Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Түрін көруге дәтім шыдамады": Алматы облысында жоғалып кеткен қыз асылып тұрған жерінен табылған

Алматы облысында екі апта бұрын із-түссіз жоғалып кеткен бойжеткен өлі күйінде табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, Айгүл Амангелді өзі өзіне қол салған көрінеді. Мұндай қадамға баруына нақты не себеп болғанын полицейлер анықтайтын болады. Ал еріктілердің бірі марқұмды қалай тапқандарын айтып берді.

Белбұлақ елдімекенінің тумасы Айгүл Амангелді 13 мамыр күні үйінен шығып, медицина университетіне аттанған. Алайда, оқу орны мен үйінің аралығында 18 жастағы қыз ізім-ғайым жоғалып кеткен. Туыстарының шағымынан кейін оны іздеуге полиция мен еріктілер жұмылдырылды. Бойжеткеннің денесін еріктілер жексенбі күні тауып, полицияға хабар беріпті, деп хабарлайды "Еуразия бірінші арнасы". 

"Ағаштан 13 мамырдан бері іздеп жүрген қыздың денесін таптық. Денесі арқанға асылып тұрды. Түрін көруге дәтім шыдамады”, - дейді ерікті Айгерім Естембаева. 

Еріктілердің айтуынша, Айгүлдің денесінде зорлық-зомбылық белгілері байқалмапты. Үйіндегі ақ кеудешесіне де таза күйінде болған. Ал арқанды өзімен бірге алып келді ме, жоқ алдын-ала дайындап қойды ма, ол жағы әзірге белгісіз. 

Еріктілердің айтуынша, марқұм қыздың саусақтарына дейін көгеріп кетіпті. Соған қарағанда асылып тұрғанына біраз болған көрінеді. Ал не себепті бойжеткеннің үйінен бірнеше шақырым жердегі ағашты таңдағаны беймәлім.

Марқұм Белбұлақтағы №32 мектепте білім алыпты. Алтыншы сыныптан мектеп бітіргенше класс жетекшісі болған мұғалімі оның өте байсалды, алғыр болғанын айтады. Өз-өзіне қол салды дегенге сене алмаймыз, дейді.

"Мінезі өте байсалды, салмақты, кішіпейіл, әдепті, инабатты қыздың бірі. Көпбалалы отбасынан шыққан. Ата-анасымен де, сыныптастарымен де жақсы қарым қатынаста еді. Сабағын 4-5-ке оқитын қыздың бірі болған", - дейді мұғалімі Базарқұл Айнақұлова. 

Қазір аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары қолға аланып, тиісті сараптамалар тағайындалған. 

"Қыздың мәйіті туыстарымен танылды. Зорлық-зомбылық белгілері анықталмаған. Алдын ала болжам бойынша қыз өз-өзіне қол жұмсаған. Қазіргі уақытта сот-медициналық сараптама тағайындалды. Сараптамадан кейін өлімінің нақты себебі белгіленеді”, - дейді Алматы облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Ернар Сайділдин.

Мектепте үздік, әрі үлгілі оқушылардың бірі болған Айгүл дәрігер болуды армандаған екен. Ал оның мұндай қадамға баруына не түрткі болғаны әзірге белгісіз болып отыр.

Талқылау