Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қостанайда тойда танысқан: Асхат Тарғын досы Абай Бегейдің жары туралы айтып берді

Күні кеше қолына ақ құсын қондырып, екінші рет үйленген Абай Бегей әріптестері мен туғандарының басын қосып, дүркіретіп той жасады. Көңілі ақ, ортасына сыйлы өнер иесінің қуанышына қазақ эстрадасының ең танымал жұлдыздары ортақтасты. Олар Абай Бегейдің теңін тапқанына шын жүректен қуанышты екендерін жарыса жеткізді. Ал Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне сұхбат берген Асхат Тарғын әріптесі Абай Бегейдің келіншегімен таныстығы жайлы сөз қозғады.

Гүлзира Айдарбекова: Абай әйелінің үстінен әйел алып, бір отбасын жылатса, тойында отырмаған болар едім

Асхат Тарғынның айтуынша, Абай Бегей болашақ жарын осыдан бір жыл бұрын жолдасының тойында жолықтырған.

“Қостанайда досымыз үйленіп, Абай да, мен де қонаққа бардық. Сол жерге Фариза қыз жолдас болып келген. Екеуі сол жерде танысқан. Оны мен білмеймін. Кейіннен “сөзіміз жарасты” деп айтты. 2-3 айдан кейін сөйлесіп жүр дегенді естігенмін”, – деп ағынан жарылды Асхат Тарғын.

Әншінің айтуынша, ол оқиғадан бері 1 жылға жуық уақыт өткен. Осы уақыт аралығында жүз ойланып, мың толғанған Абай Бегей ақырында үйленуге бел буған.

“Кешегі той өте жоғары деңгейде өтті. Абайдың өнердегі ағалары келіп, тілектерін айтты. Фариза да, Абай да сөйлесіп, ортақтасып шешкен дүние. Ешқандай да зорлық та, қорлық та жоқ. Екеуі бір-бірін біліп барып үйленді”, – дейді Асхат Тарғын.

Тойда танысқан: Асхат Тарғын досы Абай Бегейдің жары туралы айтып берді

Тойға жиналған қауым әншіні жарыса құттықтағанымен, бұл жаңалықты естіген халықтың пікірі сан саққа жүгірген. Әсіресе, желі оқырмандары осыдан үш жыл бұрын қосағынан айырылып қалған әншіні қатаң сынға алған көрінеді. Бұл орайда Асхат Тарғын тағдырдан ешкімнің де қашып құтыла алмайтынын алға тартып, халықты түсіністік танытуға шақырды.

“Қазақта “орта жолда атың өлмесін, орта жасқа келгенде қатының өлмесін” деген жақсы сөз бар. Әбекең де шарасыздықтан осындай қадамға барып отыр. Әйелі осыдан үш жыл бұрын қайтты. Әбекең 50-ден асқан кісі емес. 40-тан енді ғана асқан жас жігіт. Кішкентай балалары бар. Сондықтан да үйге бас-көз болатын әйел адам керек. Үлкен қызы тұрмыс құрып кетті. Ер жеткен ұлы мен екі кішкентай қызы қалды. Ол қыздарға кім қарайды? Өзі үнемі сыртта жүреді.

Мұндай жағдайды ешкімнің басына бермесін. Берген жағдайда, ер адам қалай болғанда да біреумен бас қосуы керек. Өйткені жалғыздық Құдайға ғана жарасқан. Әр адам бақытты болуға лайықты. Біреу түсінеді, біреу түсінбейді. Қыздардың жүрегі ауырады деп жатыр. Әрине, бірден қабылдай салу оңай емес. Бірақ өлгеннің артынан өлмек жоқ, тірі адам тіршілігін жасайды. Сондықтан да түсіністікпен қарасаңыздар деп сұраймын. Басқа бермегеннен кейін, көп адам түсінбейді. Әбекеңнің өзі де, алып жатқан жары да 5 уақыт намаз оқиды. Бәрін біліп, шариғат жолымен үйленіп отыр. Жеті рет өлшеп, бір рет кесілген дүние”, – дейді Асхат Тарғын.

Тойда танысқан: Асхат Тарғын досы Абай Бегейдің жары туралы айтып берді

Айта кетейік, күні кеше дүркіреп өткен тойға Абай Бегейдің қос бірдей бүлдіршіні қатыспаған. Ал биыл 11-сыныпқа қадам басқан атұстары әкесіне демеу болып келген.

“Екі кішкентай қызы тойда болған жоқ, есесіне ұлы келді. Қазір 11-сыныпқа өтті. Ұлы да біледі, қарсы емес. Шамасы бұған дейін де танысып-біліскен ұқсайды. Балалар да жаймен үйренісіп кетеді, ештеңе де бірден болмайды”, – деп түсіндірді Асхат Тарғын.

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау