Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тәуелсіздік құрдасы есімін президенттің өзі қойғанын мақтан тұтады

Есімімді Елбасының өзі қойғанын мақтан етемін және соған лайық болу қажеттігін еш уақытта естен шығармаймын. Бұл туралы Орал қаласында тұратын тәуелсіздік құрдасы, жеке кәсіпкер Нұрсұлтан Сақпаев мәлім етті.

20151217154750
Ата-анасының сөзіне қарағанда, Нұрсұлтан Әбішұлы 1991 жылы Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келгенде, Сақпаевтар отбасында кішкентай сәби шыр етіп дүниеге келеді. Сол кезде Теректі ауданы Аңқаты ауылына арнайы ат басын бұрған Елбасына өмір есігін жаңа ашқан нәрестенің есімін Нұрсұлтан деп қою ұсынылады. Елдің ақ-адал көңілін қалдырмаған аса құрметті мейман ырымдап, туу туралы куәлігіне де өз қолымен сәбидің аты-жөнін жазып қалдырады. Осылайша Елбасы есімін арқалаған кішкентай Нұрсұлтан бала кезінен қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, 2009 жылы Аңқаты орта мектебін бітіргеннен кейін Орал мұнай, газ және салалық технологиялар колледжіне түседі. Осында автомеханик мамандығын меңгерген Нұрсұлтан Сақпаев бүгінде көлік жөндеу орталығын ашып, жеке кәсіппен айналысуда. Зайыбы екеуі бақытты ғұмыр кешіп, Айсары есімді ұлын өсіруде.

«Елбасы есімін иеленгенімді бақыт санаймын әрі тәуелсіздік құрдасымын. Әрине, елімізде Президентіміздің өмір жолын үлгі ететін мыңдаған Нұрсұлтан болар. Солардың бірі ретінде мен де жауапкершілік жүгін сезіне отырып, бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздігімізді баянды ету жолында еңбек ете бермекшімін. Кәсіпкер ретінде жаңа жобаларды жүзеге асырғым келеді. Болашақта Елбасымен жүздесіп, бір кезде өзі есімін қойған ұлдың ел қатарлы ғұмыр кешіп жатқандығын жеткізсем деймін»,-деді Нұрсұлтан Сақпаев.

Талқылау