Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» келісім шартқа отырудың аяқталуына 43 күн қалды

31 мамыр – «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» өтемақы төлеу бойынша қосымша келісім шартқа қол қоюдың соңғы күні. Банк салымшыларының барлығы ұсынылған мүмкіндік жайында хабардар болғанымен, көпшілігі өтемақы алуға асығар емес. Салымшылар белсенділігінің төмендігінің себебін анықтау үшін тілшіміз «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Айжан Медеуовамен сұхбаттасты.

IMG_4231

Бұл туралы stan.kz хабарлайды.

– Айжан Тұрақбайқызы, сауалдарымызға жауап беруге келісім бергеніңіз үшін алғыс білдіреміз. Біраз уақыт бұрын Банк 200 мыңнан астам салымшыларының белсенділік танытпауы себепті, салымшылардың қосымша келісім шартқа қол қойып үлгермеуі мүмкін екендігі жайлы  хабарлаған еді. Қазіргі жағдай қандай?

– Сұрағыңызға рахмет. Жарияланым жасалған соң, соңғы екі апта ішінде салымшылардың белсенді әрекетке көшкенін байқадық. Күн сайын қосымша келісім шартқа қол қоюға келетін салымшылар саны екі есеге артып, 5-6 мыңға жетіп отыр. Осыған байланысты, көпшілікті құлақтандырудан тыс қалмай, көрсетілген уақыт ішінде қосымша келісім шартқа қол қойылуы керектігі жайлы жарыса жазған бұқаралық ақпарат құралдарына алғыс білдіремін. Келісімге қол қою мерзімінің аяқталуына 43 күн қалды. Салымшылардың барлығы қосымша келісім шартқа қол қойып үлгеруі үшін, күніне 6400 салым иелері қосымша келісім шартқа қол қоюы керек. 40 мыңнан астам салымшы қосымша келісім шартқа қол қойып үлгермеуі де мүмкін.

Рәсімнің басталған уақытынан, яғни 8 ақпаннан бері электрондық-сандық қолтаңба арқылы Электрондық үкімет порталында не Банктің ресми сайтында салымшылардың қосымша келісім шартқа қол қоя алатындығын жариялағанбыз. Мемлекет бойынша Банк филиалдарының саны 32, ал келісімге қол қоюы тиіс салымшылар саны мыңдаған салым иелерін құрайтындығы ескерілгендіктен, Банк филиалдарында дүрлікпе туғызбас үшін, аталған шешім қолға алынған еді. Қазіргі уақытта қосымша ыңғайлылық жағдайлары жасалып, клиенттерге рәсімді қағаз нұсқа арқылы жүзеге асыруға мүмкіндік бердік. Енді салымшы кез-келген ҚТҚЖБ филиалына жеке куәлігімен келіп, ұсынылған қағазға 5 минут ішінде қосымша келісім шартқа отыру туралы қол қоя алады. Оған қоса, Банктің штаттан тыс 800 агентіне дайын қосымша келісім шарт беріліп, олар ғаламторды қолдануға мүмкіндігі жоқ және Банк филиалдарынан алыс орналасқан шалғай аудандардағы салымшыларды аралайды. Алайда біздің клиенттеріміз бөлінген агенттер саны мен олардың мүмкіндігі шектеулі екенін түсінуі керек. Осы себепті салымшылардың өздері белсенділік танытқаны дұрыс.

– Сарапшылардың айтуынша, салымшылар жеткілікті түрде құлақтандырылмаған. Оған қоса, қосымша келісім шартқа қол қою механизмінің өзі әуре-сарсаңға салатын көрінеді. Банктің бұл қиындықты алдын-ала ескеріп, рәсімді жеңілдетуге күш салмағанының себебі неде?

– Әу баста алдымызда бұл мәселені шешудің екі жолы тұрды: дәстүрлі әдіспен Банк филиалдарында қосымша келісім шартқа қол қою немесе аталмыш рәсімді онлайн-режимінде жүзеге асыру. Бірақ Банк филиалдарында орындалатын өтемақы төлеуден өзге де негізгі операциялар бар. Егер өтемақы төленуіне ғана күш салатын болсақ, кеңес алуға, депозит ашуға, қарыз алуға келген басқа да салымшылар ескерусіз қалар еді. Ендігі, салымшылардың біраз бөлігі онлайн-режимінде қосымша келісім шартқа қол қойғандықтан, қалған салымшыларды Банк бөлімшелерінде қабылдай аламыз. Осылайша, дүрлікпе тудырмастан, Банк қызметіне нұқсан келтірмедік.

