Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тұрмысқа шықпай тұрып әрбір қазақ қызы білуі тиіс 3 кеңес

Танымал отбасылық кеңесші Ақан Мергембай Айна Досмахамбетқызының “Бақытты ханшайым” атты тренингінде өз кеңестерімен бөлісті. Ол қыз бала үйленбей тұрып жігітпен жүріп жүргенде қандай талаптарды сақтауы керектігін, мықты жігітті қалай іздеу қажеттігін айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды

Ақан Мергембай — отбасылық психолог

Қамқоршының болуы

Тұрмысқа шықпаған қазақ қыздарының проблемалары көп. Оның үстіне бүгінгі күні қарым-қатынастың өзі шынайы және жай ғана деп екіге бөлініп кеткен. Бұрын ондай болмайтын. Соңғы кезде шынайы емес қарым-қатынастар көбейді. Мысалы, бір жігіт қызбен танысып, сөз салып, екеуі жүре бастайды. Қыздың сол адамға тұрмысқа шығуға үміті зор. Бойжеткеннің ешқандай арам ойы болмайды. Оның көкейін “ол мені алады ма?” немесе “тастап кетеді ме?” деген екі сұрақ мазалап жүреді.

“Егер алатын болса, қашан?” деген тағы да бір үлкен сұрақ бар. Қашан екені белгісіз. Осы жерде қыз балада тақырыпты жақсы түсінетін қамқоршы адам, яғни әкесі, ағасы немесе нағашысы болуы керек. Бойжеткен жігітпен таныса бастағанда, “менің ағам бар еді, сол кісімен бірінші танысқаныңыз дұрыс” деп айтуы тиіс. Сонда жігітте “не үшін?” деген сұрақ туындайды ғой. Қыз бала “ағам менің қамқоршым, оның назарынан тыс ешнәрсені жасағым келмейді” деп жауап берсе, біріншіден жігітке “бұның тірегі бар екен ғой” деген ой келеді.

Жақсырақ тану

“Ағам сізді қонаққа шақырып жатыр немесе танысам деп жатыр” десе белгілі бір пайызда жігіттің ниеті анықталады. Шын мәнінде ол қызға үйленгісі келеді ме әлде ойнап жүр ме сол белгілі болады. “Үйге кел, ағаммен таныстырайын” дегеннен ұлдар қашады. Қазір барлығы керісінше болып кеткен. Ұлдарға үйленгенге дейін қыздың үйіне баруға болмайды. Ал қыздар бара береді.

Қыздар жігітті логикамен емес, интуициямен, түйсікпен таңдайды. “Жүрегімнің қалауы сол” деп талай рет қателескен жандар бар. Қыз үшін жігіттің сенімді, берік адам болғаны маңызды.

Осы орайда ер адамдар да өздерінің көздегендерін жүзеге асырады. Қыздарды күшті “лақтырамыз” деп мақтанатындар да жоқ емес. Олар нәзік жандыларға тойға дейін “маған сенуге болады” деген түрлі сигналдарды жібереді. Өзі тоңса да, қызға киімін кигізіп, анасына сала алмай жүрген бірліктерін оған бергенде, қыздың бақыттан басы айналып қалады. Тойдан кейін күйеуінің бетпердесі шешілгенде, әйел адамның одан көңілі қалады. Қыздар барлық еркектер бірдей деген ойда жүреді.

Екі нәрсеге барыңызды, яғни біліміңізді, қабілетіңізді, таныстарыңызды, ақшаңызды салыңыз. Біріншіден, дайындалыңыз. Оқыңыз, жігіттің психологиясын зерттеңіз, физикалық және эмоционалды тұрғыдан дайындық жасаңыз, білмегеніңізді сұраңыз. Мысалы, жігітті таңдау үшін ағаңызға, жездеңізге, ақша беріңіз. Екіншіден, дұрыс адамды іздеңіз. Барлығын үйренген соң, алдыма осы адам келді демеңіз, мықты жігітті таңдаңыз. Оны іздеп табу үшін барыңызды салыңыз.

Қолжетімсіздік

Белгілі бір сызық бар. Содан аспау керек. Мысалы, жігіт қолыңыздан ұстағанда “негізі мен тұрмысқа шықпай жатып жігітпен қол ұстаспаймын” деп айтсаңыз ол бұл ісіңізді, сөзіңізді керемет жанның дүниесіне бағалайтын болады. Бұл әңгіменің тұрмысқа шығып, ажырасып кеткен қыздарға да қатысы бар. Ажырасып кетсеңіз де, менің ұстанымым осындай десеңіз жігітті тамсандырасыз.

Ақан Мергембай тұрмысқа шықпаған қыздарға жігіттердің сөзіне алданып қалмауға кеңес береді. Бәрібір үйленеміз деуменен қыздардың арын таптауды ермегіне айналдырған жігіттер бар. “Бәрібір шаңырақ көтереміз” деп қыздарды сол қадамға баруға итермелейтін ер адамдардың расында мақсаттары басқа.

“Қызды жеңіл жүріске итермелеген соң, олар “бұл менің алдымда осы қылықты жасады, демек, мен оны алсам да, ол кейін басқа ерлердің арасында соны істейді” деп ойлайды. Жүз жерден жақсы көремін деген жай сөз”, — дейді кеңесші.

Сонымен қатар, кеңесшінің сөзінше, қыз бала жігітке деген сезімін бірінші болып жеткізгісі келсе, сенімді адамның көмегіне жүгінгені жөн.

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

Талқылау