Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Төрт баланың анасы өмір бойы күйеуінің көзіне шөп салып келгенін айтып өкінді

Жасы елуге жақындаған әйел  бүгінде  Алматыдағы «Алтын орда» базарында саудамен айналысады. Жиырма жылдан астам уақыт, ақ некелі жарының көзіне шөп салып келгенін де жасырмайды. Тек, жұрт жиіркене қарайтын жағдайға,  тағдырдың айдауымен барғанын түсіндіргісі  келеді.

қызық

Stan.kz сайты оқырмандарынан ерекше жағдай мен бастан өткен оқиғалар туралы үнемі хат-хабар күтеді. Бұл оқиғаны тұрақты оқырманымыз , сайт тілшісіне телефон арқылы баяндап берді. Мақсаты, ешкімге айта алмайтын жан сырымен бөлісу.

– Сонда сіз тұрмысқа шыққан кезде, күйеуіңізбен сүймей қосылдыңыз ба?

– Мен Оңтүстік Қазақстан облысына тұрмысқа шықтым. Өзім де сол оңтүстіктен боламын. Он сегіз жасымда күйеуім сыртымнан ғашық болып, алып қашты. Бірінші күйеуіме емес әкесіне ұнаппын. Қайын атам «Ұзын бойлы, сүйегі ірі қыз. Немерелерім әдемі болады» депті. Алғашында қалмаймын деп шу шығардым. Ауылды жерде тіпті, қуғыншы болып келген жеңгелердің өзі «Бикеш, табалдырық аттап қойдың. Бірінші бақ-бақ, екінші бақ-бейбақ. Үйге қайтып барып, жұрттың көзіне қалай қараймыз? Қайтып келген қыз жаман» деп өзімді ұялтып, басу айтып, сол үйде қалуға көндіріп кетті. Тұрмыстағы алғашқы жарты жылым жылаумен өтті. Одан әрі аяғым ауыр болды. Содан сол үйде мәңгілікке қалып қойдым. Ұнатпайтын адаммен қалғаныма ренжіп, алғашқы айларда оған барлық жаман сөзді айтқам. Тіпті, кемсітіп төбелеске дайын тұратынмын. Екеуміз жастымыз. Ол да мені әкесінің ақылымен алғанын айтып, қол көтеруді шығарды. Арасында төбелесіп те қалатынбыз. Өзімнің айтқандарым маған білінбейді, ол кемсіте қалса өштесетінмін де қалатынмын. Тіпті талай мәрте өлгім де келген. Бірақ, өзім анасыз өскеннен кейін, тұңғышымның жетім өскенін қаламадым.

-Күйеуіңіз ұрып-соққан кезде де ажырасуды ойламадыңыз ба?

-Талай мәрте кетіп қалдым. Қайын атам, енем барып алып келеді. Үйден әкем «Балаңды әкесіз өсірме, тірі жетім болған жаман» деп шығарып салатын. Сөйтіп жүргенде төрт балалы болдық.

-Қайныңызбен көңіл қостым дедіңіз, сонда ол күйеуіңіздің туған інісі ма?

-Жоқ. Көршім. Күйеуімнің ауылдағы руласы ғой. Бір рудан болғаннан кейін ағайын адамдар жақын араласамыз. Ата-енем еншімізді берген кезде, осы қайнымның үйінің алдына көшіп бардық.

-Онымен қалай көңіл түсінісіп, жақындасып жүрсіз?

-Күйеуім мені қатты ұратын. Жаңбырлы түндерде далаға қуып жіберетін. Араға түсетін ата-енем жоқ. Сол жылы балаларымның әкесі қатыгезденіп кетті. Сонда осы қайным мектепті енді бітірген. Төбелесімізді көріп қалып, арамызға түсіп жүрді. Сырлас досым болып кетті. Ол енді үйіміздегі барлық жанжалды өз көзімен көрді гой. Жаспыз, екінші ұлым әлі туылмаған. Ол қыз сияқты болатын «Айгүл, сені қалай ғана ұрады, соны түсінбеймін. Біздің ауылда сен сияқты әдемі келіншек жоқ» деп менімен қосылып көзіне жас алатын. Ақыры бір күні «Осылай жалғаса беретін болса, ағамды өзім-ақ өлтірем. Болмаса сен қашып кетші. Не қорлық мынау? Жалғыз қорықсаң сенімен баруға әзірмін. Саған өзім-ақ үйленем. Балаларыңды да бағамын» деп айтты. Мен түсінбей қалдым. Ол маған жаны ашып, күнде қуантып тұруға әрекеттенетін. Тәттілер сыйлап, жақсы сөзін арнап, күніне бір мәрте келіп көңілімді көтеріп кететін. Ұрыстан шаршаған мен, өзім оны іздеп тұратын болдым.

