Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тәуелсіз сарапшы: Қызылордадағы тікұшақ апатына электр жүйесіндегі ақау себеп болуы мүмкін

Қызылорда облысында құлаған тікұшақтың апатына электр жүйесіндегі ақау себеп болуы мүмкін. Тәуелсіз сарапшылар қайғылы оқиғаға қатысты осындай болжам айтуда. Дегенмен, жерге құлап, сау-тамтығы қалмай жанып кеткен Ми-8-дің қара жәшігі әлі ашылмапты. Сондықтан арнайы құрылған комиссия апаттың себеп-салдары туралы қандай да бір мәлімдеме жасауға асықпай отыр. 

Қызылорда облысында құлаған тікұшақтың апатына электр жүйесіндегі ақау себеп болуы мүмкін

Ал соңғы мәліметтертерге сүйенсек, тікұшақ ішінде болған 13 әскери қызметкердің барлығының денесі табылған. Бірақ, марқұмдардың кейбірін анықтау үшін ДНК сараптамасы қажет екен, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы».

Тікұшақ апатынан қаза тапқан әскери қызметкерлердің барлығы Қызылордадағы сот-медициналық сараптама орталығының мәйітханасына жеткізілген. Қазір онда марқұмдардың туыстары да келе бастапты. Олар жанып кеткен вертолеттің ішінде ет жақынының болғанына сенбей, бауырларын өз көзімен көруге келген. Бірақ, мамандар бөлшектеніп кеткен үш адамды тани алмай отырмыз дейді. 

«Мәйітханаға түскен адамдардың саны 13 болып тұр. Оның онына зерттеу жүргізіліп жатыр. Енді қалғандары бөлшектеніп кеткен. Енді оны құрастырамыз, қараймыз. Тану жұмыстарын жүргіземіз», - дейді Қызылорда облыстық сот-сараптамалары институты директорының орынбасары Рақымжан Әліп.

Ал ақпарат құралдары бетінде қазір апатқа не себеп болғаны көп талқылауға түскен. Осы оқиғаға қатысты зерттеу жүргізген жас ғалым Әмір Қуат қайғылы жағдайға адами фактор себеп болуы мүмкін деген пікірде.

«Егер де екі қозғалтқыш бірдей істен шықса, авторотациямен жерге апатсыз қонуға болады. Бірақ оған ең өзекті мәселе, биіктік керек. Егер төмен ұшып келе жатса, оны қолдану мүмкін емес. Бірақ енді бұқаралық ақпарат құралдарында 4 мың биіктікте ұшып келе жатқан», - дейді БИОВІ қауіпсіздік техникасы жүйесінің авторы Әмір Қуат.

Ал отставкадағы полковник Таньяр Шарипов ұшқыштардың кәсіби дайындағанына күмән келтірмейді. Ол апатқа электр жүйесіндегі ақау себеп болуы мүмкін деп топшылайды. Айтуынша, Ми-8 тікұшағы ең сенімді әуе көліктері қатарына жатады. Әрбір ұшу алдында техника жіті тексеріліп, арнайы құжаттар рәсімделеді.

«Авиациялық техникадан ақау шыққан деп ойлаймын. Қорғаныс министрлігі бұл тікұшақты 2014 жылы күрделі жөндеуден өткізген. Ол 2022 жылға дейін бұзылмауы тиіс еді. Әуе көлігі қандай да ауа-райына дес беруі керек. Сондықтан апатқа қолайсыз күн райы әсер етті деу қиын. Әрі ұшқыштардың да дайындығы күшті болатын. Олар 5-10 минуттық аралықпен ұшып отырды. Қалған үш тікұшақ межелі жерге аман-есен жетті», - дейді отставкадағы полковник Таньяр Шарипов.

Айта кетсек, осы оқиға кезінде опат болған 13 адамның 12-сі Ақтаудағы №30153 әскери бөлімінің қызметкерлері. Әуе қорғаныс күштеріне қарасты бөлім 2011 жылы құрылған екен. Маңғыстау облысының әкімдігі марқұм болған әскери қызметкерлердің отбасына 1 миллион теңгеден көмек беретінін хабарлады. Ал апат орнында жұмыс істеп жатқан арнайы комиссия тікұшақтың құлауына не себеп болғанын жариялаған жоқ. Себебі, әлі Ми-8-дің қара жәшігі ашылмаған көрінеді.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау