Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Уәлибек: Нұржан “Шаншарға” қайтып келуге сұранса да алмаймын

Қазіргі таңда Уәлибек пен Туканың қарым-қатынасы қалай?! Бүгінде әріптестер жеке өнер көрсетіп жүрсе де, бұл сауал әлі күнге дейін Әбдірайымовке де, Төлендиевке де жиі жолданады екен.

Stan.kz  тілшісіне эксклюзивті сұхбат берген «Шаншар» тетарының директоры Нұржанмен арадағы алып-қашпа әңгімеге қатысты бар шындықты айтты.

«Осыдан бірнеше жыл бұрын біздің соңымыздан түрлі әңгімелер жүрді. Содан кейін «Алдараспан Шаншарды шақырады» – деп аталатын концерт бердік. Нұржан бізді шақырды. Бізден кешірім сұрау мақсатында халықтың алдына шығарды. Біз сол кеш арқылы халықтың арасындағы қаңқу сөздерге нүкте қойғымыз келді», – дейді Уәлибек Әбдірайымов.

Қарапайым қарашаның алдында ұстазынан кешірім сұраған Туканың «Шаншардағы» серіктестеріне деген сағынышы әлі күнге дейін басылмаса керек. Төлендиев таяуда ғана Әбдірайымовке тағы бір өтініш білдіріпті.

«Тағы да Нұржан Төлендиевтің тарапынан өтініш түсіп жатыр. Бір-екі тақырыпты айтты маған. «Көке, осыны шығарыңызшы. Баяғыдай бір ойынды сағындым ғой мен. Сахнада сіз тұрсаңыз, Жүсіп тұрса, мына жақтан Жұлдызай келіп тұрса. Бір сондай ансамбіл болып едік қой.

Соны бір аңсап жүрмін. Еске алып бір ойнасақ» – деп ұсыныс тастады. Мен жарайды деп келістім. Жаңа-жылға қарсы шығаратын шығармыз. Бұрынғы сәтті Жүсіп те қатты сағынып жүр. Нұржан деген айтқан тапсырмаңды екі есе қылып асырып жіберуші еді»,  – дейді «Шаншар» театрының директоры.

Төлендиев өзінің тарапынан кеткен ағаттықты кейінгі жылдары қатты сезіне бастаған сыңайлы. Ұжымды басқарудың қиындығы туған сәтте Уәлибекке келіп мұңын шағатын көрінеді.

«Бізге келіп тұрады. Келгенде құшақтайды. «Шаншарды» сағынғанын сеземін. Тіпті «Алдараспан» театрындағы өзінің балаларына да айтады екен. Кейде өзі де келіп маған айтады: «Көке, сіз бұрын бізге тапсырма берген кезде, біз қалай істеуші едік? Айтыңызшы мыналарға» – дейді.

Сол кезде білесің, е сағынып жүр екен ғой, бейшара. Біз Шымкенттеміз ғой. Нұржан айына 1-2 рет маған міндетті түрде келіп жолығады. Ақыл сұрап тұрады», – дейді Уәлибек.

Бірақ Нұржан Төлендиев «Шаншар» театрына оралса, Уәлибек шәкіртін қайта қабылдауға құлықсыз.

«Егер «Шаншарға» қайтып келемін десе де мен қабылдамаймын. Өйткені, «Алдараспан» театрындағы актерларға обал. Қаншама талантты балалар бар. Оларды қайда қалдырады. Олардың барлығын «Шаншарға» әкеле алмайды ғой. «Алдарспан» театрының да өзіндік орыны бар ғой.

Шәкірттер дайындау керек. Ол театр қалу керек. Кейін жас келеді. Уақытты ұстап тұра алмайды ғой. Қазірдің өзінде біз «Шаншарға» балалар іздеп отырмыз. Ертеңгі күні біздің жолымызды жалғастыратын жастар керек», – дейді Әбдірайымов.

Оқи отырыңыз:

Баян Алагөзова фильмге тамыр-таныстарын түсіруінің себебін түсіндірді

Данэлия Төлешова Мәскеуде әйгілі ZAZ-бен бірге ән салады

Сәкен Майғазиев 21 жыл бұрын әйелімен бірге тұрған үйін көрсетіп, шүкірлік етуге шақырды (видео)

Ләйлә Сұлтанқызы өзінен аумайтын «қызын» көрсетіп, жұртты қызықтырып қойды (фото)

Талқылау