Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Теңгенің тартымдылығын арттырып, өтімділігін қамтамасыз ету жұмыстары жалғасады

Ендігі басты мақсат Үкімет пен Ұлттық банк қосымша теңге өтімділігін қамтамасыз ету мен нақты секторға, атап айтқанда, агроөнеркәсіп кешені, жеңіл, тамақ  өнеркәсібіне ықпал етудің мүмкіндіктерін қарастыру.

2a3da0c1e627708aa443d86607d9acbc

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

Жаһандық қаржылық дағдарыс, энергоресурстарға әлемдік бағаның құлдырауы Қазақстан экономикасына әсер етіп, оның ішінде нақты секторда теңге өтімділігінің тапшылығын тудырған болатын.

Еліміздің екінші деңгейлі банктердегі депозиттердің басым көпшілігі шетелдік валютада сақталғандықтан, шағын және орта бизнесті несиелендіру іс жүзінде кідірістегені белгілі.

Айта кетерлігі, былтыр еліміздің Ұлттық банкі валюта нарығына қатысуын барынша азайтты. Осылайша валютаны сатып алу-сату нарығына қатысып, бағамды күшпен ұстап тұруға еліміздің Бас банкі араласпайтын болады. Мәселен, Ұлттық банктің 2016 жылғы қаңтарда валютаны сату түріндегі өктемділігі 57,7 млн. долларды немесе сауда-саттықтың жалпы көлемінен 2,48 пайызды ғана құраған. Сондықтан да, теңгенің еркін айналымы орнағалы бері айырбастау бағамының серпіні сыртқы және ішкі факторлардың ықпалына қарай айқындалады.

Бұл ретте сыртқы факторлар құрылымында негізінен мұнайдың әлемдік бағасы көбірек рөл атқаратыны белгілі. Көршілес елдердің валюталық ырғағы да бұған әсер етпей қоймасы анық. Мәселен, жыл басынан бері мұнайдың әлемдік бағасы 8,2 пайызға төмендеген, ал ресей рублі де 6,6 пайызға әлсіреді. Ал теңге бағамына әсер ететін ішкі факторларға келсек, бұған тұрғындар мен банктердің белсенділігі, бюджет қаражатының қозғалысы және салықтар төлеу кезеңдері де ықпалын тигізеді.

Соңғы уақытта теңгенің күрт секірісі туралы болжамдар азая бастады. Мамандар пікірінше, қазір валюталық бағамның жуық арада айтарлықтай өзгеру ықтималдығы аз. Өйткені, Қазақстанның төлем балансы тұрғысынан жағымсыз сценарийлердің бәрі де бұған дейін бастан өткерілді. Ал ендігі басты мақсат Үкімет пен Ұлттық банк қосымша теңге өтімділігін қамтамасыз ету мен нақты секторға, атап айтқанда, агроөнеркәсіп кешені, жеңіл, тамақ  өнеркәсібіне ықпал етудің мүмкіндіктерін қарастыру. Осыған орай, кешегі Үкімет отырысында онлайн режимге қосылған бас банкир Данияр Ақышев ақша-несие саясатына қатысты біраз жайтты алға тартқан болатын.

Айта кететін жайт, Ұлттық банк ағымдағы жылдың 2 ақпаннан бастап базалық мөлшерлемені (-+) 2 пайызға ауытқуымен 17 пайыз деңгейінде белгілеген болатын. Осының өзі Ұлттық банктің екінші деңгейлі банктерге өтімділікті кез келген көлемде 19 пайызға жуық мөлшерлеме бойынша беретінін және банктерден өтімділікті 15 пайыздық мөлшерлеме бойынша алатынын білдіреді. Сонымен қатар, соңғы айларда Ұлттық банкі ақша нарығындағы ахуалды тұрақтандыру жөнінде жүйелі шаралар қабылдады. Ақша-кредит саясатын жетілдіру және ұлттық валютаға деген сенімді қалпына келтіру жұмыстары да жүргізілуде.

Айта кетерлігі, 2015 жылы банктердегі депозиттердің көлемі көбінесе валюталық депозиттерді қайта бағалау есебінен 36,6 пайызға ұлғайған. Депозиттердің долларлану деңгейі 69 пайызға жетсе, соның ішінде жеке тұлғаларға тиесілі валюта 78,9 пайыз болған.

