Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркияда тұрғындары құс тілінде “еркін сөйлесетін»” ауыл бар (видео)

Түркияда Қара теңіз жағалауына жақын орналасқан Гиресун провинциясында ерекше ауыл бар. ЮНЕСКО халықаралық ұйымының тізіміне кірген елді мекен Кушкөй деп аталады.

н

 

Бұл туралы Астана арнасы хабарлайды.

Қазақша мағынасы – «құс ауылы». Тұрғындардың түрік тілінен бөлек, өздері ғана түсінетін тілі бар. Олар 400 жылдан бері бір-бірімен қашықтықтан ысқырық арқылы тілдесуді дәстүрге айналдырған. Мәселен, көшенің арғы бетіндегі көршісін шәйға шақыру үшін аулаға шығып, ысқыра салса болғаны. Сондықтан болар ауылда ұялы телефонды қолданатындар саны да аз көрінеді.

“Құс тілінде сөйлейтіндер ауылы” деген атау осыдан шыққан. Қырдың төбесіне шығып, ысқырып әңгімелесу әжелер үшін де қиын емес. Өзгелерге жәй ысқырық болып естілгенімен жергілікті тұрғындардың өздеріне түсінікті тілге айналғанына төрт ғасыр болған.

-“Бүгінгідей технология дамымаған заманда аталарымыз байланыс құралы ретінде енгізген.Бұл жақта қыста қар қалың, жолы ойлы-қырлы болып келеді. Тұрғындар шаруамен айналысып жүріп, ұзақтан ысқырып әңгімелесетін болған. Қысқасы, бұрынғылардан бізге жеткен мәдени мирасты жоғалтып алмай, әрі қарай жалғастыруымыз керек”, – дейді ауыл тұрғыны.

Ауылдағылар жыл сайын дәстүрлі фестиваль ұйымдастырады. Шара барысында жасы мен қариясы қатар тұрып, жарысқа түседі. Бір біріне ысқырықпен жұмбақ жасырып, үш шақырым қашықтықтан байланыс орнатады.

-“Ысқырық арқылы сөйлесу – уақыт жоғалтпаудың және бір-бірін шақыру үшін қасына бармай-ақ, хабарды ұзақтан жеткізудің тиімді жолы. Қарсы бетте отырған ағайын-туыс, көрші-көлемді шайға шақыруға да ыңғайлы. Бұл ел арасында құс тілінде тілдесу деп аталып кетті”, – дейді Чанакчы ауданы мәдениет және туризм қорының президенті Сефер Көчек.

Ауылдағы орта мектепте «құс тілі» факультативті пән ретінде енгізілген. Ал, ересектер үшін арнайы курс ашылған. Мұнда да ереже ортақ. Өзге тілді меңгергендей дәрежеңе сай сертификат тапсырылады.

-“Дәріс аяқталған соң мұғалімдер алдында емтихан тапсырады. Мәселен, бірнеше шақырымда тұрып, түрлі тапсырмалар беріп орындатамыз. Әртүрлі сұрақтар қоямыз. Қолыңда не бар, жүгір, бері кел, биле дегендей. Үйренушілер арасында үлкендер де бар. Жыл сайын оқушы қабылдаймыз. Бұл біздің ауылдың ерекшелігі әрі ескі мәдениеттің бір бөлшегі деп білеміз”, – Кушкөй ауылының әкімі Мехмет Синан.

Елдің туризм және мәдениет министрлігі «құс тілінде» сөйлесуді ескі мәдениеттің бір бөлшегі ретінде ЮНЕСКО халықаралық тізіміне енгізуді көздейді. Өйткені Кушкөй ауылы – ықылым заманнан бері ысқырық арқылы тілдесіп, байланыс құра алатын әлемдегі жалғыз ауыл.

Талқылау