Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тұлпары бәйгеде тек бірінші болып келетін қазақ жігіті ат баптауыны сырын айтып берді

Қоғам қайраткерлерінің бірі «Қазақ ұлтына сырттан келер үлкен көмек бар, ол-оралмандар» деген сөз айтқаны бар. Шеттен келіп жатқан қазақтар бүгінде қай жерде болса да еңбекқорлығымен ерекшеленіп, кәсіппен айналысуға, мал табуға деген құлшынысымен қадірлі болып жүр.

Тұлпары бәйгеде тек бірінші болып келетін қазақ жігіті ат баптауыны сырын айтып берді

Жоғалып бара жатқан ата-дәстүр, салтымызды қайтадан ортамызға алып келіп, жаңғыртып, жалғастырып жатқан да сол ағайындар екені рас, деп жазады Егемен Қазақстан.

Зайсан ауданына іссапармен барған жолы Қарабұлақ ауылына көшіп келіп, еліміздегі ауыл шаруашылығын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, төрт түлікті көбейтіп, егін егіп, осы шағын шаруасынан жыл сайын бірнеше миллиондаған табыс түсіріп отырған берекелі оралман отбасының шаңырағында болып қайттық.

Ердібек Хамиттің үй-іші туыстарымен бірге Қытайдың Алтай аймағынан елге 2011 жылы көшіп келген. Келген беті ауыл іргесіндегі Сатбай қыстауынан үй, жер алып, мал бағып, дәнді-дақыл салуға кірісіпті. Сатбайдың жан-жағындағы жазықта жайылып, мамырлап жатқан малдың бәрі осы Ердібектің қысы-жазы ерінбей, жалықпай өсіріп, өргізіп отырған түліктері.

Тұлпары бәйгеде тек бірінші болып келетін қазақ жігіті ат баптауыны сырын айтып берді

Осы түліктердің ішінде Ердібекке ең жақыны, әрине, ер қанаты-жылқы. Шіңгіл жерінде кішкентайынан ат жалында ойнап өскен ол Қарабұлаққа келген соң да қасиетті жануарларды, жүйрік жылқыларды баптап, күтуді жалғастырып келеді екен. Оның баптап отырған жел жетпес жүйріктері әрісі облыстың, берісі ауданның, ауылдың бәйгесіне қатысып, алдарына ат салдырмай жүр.

“Думан Хасенов деген шабандоз бала осы жүйріктерге мініп талай бәйгенің басында келеді. Былтыр екі ат Зайсан ауданы бойынша өткен бәйгеде бірінші орын алды, оның алдында жаратып жүрген тағы бір сәйгүлігім Шіліктіде үшінші орын алды. Биылғы Наурызда Бақасу ауылында бәйге өтіп, оған қосқан тұлпарымыз бірінші орынды иеленді”, -дейді Ердібек көмбеге қашан да бірінші болып келіп жүрген бәйге аттарының атын атап, қыр-сыры мен мінезін бізге сипаттап беріп.

Ердібек баптаған сәйгүліктердің арасынан әсіресе, Айтұмар мен Бес парыз суырылып шығып, бәйгені бермей келеді. Қазақта атақты тұлпарлар аз болған жоқ. Ақансері Құлагерім десе, Байшұбар- Алпамыстың, Тайбурыл-Қобыландының аяулы арғымағы болғанымен белгілі. Ердібектің әңгімесінен Айтұмар да Ердібектің аузынан тастамайтын дүлдүлі, ең сенімді, сұлу сәйгүлігі екенін ұқтық. Сәуірде Зайсан ауданында облыстық деңгейде дерлік үлкен бәйге өтіп, аламанға алғаш рет түскеніне қарамастан Айтұмар осы жарыста тағы да топтан қара үзіп шығып, үшінші орын алыпты. Ауданда өткен бұл бәйгенің ұйымдастырушысы- аудандық «Ат сүйер» ұлттық ат спорты, атбегілер қауымдастығы. «Ат сүйер» қауымдастығын құрған, осы іске бастамашы болған да Ердібектің өзі екенін айта кеткен абзал.

“Облыстық спартакиадаға, қай жарыстарға болмасын Зайсан ауданынан бәйге аттарының қатыспайтындығы ауданымызда ұлттық ат спортының кенжелеп қалғандығынан, дамымағандығынан, бәйгеге үкілеп қосар бәйге аттарының аздығынан еді. Өсіп келе жатқан ұлдардың осы ұлттық спорт түрімен айналысуына мүмкіндік тудыра отырып, Зайсанда ұлттық ат спортын дамыту мақсатында ақпан айында ат сүйер жігіттер, бәйге аттарын жаратып жүрген жастар басымызды қосып, кеңесе келе «Ат сүйер» ат спорты қауымдастығын құрдық. Осы қауымдастық құрыла салысымен көктемде «бісіміллә» деп ауданда бәйге өткіздік, оған өзге аудандардан, қалалардан да шабандоздар келіп, қатысты. Жеңімпаздарға көрсеткен марапатымыз да жаман болған жоқ, қал-қадірімізше қосылып, қаражат жинадық, жеңімпаздардың сыйлығын малдай да бердік”,-деп бастаған істерінің баянды болатынына сенім артқан «Ат сүйер» қауымдастығының төрағасы Ердібек аудан әкімдігі тарапынан осы шаруаға ұйтқы болған өздеріне қолдау көрсетіліп жатқандығын жеткізді.

