Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Былтырғы жаздағы жағдай қайталанбауы керек": Тоқаев денсаулық сақтау нысандарын сынға алды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал жөніндегі жұмыс кеңесінде карантин шараларын сақтамаған азаматтарға жаза қатаңдатылатынын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Тоқаев

“Біз пандемия жағдайында өмір сүріп, жұмыс істеуге бейімделуді үйренуіміз керек. Бизнес пен тұтынушылар үшін көбінесе Ashyq цифрлық шешімінің арқасында жұмыс істеу мүмкін болып отыр. Бағдарлама өзін ақтады. 

Сонымен бірге соңғы уақытта вирусты жұқтырғандар мен олармен байланыста болғандар саны өсуде. Яғни "қызыл" және "сары" мәртебесі бар адамдар қоғамдық орындарға жиі барады. Бағдарлама олардың дәрежесін анықтап бергеніне қарамастан, жауапсыз азаматтар қашып басқа демалыс орнын іздеуге тырысады. 

Шамасы, мұндай жауапсыз адамдар айыппұл арқалаудан қорықпайды. Өйткені оларға ешкім айыппұл жазып бермейді. Ал жүйеде ЖСН мен иммундық мәртебені бекіту бар ғой. Мұндай жауапсыздық жазалануы керек. Карантиндік шектеулерді сақтамағаны үшін талаптарды қатаңдатуды тапсырамын”, – деді президент. 

Сондай-ақ ол Ashyq қосымшасының қамту аясын кеңейтіп, оның функционалын жетілдіру қажеттігін жеткізді.

“Жүйе жұмысының күнделікті мониторингі туралы ұмытпау маңызды. Кәсіпкерлік нысандарын Ashyq пайдаланатын тізімдерге қосу өте ұзақ бюрократиялық процесс екендігі туралы ақпарат бар. Бұл жүйенің операторы "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы болғанына қарамастан объектілерді жүйеге қосу жөніндегі талаптарды оңайлату жағын қарай қайта қарау қажет. Үкіметтен осы мәселені шешуді сұраймын. Мемлекет Ashyq және өзге де цифрлық құралдарды пайдаланатын бизнесті қолдауға тиіс. Екінші жағынан, мұндай мониторинг шараларын елемейтін кәсіпкерлерді қатаң жазалау керек. Бұл мәселе әкімдердің ерекше бақылауында болуы тиіс”, – деді президент.

Сонымен қатар мемлекет басшысы денсаулық сақтау нысандарының сапасын сынға алды. 

“Менің тапсырмам бойынша өңірдегі денсаулық сақтау нысандары тексерілді. Оның нәтижесі көңіл көншітпейді. Жаңадан салынған модульді жұқпалы аурулар орталықтары ғана стандарттарға сай келеді. Былтырғы жазда болған жағдайдың қайталануына жол беруге болмайды. Денсаулық сақтау жүйесінің бір қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет. Өкінішке қарай, осы мәселеде олқылықтар бар. Бірнеше айдың ішінде жаңа инфекциялық ауруханалар салынды, қажетті құрал-жабдық сатып алынды, дәрі-дәрмек қоры жасақталды. Медицина қызметкерлерін де оқыттық. Енді, осының бәрін дұрыс әрі тиімді пайдалану керек”, – деді Тоқаев. 

Талқылау