Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқтар Серіков ұятсыз клип түсіретін әншілерге ақыл айтты

Жыл көшкен сайын Қазақстанның шоу-бизнесі дарынды әншілермен толығып, әлемдік өнер әлемінен өз орнын табуда. Алайда соңғы кездері қазақ эстрадасына “жаңалық” енгізуге бағытталған, ұлт менталитетіне сай келмейтін сапасы төмен бейнебаяндар мен әндердің саны артып келеді десек, артық айтқанымыз емес.

Тоқтар Серіков пен “Меломен” тобы Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне берген сұхбаттарында соңғы кездегі қазақ шоу-бизнесіндегі өзгерістерге қатысты пікірлерін білдіріп, өнерде ашық-шашық жүрген әріптестеріне ақыл-кеңестерін айтты.

Қазақ өнерінен өз орнын ойып тұрып тапқан Тоқтар Серіков ізінен ерген іні-қарындастарының тұрпайы әрекеттеріне жаны ашитынын жасырмайды. Халық сүйіктісі қазір сахналық образ, өнерге жаңалық енгізіп жүрмін дейтін әншілер қартайғанда істеген істеріне өкініп қалмаса екен дейді. Қазақ менталитетіне сай келетін туындылардың көп болғанын қалайды.

“Мен олардың жеке басының тірліктеріне араласпаймын. Бірақ Мейрамбек екеуміз алдыңғы буын өкілдері болған соң, бізге журналистер қауымы көп сұрақ қояды. Осыған және бауырларыма, қарындастарыма да айтарым — жастарға, қазіргі буын өкілдеріне ғана емес, жалпы, біздің қазақ жұртына арнап дүние түсірілсе. Сол түсірілген дүниенің ішінде біздің қазақтың менталитеті сақталса… Бауырларым да, қарындастарым да болашақта қателік жасамаса, кейін өздері шал-кемпір болғанда өкініп қалмаса екен деймін. Осы дүниені мен бекер жасаған екенмін деген өкініш болмасын. Тыржалаңаш, жалаңбұт жүретін, өзге ұлт өкілімен сүйісіп жатқан қарындастарымнан шама жетсе қазақтың менталитетіне қарсы келетін дүниелер жасамаса екен деп сұраймын, өтінемін”, — дейді Тоқтар Серіков.

“Меломен” тобының мүшелері Қайрат Мырзаханов пен Ролан Қазретов те қазаққа жат дүниелердің ел арасында таралуына, өркендеуіне қарсы.

“Өмір болғаннан кейін, әсіресе біздің шоу-бизнесте жаман мен жақсы бірге жүреді. Жаман кей кезде басым жүреді. Біздің заманымыздың, менталитетіміздің өзгеріп жатқаны өкінішті. Бір заңдылық сияқты болып қалды. Айттың не, айтпадың не бір құлағынан кіріп, екінші құлағынан шығып кетеді. Енді бұл жерде бастысы өзім істемеймін, қалғаны өздері біледі деген нәрсе жоқ. Біздің де ішіміз күйеді, жанымыз ауырады осындай нәрсе үшін. Мұндай нәрсеге қарсымыз”, — дейді топ мүшелері.

Сондай-ақ топ өнердегі әріптестері Нұрболат Абдуллин мен Кәмшат Жолдыбаеваның жақында шыққан бейнебаяндарына қатысты өз пікірімен бөлісті.

“Кәмшатқа үйреніп қалдық қой, Нұрболаттан ондайды күтпедік. Мүмкіндік болса, Нұрболатқа өзіміз ұрысып айтамыз”, — деді олар сөз соңында.

 

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады.

 

Талқылау