Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшысы базарда жүк тасып, армандаған баспанасына қол жеткізді

– Мен мектепті бітірісімен, Семей қаласында орналасқан базарда жұмыс істей бастадым. Арба сүйреп, қолдан келгенше тынбай еңбек еттім. Үйлендім. Бір күні жұбайым екеуіміз Өскеменге қонаққа бардық. Онда ағам маған Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі барын, депозит ашу керектігін айтып, кеңес берді. Мен ағамның берген кеңесіне құлақ асып, 3 жыл 3 ай бойы айына 25 000 теңгеден депозитке ақша салып отырдым, – деп еске алады Саят Тұматаев.

story2510

Алғашында ол біраз қиналғандығын да жасырмады. Саят ол кезде 20 жаста еді. Жеке пәтер аламын деген ой тап бір арман секілді болатын. Дегенмен, оның баспаналы боламын деген арманы күн өте жақындай түскендей болды.

-Алғашқы 50 мың теңгені жинадым, содан кейін 100 мың теңгені. Одан әрі тап бір құмар ойыны сияқты. Осылайша бір күні 1 млн.теңгені жинадым. Бақытымда шек болған жоқ. Себебі мен банктен тағы осынша 1 млн.теңгені несиеге алатындай мүмкіндігім болды емес пе, – дейді Семей қаласының тұрғыны.

Ол өзіне ыңғайлы баспана іздстіруге кірісті. Пәтерді қала шетінде алармын деген оймен, Саят тіпті саяжайларды да қарастыра бастады. Қолайлы баспана іздестіріп жүргенде, арада тағы бір жыл өтеді. Банк менеджері қала ішінде әкімдіктің жанында банк салымшыларына арналып тұрғын үй кешенінің салынып жатқандығы туралы хабарлайды.

story2510-2

-Біз бір бөлмелі пәтерге өтініш бердік. Сол кезде оның құны 4 млн.теңге болатын. Маған тағы 1 млн.теңгені қосымша жинау қажет еді. Мен осы ақшаны жинап біткенше, үйдің құрылысы да аяқталды. Осылайша мен Семей қаласында тұрғын үй құрылыс жинақ банкі бойынша салынған алғашқы тұрғын үйдің жеке пәтер иесі атандым. Міне 4 жыл бойы осында тұрамыз, – деді қуанышымен бөлісе отырып Саят, – Алғашында біраз қиын болды. Базарда жаз айларында өте ыстық. Үсті-басыңа қонған шаң-тозаң. Одан қалса, аптап ыстықтан терлейсің. Күз айында болса балшық, жауын-шашын. Біз осының бәріне шыдадық. Жаздың адам төзбес ыстығына, қыстың қатаң суығына. Өздеріңіз білесіздер, шығыс өңірлерде қыстың қандай болатындығын. -40 градус суықта қолыңмен темір арбаны ұстаудың өзін елестетіп көру қиын. Бірақ, осыған қарамастан, мен қолдан келгенше тынбай еңбек еттім, өз еңбегімнің жемісін көрдім. Жалпы, өз баспанаңның кілті қолыңа тиген кезде, бар қиыншылықтар сол сәтте ұмытылады екен.

Саят Тұматаев Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде жылдық 5 пайызбен 6 жылға несие алды. Қазір оның ай сайынғы төлемі 25 000 теңгені құрайды.

-Мен бұл пәтерді өз еңбегімнің арқасында алдым. Менің қол ұшын берер көкем де жоқ. Мен банкке бардым, шот аштым, ақшамды жинай бастадым. Бастысы алдыма мақсат қойдым. Қазір менің екі балам бар. Біз отбасымызбен бақытты тұрамыз, біз үшін ең бастысы – басымызда баспанамыз бар. Ендігі менің арманым – несиені жауып, осы үйден 3 бөлмелі пәтерге қол жеткізу. Тұрып жатқан пәтерімізді сатқымыз келмейді. Бұл біздің екі ұл баламызға қалатын мұра. Мен тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде жаңа депозит ашамын және жаңа пәтерге ақша жинауды бастаймын.

Талқылау