Салымшыларды құлақтандыру мәселесіне келер болсақ, сіз айтқан сарапшылар пікірімен келіспеймін. Біріншіден, өткен жылы Мемлекет басшысы бұқара алдында өтемақы төленуі туралы тапсырма берді. Бұл мәселе турасында ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев пен ҚТҚЖБ топ-менеджерлері бірнеше рет сөз сөйлеген еді. Екіншіден, үстіміздегі жылдың 8 ақпанынан бастап Банк барлық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қосымша келісім шартқа қол қою рәсімінің басталғаны жөнінде хабарлап, өтемақы төлеудің механизмін түсіндірді. Үшіншіден, күн сайын call-орталығының қызметкерлері мен автоқоңыраудың көмегімен барлық салымшыларға қоңырау шалынып, ақпарат берілді. Сонымен қатар, қосымша келісім шартқа қол қою рәсімінің жүзеге асу барысы жайлы апта сайын ақпарат таратып, аралық нәтижелерді жариялап, салымшыларымызды рәсімді кейінге қалдырмауға шақырдық. Байланыстың дәстүрлі арналарынан бөлек, әлеуметтік желілерде де белсенді жұмыс жүргіземіз. Сондықтан халық жеткілікті түрде құлақтандырылмады дей алмаймын.

– Салымшылардың біраз бөлігі қосымша келісім шартқа қол қойып үлгермеуі мүмкін бе?

– Өзіңіз білетіндей, депозит бойынша өтемақы төлеуді тек біздің банк емес, басқа да екінші дәрежедегі банктер жүзеге асырады. Алайда әлеуметтік қаржылық институт ретінде, көпшілік назары бізге ауды. Осыған байланысты, асығыстық танытпаған кей салымшылардың қосымша келісім шартқа қол қойып үлгермеуі мүмкін. Бұл адамдар тарапынан айтылуы мүмкін наразылықтарды да ескереміз. Сондықтан бұл салдардың алдын алу мақсатында, өтемақы төленетіні жөнінде салымшыларды күнілгері құлақтандырып, өтемақы төлеу рәсімінің ақпарттық саясатын жасадық. Әрине, ешкімді де қиын жағдайда қалдырмаймыз, сол үшін салымшыларымыздан аталмыш рәсімге бей-жай қарамауын сұраймыз.

– Өтемақы төлейтін басқа да банктер жайлы орынды сөз қозғадыңыз. Олардың ескерусіз қалуының себебі неде?

– Біздің салымшыларымыз – тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін депозит ашқан табыс мөлшері орта не одан төмен адамдар. Олар қоғамның басым бөлігін құрайтындықтан, Банкіміздің жиі ескерілуіне ықпал етеді. Ұлттық валюта бағамына түзету жасалғаннан кейін екінші дәрежедегі коммерциялық банктер 1 миллион теңгеге дейін салымы бар депозиттерге өтемақы төлей бастады. Біз мемлекеттің қатысы бар, тұрғын үй бағдарламаларын іске асыратын банк болғандықтан, салымдағы сомасы 1 миллион теңгеден асатын депозиттерге де өтемақы төлейміз. Сөз барысында айта кетерлік жайт, өтемақы төлеуге 24 миллиард теңгені құрайтын соңғы бес жылдық табысымызды бөлдік. Өтемақы мөлшеріне тоқталсақ, 35,5 пайыз әу бастан салымшылардың көпшілігінің сынына ұшырап, сарапшылардың, блогерлер мен тілшілердің сөзіне арқау болды. Бірақ тұрғын үй нарығына көз салыңызшы, тұрғын үй сатып алу үшін ақша жинаған салымшы үшін, өтемақы төленетіні тиімді ұсыныс болып отыр.  Тұрғын үйлердің теңгедегі бағасының өсуі 19%-дан аспайды, оны салымшылар биылғы жылдың маусым айында бірінші транштан жаба алады. Мөлшері 16,3% болатын екінші траншты табыс десек те болады. Біз қазір барлық салымшыларымызға қосымша келісім шартқа қол қойып, өтемақы алуы керектігі жайында ашық айтамыз. Ол үшін банк барлық мүмкіндіктерді қарастырған, оларды қолдану керек. Болашақта тұрғын үй сатып алу барысында, бұл ақшаның әр тиына дейін маңызды рөл атқарады. Шындығын айтқанда, өз әрекетсіздігі себепті қосымша келісім шартқа қол қоюға үлгермеген салымшылардың Банкке наразылық білдіріп, айып таққанын қаламаймыз.

– Яғни нәтижесіне келгенде әр тиынның да рөлі маңызды дегіңіз келеді ғой?

– Жыл басында нәтижесі мемлекеттің тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесінің дамуында маңызды рөл атқарып, салымшыларымызға үлкен табыс әкелетін жағдай орын алды. Мемлекет басшысы қолжетімді әлеуметтік тұрғын үйлердің құрылысына қосымша 127 миллиард теңгені құрайтын сома бөлуді табыстады. 22 миллиард теңге ҚТҚЖБ салымшыларының кредиттелуіне бағытталды. Сондықтан осы жылдан бастап тұрғын үйге деген үлкен сұранысты қанағаттандырудың мүмкіндігі пайда болды. Мемлекет бойынша тұрғын үй үлестіру науқаны басталғанда, салымшының шотындағы әр тиынның да маңызды рөл атқаратыны анық. Осы себепті депозит сомасының 35,5%-ын құрайтын өтемақы арманға бастар жолда мемлекет пен Банк тарапынан үлкен көмек болуы мүмкін.

Талқылау