Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Теннің өліміне қатысты сот: Күдіктілерді бірінші боп қуған полицей оқиғаның қалай болғанын айтып берді

Алматыда мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өліміне қатысты сот жалғасып жатыр. Сот отырысында жауап берген аға лейтенант Азамат Нұрпейісов Денисті пышақтап қашқан күдіктілерді бірінші боп қуған. Ол бастапқыда спортшыны қатты жарақаттанды деп ойламағанын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі сот залынан.

Денис Тен

2018 жылдың 19 шілдесінде болған оқиғаны еске алған полицей сол күні әріптесімен бірге жұмыс бабымен кетіп бара жатқан. Жолай үш жігіттің жүгіріп өтіп, артынша төбелескенін көріпті. Жігіттердің бірі полицияның қызметтік көлігінің алдындағы көліктің капотына құлаған.

« Байсейітов көшесіне жетпей азиат нәсілді жас жігіттердің жүгіріп бара жатқанын көрдік. Сол арада үстіне қара футболка киген жігіт Байсейітов көшесіне жетпей «Тайота» маркалы көліктің алдына жүгіріп шығып, капотына құлағанын көрдік. Содан кейін қайтадан жүгіріп, саябақтың ішіне кіріп кетті. Артынша оны ақ футболка киген жігіттің спорт алаңының жанында қуып жеткенін көрдік. Сол кезде екеуі бір-біріне бетпе-бет қарап, ұстасып қалды. Бастапқыда олар жастар болғандықтан, ойнап жүрген болар деп ойладық», – дейді Нұрпейісов.

Мұнан кейін спорт алаңындағы екі жігітке тағы біреуі келіп қосылыпты. Олар алыса жөнелгенде ғана полицей бірдеңе болғанын түсінген.

«Бір кезде тағы бір жігіттің оларға қосылып, ақ футболкадағы жігіттің арт жағынан ұстағанын көрдік. Олар алысып кетті. Сол кезде көліктер көптеп жүріп жатқандықтан, тезірек жүруге мүмкіндік болмады. Бірақ әріптесімнен тоқтауын сұрадым. Көлік тоқтағаннан кейін, түсіп, сол жаққа жүгірдім. Мен жетіп қалған кезде ақ футболка киген жігіттің спорт алаңының шетіндегі торға сүйеніп тұрды, одан кейін етпетінен құлады. Аяғынан қан шығып тұрғанын байқадым. Әлгі екі жігіттің қашып бара жатқанын көрдім.  Сол кезде бір азамат жүгіріп келді. Тағы бір қыз болды. Олардан жедел жәрдем шақыруын сұрап, екі жігітке айқайлап, Шевченко көшесіне қарай соңынан жүгірдім», – дейді ол.

Өз Құдайбергенов пен Қиясовтың соңынан жүгіріп бара жатып, олар туралы рациямен мәлімет беріп үлгерген.

«Қара футболкадағы жігіттің қолында жұмыс істегенде киетін ақ қолғап болғанын айттым. Ақ футболкадағы жігіттің басында қара бейсболка болды. Шевченко көшесіне жетіп қалған кезімде, олардың қайда кетіп қалғанын таба алмадым. Сол кезде Назарбаев көшесі жақтан бір ер адам келе жатыр екен. Сол кісіден жаңағы азиат нәсілді екі жігіт туралы сұрадым. Ол жігіттердің Назарбаев көшесіне қарай жүгіргенін айтты. Сонымен Назарбаев көшесіне дейін жүгіріп бардым, жан-жағыма қарағаныммен, олар көрінбеді. Артынша келе жатқан қызметтік көліктің даусын естідім. Онда взвод командирі келе жатыр екен. Соған қарай жүгіріп, болған оқиға туралы айттым да, жанына отырып, қылмыс болған жерге әкеп тастадым. Сол кісіні қалдырдым да, саябақтың ішімен Назарбаев көшесіне шығып, Медеу ауданы жаққа өттім. Сол жерде жұмыс істеп жатқан адамдардан қашып бара жатқан жігіттерді көрген-көрмегенін сұрадым. Ол көрмегенін айтты.

Мұнан кейін әріптесім хабарласып, қылмыс орнына қайтып бардым. Сол жерге бастықтар, жедел уәкілдер келіпті. Бізді жедел уәкілдерге қосып, жігіттерде іздеуге жіберді. Бұған дейін жүрген жолдарды, сырттағы камераларды қарадық. Мұнан кейін мені қайтадан қылмыс болған жерге шақырып, басшылар, тергеушілер мән-жайды сұрады», – дейді ол.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау