Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тәжікстанда туыстардың үйленуіне тыйым салынды

Тәжікстанда туыстардың үйленуіне тыйым салатын заң күшіне енеді. Отбасын құруды көздеген жұптар енді тегі жағынан сәйкестікті анықтайтын сынақтан өтуі тиіс.

12

Сурет bbc.com сайтынан алынды

Бұл туралы 24.kz хабарлайды.

Тәжік жастарының үйлену үшін дәрігерлерден рұқсат алатын күні жақындап қалды. Парламент жұптардың тегі тұрғысынан сәйкестігін анықтап алып, некеге тұруды қолдайтын құжатты мақұлдады. Аталған заң биыл шілдеде күшіне енбек. Сынақтан өту тегін.

“Қаны бір туыстардың некелесуі нәтижесінде дене немесе психикалық ауытқуы бар балалар дүниеге келіп жатыр. Мысалы, олардың арасында Даун синдромымен немесе аутизммен ауыратындар көп”, – дейді Мүгедек балаларды емдеу орталығының директоры Майсара Шарипова.

Зерттеу бойынша, Тәжікстанда жетілмей туған сәбилердің 30%-ының ата-анасы өзара туыс болып шыққан. Бірақ тәуелсіз сарапшылар жаңа заң қалыптасқан үдеріске тосқауыл қоя алмайды, бұл тек жемқорлық пен бюрократияға жол ашады деп есептейді.

“Егер бір ғана зертхана болса, онда бұл үдерісті бюрократия жайлап алады. Тіпті құр науқаншылдыққа айналып кетуі мүмкін”, – дейді тәуелсіз сарапшы Гульнора Бекназарова.

Сонымен қатар болашақ ерлі-зайыптылар жыныстық жолмен берілетін ауруларға қатысты да тестен өтеді. Ал кейбір депутаттар дәрігерлер тұрмысқа шығардан бұрын бойжеткеннің пәктігін де тексеру қажет деп отыр.

Талқылау