Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Терапевтің кесірінен жарымжан күйге түскен бүлдіршінге елордада ота жасалды

Біліксіз маманның кесірінен омыртқасы сынып, бір жарым жыл жансақтау бөлімінде жатқан павлодарлық Кәрім Тәңірбергенге бүгін елордада күрделі ота жасалды.

Терапевтің кесірінен жарымжан күйге түскен бүлдіршінге елордада ота жасалды

5 сағатқа созылған операцияны отандық нейрохирург дәрігерлер өткізген. Ал, 2 жастағы баланы жарымжан ете жаздаған терапевт бостандықта жүргені өз алдына, әлде де науқастарды қабылдап жатқан көрінеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Өткен жылдың ақпанында оның денсаулығынан дәрігерлер кінәрат анықтаған. Бір аяғы, екіншісінен ұзын болыпты. Осыны емдеткісі келіп ата-анасы мануалды терапевттің қабылдауына жазылады. Соңында 2 жастағы бүлдіршін жансақтау бөлімінен бір ақ шыққан.         

"Ол баламды қарап шығып, мойын бөлігінде туа біткен жарақат бар деді. Кәрімді қолына алып өзінің ем-домын жүргізе бастады. Уқалау кезінде баламның денесінің қатты сытыры естілді. Сол емнен кейін, перзентімнің жағдайы бірте-бірте нашарлап, жансақтау бөлімінен бір-ақ шықтық", - дейді зардап шеккен баланың анасы Гүлмира Жанайдарова.

Павлодарлық жас ананың перзенті үшін шырылдап жүргенін БАҚ құралдары арқылы көрген. Отандық ақ халаттылар ақыры көмек қолын созды. Өткен аптада арнайы санавиация ұшағымен елордаға жеткізілген оған дәрігерлер 5 сағат тапжылмай күрделі ота жасады. 

Айта кету керек, бұл 2 жастағы баланың омыртқасы мен жұлынына жасалған әлемдегі тұңғыш операция екен. Өйткені мұндай кезеңде бүлдіршіннің буыны әлі толық қатпағандықтан көп мамандар ота жасауға жүрексінеді. Ал, нейрохирургтар Кәрімнің жағдайында, әр минут санаулы болғандықтан, осындай күрделі шешім қабылдағанын айтып отыр. 

"Өте күрделі болды. Оның мойны мен басының қиылысында буыны шығып кеткен. 4 жерде омыртқасы сынған. Бірінші, екінші, үшінші омыртқасы, ол басты ұстап тұратын омыртқалар. Біз 3 мақсат қойдық. Бірінші, жұлынды миды босату, екіншіден орнына қою, үшіншіден фиксация жасау. Сол 3 мақсатқа жеттік", - дейді Ұлттық нейрохирургия орталығының бөлім меңгерушісі Талғат Керімбаев. 

Ұлының жағдайына алаңдаған ата-анасы басында сұқбат беруге қарсы болды. Әрине бауыр еті баласының өміріне кімде болсын бей-жай қарамайды. Бірақ Кәрімнің жағдайын естіп, уайымдары басылып, бар ойын ортаға салды. Бізге белгілі болғандай омыртқасын сындырған терапевт жазадан сытылып кетуі мүмкін екен. 

"Баламды емдеген терапевт  жұмысын қалаларды аралап жалғастырып жүр. Оны маған тергеуші айтты. Лицензиясын да ешкім алмаған. Қазір 3 сараптама дайын болды. Оның қорытындысы бойынша, мануалды маманның бұл жерде кінәсі жоқ делінген. Біз мұнымен тоқтамаймыз, кінәлі адам жазасын алуы тиіс", - деді Кәрімнің анасы Гүлмира Жанайдарова.

Ал, Павлодар қаласының полиция департаменті баланы жарымжан еткен маманның үстінен қылмыстық іс қозғалғанын айтып еді. Бірақ әлі күнге дейін нәтиже жоқ дейді Гүлмира Жанайдарова.

"Қазіргі таңда полиция қызметкерлерімен қылмыстық кодекстің 317-бабымен сотқа дейінгі тергеу жүрізілуде. Тергеу барысында қосымша сараптамалар тағайындалды. Олардың нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданады", - деді облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Алма Мұсабекова. 

Мануалды терапевттің қолынан зардап шеккен 2 жастағы Кәрім қазір елордадағы дәл осы "Нейрохирургиялық орталықта" ем қабылдап жатыр. Ақ халаттылардың сөзінше, оның денсаулығына төніп тұрған қауіп жоқ. Себебі, ең күрделі ота сәтті жасалынды. Ал, құлан таза айығып кету үшін балақайға дәрігерлердің бақылауында ұзақ уақыт оңалту жұмыстарынан өтуі қажет.

Естеріңізге сала кетсек, осы уақытқа дейін Павлодарда мануалды терапевтен ем алған сәбидің 476 күннен бері комада жатқаны туралы хабарладық. Сондай-ақ, кейін оған Нұр-Сұлтанда ота жасалатыны туралы белгілі болды. Ал мануалды терапевт Қазақстанның өзге өңірлерінде жұмысын жалғастырып жүр.       

Талқылау