Соңғы ЖАҢАЛЫҚТАР
БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР

Түркістан облысында әкім жиналысына келген жұрт жаға жыртысты

Түркістан облысында әкімнің кездесуіне келген жұрт бір-біріне жұдырық ала жүгірді. Өйткені, «Бабайқорған» ауылына бөлінген қыруар қаражат мақсатсыз жұмсалған көрінеді. Соның салдарынан бірқатар нысандар жыл өтпей жатып, сыр бере бастапты. Ал, айқай-шуға ерік берген тұрғындарды сабырға шақырмақ болған әкімді ел-жұрт сұрақтың астына алды. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы сілтеп Stan.kz хабарлайды.

Түркістан облысы

Бабайқорған ауылы бұған дейін Түркістанның қарамағына қараған. Облыс орталығы болғандықтан айналасындағы елді мекендер түгел Кентау қаласына өткен. Содан бері кенді қаланың басшылығына тыныштық жоқ. Көне шаһардың бұрынғы мәселелері енді басыбүтін Кентаудың негізгі проблемаларына айналды. Солардың бірі - Шорнақ пен Бабайқорған ауылының арасын жалғап тұрған жалғыз күре жол. Ойқы-шойқы күйге түскен трассада бұған дейін жол апатынан жеті адам көз жұмыпты. Марқұмдардың алтауы жасөспірім екен. 

Ауыл белсенділерінің сөзінше, күре жолдың сегіз шақырымы жөнделуі тиіс болған. Қажетті қаражатты бөлдіру үшін олар сонау Астанаға дейін хат жазып жүріп, ақыры дегендеріне жетіпті. Алайда, ақжағалылар оның тек бір шақырымын ғана қалпына келтіріп, қалғанын тастап кеткен. 
 "Істеп жатқан мердігерге келіп жолыққанымызда 18 млн теңге бөлінді деп айтты. Бірақ, кеткен шығын 1 миллон теңге деді. Қалған 17 млн теңге қайда кеткенін біз де білмейміз. Қайтадан бұл жерді келіп істеген жоқ. Сол күйі тастап кетіп қалды",-деп ағынан жарылды Бабайқарған ауылының тұрғыны Жандарбек Бижанов.

түркістан обылы

Шындықты айтып шырылдағандар арызқой атандық, басқан ізімізді аңдып, әлдекімдер тыныштық бермей жатыр дейді. Сонда да бастаған істерін аяқсыз қалдырмақ емес. Айтпақшы, жуырда тұрғындар там-тұмдап жүріп, ауылға 268 миллион теңге бөлінгенін анықтапты. Атқарылған жұмысты жеке-жеке зерделеп, енді 80 миллион теңгенің шығынын таппай отыр. Желге ұшқан қаражатқа Жаңақорған өзені үстіндегі шағын көпір де жөнделуі тиіс болған. Өткел деген аты болмаса, заты сай келмей отыр дейді. 

"Менің ойымша бүгін жиналыс болады деп суды тоқтатқан. Мен су жолында көп істеген адаммын. Енді тағы 3 куб су келетін болса, мына көпірді шайып кетеді",-деп айтты Игілік ауылының тұрғыны Серік Керімбаев.

түркістан облысы

«Үндемегеннен үйдей бәле шығады» демекші, әбден шыдамы таусылған жұрт қала әкімінің алдында бір-біріне жұдырақ ала жүгірді. Оларды тоқтатпақ болған әкім шарасыз күйге түсті. 

Кездесуде көтерілген мәселелерің бәрі орынды екенін Кентау қаласының әкімі де растап отыр. Сондықтан, сапасыз жұмыс атқарған шенеуніктердің ісін өзі май-шаммен қарамақшы. 

"Бізде арнайы комиссия бар. Комиссия мән-жайды қарап, ауыл әкімін өз қызметіне лайықсыз деп шешті. Одан кейін жаңа сөйлеген жігітке қатаң сөгіс берді. Себебі, ол өзінің құзіреті жоқ болса да, әкімнің орнына қол қойып жіберген. Сондықтан, біз оны әлі зерделейік, сөйтіп, нүктесін қойып берейік",-деп қадап айтты Кентау қаласының әкімі Ғани Рысбеков.

Ел-жұрт мәселенің мұншалықты ушығып кеткенін Түркістан қаласының басшылығының немқұрайлығымен байланыстырады. Шаһар билігі өзімбілермендікке салынып, кезінде әрбір істі ат-үсті атқарды деп отыр.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Загрузка...
Қазір оқып жатыр