Теңгеге сенімді арттыру мақсатында Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры 2016 жылғы 1 ақпаннан бастап жеке тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттері бойынша сыйақы мөлшерлемесінің ең жоғарғы мөлшерін 10 пайыздан 14 пайызға дейін белгілеу жөнінде шешім қабылдаған болатын. Ал шетел валютасындағы депозиттер бойынша мөлшерлеме керісінше 3 пайыздан 2 пайызға дейін төмендетілді. Яғни, осының өзі халық арасында  теңгемен ашылған депозиттердің тартымдылығын арттыруға және азаматтардың жинақ ақшасының қорғалуына мүмкіндік береді. Айта кетерлігі, Ұлттық банк АҚШ долларындағы депозиттер бойынша мөлшерлемелердің жаңа деңгейін барабар және қажетті кірістілікті қамтамасыз ететін деңгей ретінде бағалап отыр. Сонымен қатар, теңгеге сенімділікті арттыру бағытандағы бұндай шаралар еш шектеусіз, еш мәжбүрлеусіз тек ынталандыру саясаты астарында жүргізілуде. Сондықтан да, Ұлттық банк қолма-қол шетел валютасымен операциялар бойынша немесе депозиттерді алу бойынша қандай да бір шектеулерді қарастырмайды. Яғни, Ұлттық банк шетел валютасындағы депозиттерді теңгелік депозиттерге қандай да бір мәжбүрлеп аудару бойынша ешқандай жоспарлар болмағанын, оған ешбір негіз жоқтығын алға тартады. Түйіндей айтсақ, Ұлттық банк қаржы және валюта нарығындағы тұрақтандыру мәселесін халықтың есебінен шешуге жол бермейді деген сөз.

Ал екінші деңгейлі банктерге қатысты саясатқа келсек, банктердің өтімділігін қолдау және олардың кредиттік белсенділігін арттыру аясында Ұлттық банк ең аз резервтік талаптар механизміне өзгерістер енгізді. Бұл реттте банктерді ең төменгі резервтік талаптардың нормативтерін орындау үшін қолма-қол ақшаны пайдалануға шектеген талаптар жеңілдетілген. Сарапшылар, осы өзгеріс арқасында банктерде 140 млрд. теңге мөлшерінде қосымша өтімділік болатынын болжайды.

Тұтастай алғанда, Үкімет отырысында Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев теңгенің еркін айырбас бағамы саясатын жүргізуді жалғастыра беретінін, бұл қазіргі сәтте барынша оңтайлы режим екенін алға тартады. Мұндай шара бір жағынан алтын-валюта активтерін сақтауға, екінші жағынан отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін қолдауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта теңгенің күнделікті айырбас бағамы іргелі факторлардың өзгеріске ұшырауы негізінде қалыптасып отыр. Ал оған Ұлттық банктің қатысуы барынша азайтылған және негізгі трендтердің өзгерісінсіз күрт құбылу орын алған кезде ғана ахуалды ретке келтіруге бағытталған. Бас банкирдің айтуынша, нарық қатысушылары айырбас бағамының біресе көтеріліп, біресе түсіп кететін құбылмалылығына біртіндеп үйреніп келеді.

«Валюта бағамын айқындайтын факторларды да жұртшылық жақсы түсіне бастады. Осының арқасында Ұлттық банктің екінші деңгейлі банктердің өтімділігін қамтамасыз етудегі рөлі күшейді. Бұған қоса біз теңгемен салынған депозиттер үлесінің артуын болжаймыз. Бұл ретте жеке тұлғалардың ұлттық валютамен сақталған депозиттеріне берілетін сыйақы ставкасының ең жоғары мөлшерін 14 пайызға дейін көтеріп, шетел валютасындағы депозиттердің ставкасын 2 пайызға дейін төмендету теңге салымындағы депозиттердің тартымдылығын арттырады. Сонымен қатар, бұл жайт экономиканы несиелеу үшін банктердегі теңге өтімділігін қамтамасыз ететін болады. Мұндай жағдайда Ұлттық банк ақша нарығына арналған пайыздық саясат тетіктерін жетілдірумен жұмыс істей береді», – деді Ұлттық банк төрағасы.

Айта кетерлігі,  теңге бағамының әлсіреуінен өткен жылдың қорытындысы бойынша инфляция 13,6 пайызды құраған болатын. Сондықтан да, Ұлттық банктің алдағы міндеті – 2016 жылы инфляция дәлізін 6-8 пайыздық қалпына келтіру болып табылады. «2015 жылғы теңге бағамын түзету әсері бағаға тікелей пропорционалды ықпал етпейді. Бұл ретте инфляцияның 6-дан 8 пайызға дейінгі белгіленген дәлізге оралуы бірлескен күш-жігерді қажет етеді және Ұлттық банк пен Үкімет іс-қимылының үйлесімділігіне тәуелді болады», – дейді Бас банкир Данияр Ақышев.

Еске сала кетейік,  2015 жылдың соңында Ұлттық банктің жалпы халықаралық резервтері 28,1 млрд. АҚШ долларын, ал Ұлттық қордың активтерін қоса алғанда елдің халықаралық резервтері, 91,6 млрд. АҚШ долларын құрады. Бұл – жақсы көрсеткіш. Салыстырмалы түрде айта кетсек, 2007 жылдың соңына таман ғаламдық қаржы дағдарысының алдында, еліміздің жалпы резервтері 38,6 млрд. АҚШ доллары болған еді.

Талқылау