Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тілеуханов министрге: Тұрсыновтың ешкісі Сартай батырдан, Сәбинка келін Керей мен Жәнібектен артық па?

Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке депутаттық сауал жолдап, ҰБТ сұрақтарына қатысты елдің наразылығын жеткізді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

1397902

Фото: Болат Шайхинов

“Жалпы, ҰБТ форматында оң өзгерістер баршылық. Бірақ басты проблема сұрақтың сапасында болып отыр. Білім саласында әрбір қадамның негізгі көздеген мақсатынан тыс идеологиялық бағытын, рухани жүгін ешқашан назардан тыс қалдыруға болмайды. Бұл маңызды мәселе. Бүгінде білім саласының эксперимент алаңына айналып кетуі өте алаңдарлық құбылыс. Негізі білім саласына қатысты бірде-бір мағлұмат жауапсыз жазылуға тиіс емес. Өйткені, онымен сусындаған баланың ертең азаматтық позициясына, мемлекетшілдігіне, елжандылығына, тарихи санасының қалыптасуына әсер ететінін ерекше ескеру керек”, — дейді депутат.

Сонымен, депутат ҰБТ сұрақтарына қатысты халықтың пікірін біліп, елдің көкейіндегі дүниені министрге жеткізуді жөн көріпті.

“Газетте бірінші наурызда жарияланған ҰБТ сұрақтары қоғамның айырықша наразылығына душар болғанына бәріміз куәміз. Тест сұрақтарында Ермек Тұрсынов, Баян Есентаева, Нұртас Адамбай сияқты шоу-бизнес, эстрада өкілдері жүр. Спортшылардан Головкин бар. Елдің пікірін әлеуметтік желілерде білуге мүмкіндік бар. Содан байқағанымыз, елдің наразылығы жойқын. Мысалы, “не үлгісі, не өнегесі жоқ Есентаева мен Тұрсыновты ұрпаққа үлгі қылудан не ұтамыз?” дейді біреуі. Енді біреу “Фредди Роуч не қылып жүр?” деп таң қалады. Шынында да, ол біздің рухани кодымызға, болашаққа бағдарымызға, рухани жаңғыруымызға қатысы бар тұлға ма?! “Головкинді бәріміз жақсы көреміз, бірақ ол Олимпиада чемпионы емес” деп те жазыпты. Шишигина мен Сәпиевті депутат деп қоспай-ақ қойсын. Дима Баландин мен Данияр Елеусінов Олимпиада чемпионы ғой. Фредди Роуч, Гонзалес бұл жерде не істеп жүр? Кличконың қажеті не?”, — дейді Тілеухан.

“Жақсы, Шәкен Айманов пен Сұлтан Ходжиковты ұмытсын, қайтыс болды. Асанәлі Әшімов пен Жолжақсыновтар қайда? Олар, кәрі шығар, бәлки?! Ешкі сүйретіп, елді масқаралаған Ермек Тұрсынов “Жаужүрек мың баланы” түсірген Ақан Сатаев пен “Қазақ хандығын” түсірген Рүстем Әбдірашевтан несімен озды?! Сартай батырдан ешкі, Сәбинка келін Керей мен Жәнібектен артық болды ма?! “Бұл жерде ана тіліне шорқақ адамдарды әдейі таңдай ма” дейді халық. Елдің көзқарасы осындай”, — деп кейіді депутат.

Оның айтуынша, классикалық негіз, академиялық нұсқа деген дүние қашанда ғылымға іргетас болған. Ал осы күні академиялық жазбаларға сүйенбей, интернеттен мағлұмат ала салатын болған. “Жалпы, бұқараның соншалықты наразылығына себеп болған жауапты тұлғалар жауапкершілікке тартыла ма? ҰБТ-дағы осындай өрескел қателіктер жіберген тестологтар шеттетіле ме? Осындай келеңсіздіктерге негізгі себеп жүйеден деп ойлаймыз. Сондықтан, бірінші, оқу бағдарламасы, оқулықтар, ҰБТ-ның жүйесіндегі сабақтастықты қалыптастыру қажет. Екінші, осындай аса жауапты дүние қоғамдық талқыдан өтуі керек. Ұлттық кодымызға, рухани жаңғыруымызға қатысты тұлғалар тура осы жерде өрнек табуға тиіс”, — деп түйіндеді сөзін Бекболат Тілеухан.

Тағы да оқыңыз:

Арыстанбек Мұхамедиұлының есебін тыңдаған министрлер күліп жіберді (видео)

Саясаттанушы: Елбасының латынға көшу туралы мәлімдемесі – Ресей мен Батысқа ескерту

Депутат: Тест сұрақтарында шоу-бизнес өкілі емес, халық қаһармандарының есімі тұруы керек

Талқылау