Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Терактіде жарақат алған қару дүкенінің сатушысын құтқарған ақтөбелік медбике марапатталды

Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Қабыл террорлық әрекет кезінде “Пантера” дүкенінің сатушысы Алмат Рахметовты құтқарып қалған медбике Стелла Молдиманованы марапаттады.

епеп

Бұл туралы “Ақтөбе” басылымы хабарлайды.

Оқиға болған күні “Пантера” дүкенінің сатушысы Алмат Рахметов ауыр жараланып, ауруханаға түскен болатын. Дәрігерлер Алматтың аман қалуы алғашқы көмек көрсеткен медбикенің арқасы екенін айтқан еді. Оқиғаның қалай болғанын медбикенің өзінен сұрадық.

“Мен “Пантера” дүкені орналасқан үйдің екінші қабатында тұрамын. Сол күні түстен кейін, сағат үштің шамасында біреу есік қағып, көмек сұрады. Есікті ашсам, үсті-басы қан азамат дүкенде атыс болғанын, көмектесуімді өтінді. Алғашқыда сасып қалдым, бірақ дереу есімді жиып үйге кіргіздім. Көшедегі төбелестен болған шығар деп ойладым. Өйткені сол уақытта үйдің айналасынан тарсылдаған дыбыстар шығып жатты. Сатушының басы жараланған, құлағы терісінен бөлініп тұр. Кеудесінен де жарақат алған, аяғының сүйегі көрінеді. Қанның көп кеткені сондай, денесі көрінбейді. Дереу таңғыш алып, қанды тоқтатуға тырыстым. Жедел жәрдем көлігін шақырттық. Бірақ көлік үш сағаттан кейін келді. Өйткені бізді кепілдікке алды деп ойлап, келуге қорықса керек. Үйдегі екі ұлым қорқып, бөлек бөлмеге кетті. Жұбайым телефон тұтқасын алып үздіксіз жедел жәрдем шақырумен болды”, – дейді Стелла.

епепеп

Оқиға орнына полиция қызметкерлері жеткеннен кейін, Стелланың күйеуі терезеден айқайлап, жарақат алған адамның өлім аузында жатқанын айтады. Ішкі істер қызметкерлері алдымен үйден үй иесінің өзі шықсын дейді. Терезеден түскен күйеуі мән-жайды айтқан соң, жедел жәрдем көлігі Алматты ауруханаға алып кетеді.

“Жедел жәрдем қызметкерлері келгенше жарақат алған адамның қасында болдым. Ол да азамат екен, қиналса да шыдауға тырысып жатты. Жалпы бұндай жағдай медбикелерге жақсы таныс. Өзімнің 18 жыл еңбек өтілімде ауыр жарақат алған талай адамға көмектестім. Содан болар үрейлену, қорқу, секілді сезім болған жоқ, тек қалайда қанды тоқтатып, жедел жәрдем көлігі келгенше аман алып қалуды ойладым”, – дейді Стелла.

Алмат Рахметовке медициналық көмек көрсетілгеннен кейін, апасы келіп Стеллаға алғысын айтып кетті.

“Бұл менің дәрігерлік қызметім, біреуге істеген жақсылығымды міндет қылудан аулақпын. Бірақ адамдардың осындай ыстық ықыласы көңіліме ерекше қуаныш сыйлайды”, – деді медбике.

“Дару” оңалту орталығында өткен жиында қала әкімінің орынбасары дәрігерлерді төл мерекесімен құттықтап, олардың отбасыларына амандық тіледі. Сондай-ақ террорлық әрекет кезінде міндетін мүлтіксіз орындаған медбике Стелла Молдиманованың еңбегін жоғары бағалап, Алғыс хат табыстады.

Стелла Маратқызының “Дару” орталығында жұмыс істегеніне үш жылдан асыпты. Орталық директоры Ғалымжан Елеуов те медбикенің ерлігіне ризашылығын білдіріп, алғыс айтты. Сондай-ақ мереке қарсаңында өзге де дәрігерлер мен медбикелерді орталық атынан құттықтап, Алғыс хаттар табыс етті.

Оқи отырыңыз:

Ақтөбедегі терактіден қайтыс болған әскерилердің отбасына баспана берілмек

Терактіден соң Ақтөбе мұсылмандарының өмірі қалай өзгерді (видео)

Ақтөбелік тұрғындар терактіден кейін қару-жарақ дүкендерін жабуды талап етті

Талқылау