– Осылай, қанша уақыт жүрдіңіздер?

– Мен қалаға сауда жасауға кеткен кезде ғана арамыз алшақтады. Оның өзінде телефонмен үнемі байланыстамыз. Сөйлесіп бір-біріміздің жағдайымызды біліп тұрамыз. Ауылда жүрген кезде қайныма келінді өзім таңдап бердім десем де болады. Әрине қызғандым. Ол да келіншегіне бірнеше жыл суық болды. Тағдырымыз екен екеуміз екі үйде сүймейтін адамдармен тұрып, шыдадық. Ең бастысы ол мені өлімнен құтқарды деп білемін. Ол мені өзіне жақын тартпағанда, туған-туысым түсінбеген жағдайдан шыға алмас па едім. Ол менің адам екенімді, бақытты болуға лайық екенімді түсіндірген кезде өмір сүруге құштарлығым арта бастады.

-Осы кезде күйеуіңіз мүлде байқамады ма? Сезіп қойған жоқ па?

-Оның көңіл –күйін, маған айтқан сөздерін еш елемейтін едім. Тек асын әзірлеп, үйдегі күтушісі сияқты жүрдім. Өзі мені қызғанатын, ұратын,соғатын, жылататын. Бірақ, менің інісімен көңіл қосып жүргенімді білмеді. Түрлі дүниені жасап көрді. Кәдімгідей ерегісіп миға симайтын дүниелерді жасайтын.Жұмыс істеместен жатып алатын. Қазір де істемейді. Мен сатып алған заттарды сындырып, тапқан ақшамды жыртып тастаған кездері де болды. Қартайғанда ажырасып қайтеміз деп үндемейтінмін. Сол қылығының кесірінен балаларына да сыйсыз болып қалды. Екеуміз өмір бойына бір-бірімізді түсінбей кеттік. Қазір шал болды ғой. Әлі күнге жарты сағаттан артық бірге отырсақ, ұрысып қаламыз. Балалардың барлығы қазір үйленіп, тұрмысқа шығып кетті. Ең жаманы оларда бақытты балалық болмады. Ең үлкен өкінішім сол.

-Қайныңыздан құрсақ көтермедіңіз ба?

-Мүмкін, көтерген шығармын. Бірақ , ол маған маңызды емес.

-Сіз бұл құпияңызды неге жұртқа жариялағыңыз келді?

-Бұл сырымды ешкімге айтқан емеспін. Ішімдегіні шығарып, жұрттың пікірін білгім келеді. Мен өзімді жарыма адал болмадым деп іштей сөгем. Бірақ, отбасымызды бақытты ете алмағанымыз үшін,екеуміз де кінәліміз.Кейде тіпті күйеуімді аяймын. Мүмкін мені еркіме жіберіп, басқа әйел алғанда бақытты болар ма еді деп қоямын. Ол сүйкімсіз болып қартайды. Сыртынан қарап кейде қатты жаным ашиды. Кейде, бәрін ұмытып, қартайғанда бақытты болайықшы деп ойлаймын. Бірақ,бізде ортақ әңгіме жоқ сияқты. Тез ұрысып қаламыз. Сонымен тағы да бәрі сәтсіз аяқталады.

 

Оқи отырыңыз:

Петропавлдық оқушы өз отбасын өлімнен құтқарып қалды

Күйеуім көзіме шөп салды. Ділназ Ахмадиева алғаш рет ажырасуы жайында айтып берді

Қария 67 жыл бойы өзінің көгілдір екенін отбасынан жасырып келген

Құжатын жоғалтқан қазақстандық отбасы балаларын мектепке оқыта алмай жүр

 

Талқылау