Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоңудың не екенін білмеймін: Түркістан облысында қария қақаған суықта бір ғана костюммен жүр

Түркістан облысының Балықты аулында тұратын қария суықты сезінбейді. 78 жастағы Кенжебек Бөрікбаев жылдың барлық мезгілінде костюммен жүреді екен.

Кенжебек Бөрікбаев

Бұл туралы «Замана» газетіне сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.

Түлкібас өңірі тауға жақын орналасқандықтан, бұл жерде қыс ерте түседі. Өңір тұрғындары қыстық киімдерін дайындап, қамданса, Балықты аулынада тұратын Кенжебек ақсақал бір костюммен ғана жүр.

Қарияның сөзінше, ол 78 жасына дейін суық тиіп ауырып көрмеген. Тоңуды білмеймін, дейді ол.

«Айтсам сенбейсің ғой, інім. Міне, биыл, Құдай қаласа, 78 жастан асып барамын. 1940-жылы туылғанмын, Елбасымен түйдей жастымын. Біле білсең, мен осы уақытқа дейін жаурау дегеннің не екенін білмеймін. Тұла бойым үнемі ысиды да жүреді. Тіпті қыс мезгілінің қытымыр аязында да үстіме тон немесе қалың пальто киіп көрген емеспін. Киетінім қарапайым костюм-шалбар ғана. Ары кетсе ішінен жұқа жемпір киемін. Болды», – дейді Кенжебек Бөрікбаев.

50 жыл бойы ұжымдық шарушалықта жұмыс істеген қария жылы киім кие алмайтынын айтуда.

«Өзім жарты ғасырдай колхозда еңбек еткен адаммын. Алдымен он жылдай қойшы, кейінірек мал дәрігері қызметін атқардым. Сонда небір аязды күндері, боран ұлыған түндері мал қорада, ашық алаңқайда жеңіл-желпі киініп жүре беретінмін. Қалың киім киіне алмаймын. Кисем, бірден пысынап, терлеп кетемін. Содан кейін қайта шешіп тастаймын. Мен өмірі жаурамаймын. Ылғи ыстығым тасиды да жүреді», – дейді ақсақал.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау