Түркіменстан темекіге тыйым салды
Заңдарымен өзге елдерден ерекшеленетін Түркіменстан билігі енді тұрғындардың темекі тартуына тыйым салды. Қазіргі таңда барлық сауда орындарындағы темекі өнімдерінің көзі жойылған.
Бұл туралы sn.kz хабарлайды
Қазірдің өзінде Ашхабадта салауатты қоғам қауіпсіздігін қорғау қызметінің мамандары арнайы тексеріс шараларына да кірісіп кеткен. Олар барлық сауда нүктелерін аралап, темекінің сатылмауын қатаң қадағалауда. Егер, аталған өнімнің саудаланғанын байқайтын болса, айыппұл салады.
Темекіге тәуелділерге саудагерлер жасырын сатып жатқан көрінеді. Осындай темекі тапшылығының әсерінен, оның бағасы да 2 есеге қымбаттап шыға келген. Маркасына сәйкес бір қорап шылым 22-40 манат аралығында саудаланып жатыр екен.
Әңгіменің төркіні 5 қаңтардан бастау алған. Сол күнгі мемлекеттік жиналыста Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Салауатты қоғам қауіпсіздігін қорғау қызметінің басшысы Атадұрды Омановты темекімен дұрыстап күрес жүргізбеді деп айыптап, оған қатаң сөгіс жариялаған еді.
Ел билігінің темекіге әуес тұрғындармен күрестің бастағаны бір бұл емес. Республика билігі шылымға қарсылықты бұрыннан айтып келе жатқан. Енді мемлекет бұл әрекеттерін ресми түрде растап, іске кірісіп отыр. Бұған дейін қоғамдық орындарда темекі тартуға, 18-ге толмаған жасөспірімдерге сатуға тыйым салып, темекі өндірісіне шектеулер енгізген болатын.