ болып табылады.

Оператор облигацияларды шығару және орналастыру есебінен қаржыландырудың нарықтық тетіктерін пайдалана отырып Қазақстан қор биржасына (KASE) кемінде 1 триллион теңге тартады және алынған қаражатты бағдарламаның талаптары бойынша қатысушы банктер берген ипотекалық тұрғын үй қарыздарын сатып алуға жібереді.

Бағдарлама шеңберінде қатысушы банктерге қатысты өлшемшарттар айқындалатын болады. Қатысушы банктердің тізбесі олар “Баспана” ипотекалық ұйымы” АҚ-мен тиісті шарттар жасасқан соң Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің ресми интернет-ресурсында жарияланады.

Бағдарламаның талаптарына сәйкес қатысушы банктердің қарыздар беру және қызмет көрсету үшін қарыз алушылардан комиссия алуға құқығы жоқ.

Қатысушы банктердің қарыздарды беру рәсімдерінің басталғаны туралы ақпарат Қазақстан Ұлттық банкінің интернет-ресурсында да орналастырылады. “7-20-25” бағдарламасын іске асыра бастаудың болжамды мерзімі – биылғы жылдың екінші жартысы.

“7-20-25” бағдарламаның талаптарын түсіндіру үшін Қазақстан Ұлттық банкінің “ҚҰБ “Online” мобильді қосымшасында 2018 жылдың 19 маусымынан бастап “7-20-25” жаңа бөлімі іске қосылды, онда осы бағдарламаға қатысты сұрақтарға жедел жауап алуға болады.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау