Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысында ауылдастарының қолынан қаза тапқан жігіттің ата-анасы кінәлі адамның жазаланбағанын айтып ашынды

Түркістан облысында перзентінен айырылған ата-ана әділдік іздеп, шарқ ұрып жүр. 21 жастағы ұлының қасақана кісі қолынан қаза тапқанын дәлелдей алмаған әкесі, осы күні соттың шешіміне наразы. Өйткені, істі төрт ай сағызша созған сот жазықсыз жанды 11 жылға соттап жіберіпті. Ал, негізгі күдіктілер бостандықта жүрген көрінеді. Жергілікті соттың үкіміне көңілі толмаған Нұржановтар енді Жоғарғы жаққа арызданамыз деп отыр.

 Түркістан облысында ауылдастарының қолынан қаза тапқан жігіттің ата-анасы кінәлі адамның жазаланбағанын айтып ашынды

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

«Ақиқат шықса болды маған, бұл жерде куәға тартылған балалардың барлығы жауап берулері керек», – дейді марқұмның әкесі.

Ақиқат іздеп, шарқ ұрған ата-ана бұл күнде қауқарсыз күйге түскен. Ештеңеге зауқы жоқ. Жылай-жылай көз жастары да құрғаған. Еріксіз жымиғаны болмаса, ішкі дүниесі әлем-жәлем күйге түсіп, өртеніп барады. Жылы сөйлеген адамға бар сырын ақтаруға дайын.

«Мен кімдерге арызданбадым? Жоғары сотқа да арыздандым, ауданарылық, аппелациялық сот та бітті. Кеше Астанаға Бас прокуратураға да бардым. Ол жерден барлығы біріңғай жауап. Не үшін? Себебі бұл жерде сыбайлас жемқорлыққа жол беріліп жатыр», – дейді марқұмның әкесі Еркінбек Нұржанов.

Ерлі-зайыпты Еркінбек аға мен Ақшагүл жеңгей дәл осыдан бір жыл бұрын әлдекімдердің кесірінен ұлынан айрылып қалды. Болашақта әскери болғысы келген перзенттері ауылдастарының қолынан қаза тапқан. Бәрі қас пен көздің арасында өрбіген көрінеді. Кешкісін үйінде отырған ұлын достары қайта-қайта шақырып, болмаған соң, көлікпен алып кетіпті. Бірақ, қайта оралмаған. Әкесінің айтуынша, 21 жастағы баласын ауылдың бұзықтары пышақтап өлтірген.

«Мұраттың спортпен неше жылдан бері айналысып жүргенін мұның барлығы біледі. Сөйтіп, келеді де Мұраттың артынан қолын қапсырып құшақтап алады. Сол жерде тұрған афишаның алдына сүйреп алып барады, Мұрат болды, тарқаймыз деп тұрған уақытта Балғабеков Дәулет артқы жағынын келіп, тура жүректен пышақтап ұрады», – дейді марқұмның әкесі Еркінбек Нұржанов.

Содан бері он екі ай өтіп, оннан астам сот отырысы болған. Қылмыстық іс қозғалып, жергілікті жас жігіт қамауға алыныпты. Кейінен ол 11 жылға сотталған. Алайда, марқұмның әке-шешесі басты күдікті әлі күнге бостандықта тайраңдап жүргенін айтады. Себебі, тергеу кезінде ол аяқ астынан «куәгерге» айналып шыға келді дейді. Тіпті, оның жанындағы сыбайластары да жазадан сытылып кеткен көрінеді.

«Тоздырмаған табалдырығымыз қалмады. Біз тек қана шындық іздейміз, тек қана шындық! Егер де балам сол нәрсені өзі бастағанда, өзі соның ішінде жүргенде, біздер осыншалықты аяғымызды тоздырмас едік», – дейді марқұмның анасы Ақшагүл Ахметова.

Нұржановтар отбасы осы күні Астанаға қайта жолға дайындалып жатыр. Бұрынғы сот шешімін бұздырып, кінәлер тиісті жазасын алсын дейді. Заң органындағылар зарымызға құлақ асып, әділ шешім шығарар деген үмітте. Ал марқұм Мұрат Нұржанов Шымкенттегі жоғары оқу орындарының бірінде оқыған екен. Тірі болғанда, биыл білдей мамандық иесі атанар еді, дейді ата анасы.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау