Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқтар Төлешовтың зауытын күзеткен азаматтар ереуілге шықты

Шымкент сыра зауытының күзетшілері ереуілге шықты. Зауыт алдына жиналған 35 шақты күзетші үш айдан бері жалақы алмағанын айтады, деп хабарлайды Bnews.kz.

толешов
Шымкент сыра мен сол зауыт аумағындағы Шыны зауытын күзеткендер басшылықтан нақты жауап ала алмай келеміз деп қынжылады. Айтуларынша, «Вымпел ГРУ» күзет агенттігінің басшысы Анвар Каримов жалақыларын төлемегені былай тұрсын, қарасын да көрсетпей жүр екен.

«Күзетші болып істегеніме екі жыл болды. Айлығымызды уақытылы ала алмаймыз. Бастықтан сұрасақ, сыра зауытының бас есепшісіне сілтейді. Олар нақты жауап бермейді. Содан ақпан айында жұмыстан шығып кеттім. Өйткені үш айдан бері жалақы көрмедік. Үш балам бар, несие төлеуім керек»,-дейді Жақсыбай Сұлтанбеков.

Мекеме жалақы төлей алмаған соң күзетшілердің кейбірін ақысыз демалысқа жіберген, жұмыстан өзі шығып кеткендер де бар.

«Жалақымыз 35-40 мың теңге көлемінде. Соның өзін ала алмай жүрміз. Сұрап барсаң, ақша жоқ дейді. Түсініксіз. Кейбір күзетшілерге берді жалақысын. 35-40 шақты адамға бермей отыр», – деп түсіндірді күзетшілердің бірі Шалқар Байзақов.

Ереуілге шыққандар күзет агенттігінің бастығы «сыра зауытынан ақша түспей отыр» дегенін жеткізді. Ал зауыт басшылығы болса, күзетшілерге жалақы төлеу құзырымызға кірмейді дейтін көрінеді. Таң атқаннан түске дейін тұрған жұмысшыларға осылайша ешкім нақты жауап бермеді. Есесіне ереуілшілерді тыңдауға өңірдің бас еңбек инспекторы келді. Бастар Есқараев жалақы алмағандардың жиналу себебін анықтап, арыз жаздырып алды. Енді бүге-шігесіне дейін тексеріп, жалақы алуға қолғабыс етуге уәде берді.

«Бұл күзетшілерден бізге арыз-шағым түспеген. Бірақ бүгін жазып берді. Желтоқсан айынан бері жалақы алмаған. Заңға сәйкес, белгілі мерзімде тездетіп қарайтын боламыз. Қанша сома екені тексеру кезінде белгілі болады. Заң бұзылған болса, әкімшілік шара қолданамыз», – деді Есқараев.

Еңбек инспекторының сөзінше, бұған дейін «Шымкентпиво» ЖШС-ның жұмысшыларға 27 млн теңге қарызы болған. Бірақ, қазір бұл жалақы қарызы толығымен өтеліпті.

Бұған дейін белгілі кәсіпкердің арнайы операция кезінде ұсталғаны жайлы хабарлаған болатынбыз.

Талқылау