Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тұрғын үй мәселесін шешу үшін тарих пәнінің мұғалімі банк ісін меңгеріп алған

Бүгінде зейнеткер Шарипа Макеева тату-тәтті отбасымен үлкен үйде тұрып жатыр. Алайда бұдан 13 жыл бұрын талай шәкірт тәрбиелеген ұстаз құдай қосқан қосағымен және екі студент баласымен бірге тар баспананы паналап жүрген еді. Семейден Алматыға жаңа қоныс аударған бұл отбасыға жаңа өмір бастау оңайға соққан жоқ. Ол кезде Шарипа Макеева тәуекелге бел буып, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің алғашқы қатысушыларының бірі болды.

15645644_1492581900766880_130041653_n

«Жасыратыны жоқ, қашанда мұғалімдердің айлығы шайлығына жетпейді. Өйткені, біз – бюджет қызметкерлеріміз. Мен колледжде, мектепте сабақ бердім. Түнемелеп те еңбек еттік. 2-3 жерде жұмыс істедім, бірақ бәрібір шекеміз шылқи қоймады. Ол кезде жалақымыз небәрі 6-7 мың теңге болды. Күйеуім де – бюджет қызметкері. Қызым мектеп бітіріп, ұлым университетке түсті. Бәрі қиын болды, ақша жетпеді. Оның үстіне, баспана мәселесі тағы бар. Біз – гуманитарлармыз, тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін қайдан, қалай ақша табуға болатынына басымыз жете бермеді», – деп есіне алады Шарипа Макеева.

2003 жылы ол теледидардан мемлекет басшысының жолдауын кездейсоқ естіп қалады. Нұрсұлтан Назарбаев ол кезде қыр-сыры беймәлім тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі туралы сөз қозғап жатқан еді. Десек те, бұл жүйе Еуропада өте танымал. Ол кезде жаңа жүйені Қазақстанға енгізгелі жатқан болатын. Шарипа Малғаждарқызы естіген жаңалығын отбасына, туыстарына және әріптестеріне жеткізуге асықты. Бірақ оның бұл құлшынысына ешкім оң көзбен қарай қоймады, ТҚЖ жүйесіне сенбейтіндіктерін айтты.

«Сол уақытта Алматыдағы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің алғашқы бөлімшесі әкімшіліктің ғимаратында орналасқан еді. Онда тек қана бір менеджер отырды. Мен алғашқылардың бірі болып, депозит ашып, 10 000 теңге аудардым. Келесі күні отбасы мүшелерінің бәрінің атына депозит аштым. Содан бері Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің тұрақты клиентімін. Осы уақыт ішінде мен, жалпы менің отбасым 11 заем алып, тұрғын үй жағдайымызды жақсартып алдық», – деп өз тәжірибесімен бөліседі банк салымшысы.

Макеева 2007 жылы бірінші рет несие алып, жер телімін сатып алыпты. Сосын отбасымен ол жерге үй салды. Кейіннен ұстаздың балалары Астана мен Алматыдан бір-бір пәтер алып үлгерген.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің көмегімен 4 пәтер сатып алдық. Біз сенген едік, үмітіміз ақталды. Мен барлық әріптестерімді, мұғалімдерді үгіттедім. Банк маған және менің балаларыма, туыстарыма жәрдем берді. Маған қарап, жақындарым да банк салымшысы болды. Жақында ғана менің немере інілерім Алматыдан баспана алды. Енді олар «Жас Қанат» тұрғын үй кешенінде тұрып жатыр», – дейді ол.

Қазір Шарипа Макеева – зейнеткер. Төрт немере сүйіп, соларға қарап, бағып отыр. Қамқор әжесі немерелерінің туған күніне сыйлық ретінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен депозит ашты. Мәселен, үлкен немересі Шыңғыстың шотында осы уақытқа дейін 2 миллион теңгеге жуық қаржы жиналыпты. Ол қазір 10-сыныпта оқып жүр. Шарипа апаның есебінше, мектеп бітірем дегенше Шыңғыстың да өз пәтері болады.

«Елімізде 35-ке жуық банк бар. Бірақ тек Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ғана тұрғын үй сатып алуға қолжетімді несие береді. Бұдан бөлек, мемлекет барлық салымшыны жыл сайын ынталандырып отырады. Тұрғын үйге қаражат жинауға оның да септігі аз емес. Қазір желтоқсан айының соңына дейін неғұрлым көп жарна салуға үлгеру қажет. Сонда жыл қорытындысы бойынша қосымша 85 мың теңге алуға болады. Коммерциялық банктерде осындай сомаға 60 мың теңгеден сәл ғана асатын қаржы есептеп қосады. Өздеріңіз тексеріп көріңіздер, есептеп шығыңыздар, сондай айырмашылығына көз жеткізесіздер. Бұл жерде әрі ақша табасың, әрі пәтер аласың», – деп түсіндіреді Шарипа Макеева.

Оның күреп тауып жақтан табысы, не лауазымы жоғары туысы да болған жоқ. Тарих пәнінің мұғаліміне банк ісінің жұмысын өзі зерделеп көрді. Ол жылдық тиімді мөлшерлеме деген сөздің не екенін, әрбір қазақстандық банктің қандай пайызбен ипотека беретінін өз бетінше зерттеді. Енді туысқандарының бәрі бас сұғып, қаржыгердің алдына келгендей кеңес сұрап жатады. Өйткені, оның білімі ең басты мәселе – тұрғын үй мәселесін шешуге көмектесті.

«Біздің отбасымызда қазір әр адамға бір-бір депозиттен ашып қойдық. Тек қана немерелерімнің  өзінің 2,5 миллион теңгеге жуық жинақталған қаражаты бар. Алған зейнетақымның 10-20 мың теңгесін аударып отырамын. Пулдарды қадағалап, туыстарыма айтамын. Зейнетке шыққандағы менің басты ермегім осы», – деп әзілдейді ол.

«Мен «банкир» болып кеттім, бәрін жатқа білемін. Мұның маған көмегі болды. Мен ІІ топтағы мүгедекпін. Бірақ ешқашан мойыған емеспін. Қандай мәселе болса да, оның шешу амалын іздеймін. Сену керек, қорқудың қажеті жоқ. Қазір бұрынғы әріптестерімнің дені пәтер жалдап тұрып жатыр. Кілең жоғары білімі бар ұстаздар, бірақ бастарында әлі күнге дейін баспаналары жоқ. Бұдан да белді бекем буып, аз-аздан болса да, қаражат жинай бастау ләзім», – деп кеңес береді Шарипа Макеева.

Талқылау