Ердібектің «Айтұмары» бәйгені бермей келеді

Ердібектің 90 нан асқан апасы- Күлімхан апа немересінің, өзінің қолында екен. Ердібек Күлімхан апаның ұлы Хамиттің бес баласының тұңғышы. Әкесі Хамит те ұлымен бірге қожалық шаруасының бел ортасында жүр. Ердібектің қарындасы Айгүл аудандық мәдениет үйінің өнерпазы, көрермендерін әсем даусымен тәнті етіп жүрген әнші. Ұлының, немере, шөберелерінің жанында емен жарқын отырған апамыз Қазақстанға келіп, елге ел боп қосылып отырғандарына , ұрпағының өз отанында еңбекепен көркейіп жатқандығына асқан ризашылығын білдіріп, кетерімізде ақ батасын берген.

“Жүйрік аттардың мінезі де қыран құстардың мінезіндей, олар өте кең, көбінесе жуас келеді. Бәйге аттарына айрықша бап керек. Оларды күткен апамды күткенмен бірдей ғой”, -деп әзілдейді Ердібек.

“Жем, суын уақытымен беріп, демалдырып, күтімде ұстап отыру керек. Бәйге аттары жеке ұсталып, көбінесе қора маңында бағылады. Оларды мінбейміз, көп арқандамаймыз да. Халқымызда жүйрік аттарды тіл-көзден, келеңсіз жағдайлардан қорғау үшін атқарылатын салт-дәстүр әдет ғұрыптар бар. Аталарымнан көрген, білген ол ырымның бәрін сақтауға тырысамын. Бес-алты жастағы бала кезімнен жүйрік атты баптауға, сақтауға байланысты жөн-жосықтарды атамның, әкемнің жасаған салт-жоралғыларынан көріп, үйреніп өстім. Жүйріктердің жүгенін ерекше қастерлеймін, ат әбзелдерін төменге түсірмей биік жерге іліп қоямын”, – дейді ол.

Ердібек өзінің жүйрік аттарын бәйгеге қосар алдында кекілі мен жалына ырымдап үкі тағып қоятынын да айтты. Сәйгүліктерді жарыс жолына шығарар алдында ағайындарының ішіндегі көпті көрген қариялардан бата алып барып бірақ қосады. Ол өз сәйгүліктерін өзінің ғана емес, бүкіл әулетінің, елінің, жерінің атын әйгілейтін, мәртебесін көтеретін түлік төресі деп біледі. Сондықтан да, бәйгеге қосар тұлпарларының тілеуін тілеп Күлімхан апасы шашу да шашып жатады. Ердібектің бәйгені бермейтін сәйгүліктері «Айтұмар» мен «Бес парыз» күні кеше ғана Ұлы Жеңіс күніне орай Зайсанда, Күршімде өткен бәйгеден тағы да бірінші орын алып келіпті.

Қостанай, Ресей жылқыларының тұқымдары болып келетін Ердібектің шабысынан жаңылмаған жүйрік жылқыларының біреуінің құны миллион теңгеге жетіп жығылады. Ердібек осы жүйрік жылқыларды бабында ұстау үшін, өзге де малдың азығы үшін жылдағыдай биыл да 20-30 гектар жерге жоңышқа салмақ. Қиған ағаш телімі тұсында 1000 гектар жайылымдық жері бар, жаздыгүні малдың дені сонда болады. Қарабұлақ ауылдық округінің бас маманы Марат Сәрсембаев алдағы уақытта басы көбейіп келе жатқан қожалықтың ірі қарасы мен ұсақ малына, жылқысына жайылымдық жер беру мүмкіндіктерін қарастырып жатқанын айтты.

Бәйгеге ат жаратып қана қоймай, ауданда бәйгені ұлттық спорт түрінде дамытсақ, өркендетсек деп талаптанып жүрген жігіт атадан балаға мұра болып келе жатқан – ит жүгіртіп, құс салған саятшылық дәстүрін де жалғастырып жүр. Мойнақ, Таймас, Бура атты құмай тазыларды Ердібек осыдан бірер жыл бұрын Қырғызстаннан, Алматыдан және Ұлан ауданынан сатып алып келіпті. Тазыларды алты айынан бастап аңшылыққа баулып келе жатыр. Үшеуі де қазір түлкі мен қоянды құйындай соғып жүрген сырттандар. Епті, әдісқой, жүйрік тазылардан ауылдың былайғы иттері де жасқанып, тазылар жалғыз жүрсе де өзге иттер оған айбат шекпейді екен.

“Бір топ иттің арасын жалғыз өзі қақ жарып өте беретінін әлденеше рет байқадым. Бұл да оның аңшылық, қайсарлық рухының белгісі шығар. Үш тазым да езулі, қайратты. Аңшылыққа жиі шығуға шаруадан қол босамайды, әйтсе де сәті түсіп шыққанда бір рет құр қайтарып көрген жоқ”, -дейді Ердібек.

Алғырлығымен, сүйкімділігімен, жүйріктігімен сүйсінткен тазы тұқымын өсіріп, баптап отырған Ердібек «Қызыл кітапқа» еніп кету қаупі төніп тұрған бұл асыл тұқымды жануардың да санын көбейтуді көздеп, саятшылықты дамытуды ойға алып жүр.
Ердібектің жер тарпыған сұлу сәйгүліктері мен қырағы, кербез тазыларын көріп, шапқан сайын адымы ашылатын арғымақтары мен қуғаны қашып құтыла алмаған Мойнақ, Бура, Таймас туралы айтқан әңгімесін естіп, саятшылық құрып, жүйрік тұлпар жарату сияқты санамыздан алыстап кеткен бағзы замандағы ата дәстүрімізді, салтымызды бір сәтте болса бүкіл болмысыммен, тамыр-тамырыммен сезінгендей болдым.

Жанаргүл Мұқатай

 

Талқылау