Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тараздағы көпқабатты үйдегі жарылысқа байланысты президенттің тапсырмасымен үкіметтік комиссия құрылды

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Тараз қаласындағы төтенше жағдайды тергеуге қатысты үкіметтік комиссия құрылды, деп хабарлайды премьер-министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап Stan.kz.

Нұрсұлтан Назарбаев

27 ақпанда сағат 06:21-де Тараз қаласында 9-ықшам ауданындағы 62-ші үйдің 1-3 қабаттары құлаған. Алдын-ала мәліметтер бойынша, жарылыс 2-ші қабаттағы 46-шы пәтерде болған.

ТЖК күшімен қажетті мамандар мен техника саны жұмылдырылды, үйдің барлық тұрғындары толық көшірілді. Үйінділер астынан 8 адам шығарылды, оның 2-уі қаза тапқан. Зардап шеккендердің халі — орташа ауыр.

Тараз қаласындағы төтенше жағдай туралы премьер-министр Асқар Мамин шұғыл түрде елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа баяндады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен үкімет комиссиясы құрылды. Комиссия мүшелері Тараз қаласына оқиға орнына ұшып кетті.

Апат болған үйдің тұрғындары осы үйге жақын маңдағы №47 мектепке орналастырылды, ыстық тамақпен қамтылды, уақытша тұруға қажетті жағдайлар жасалды. Олармен медицина қызметкерлері мен психологтар жұмыс істеуде.

ТЖК-ның алдын-ала мәліметі бойынша, жарылыс газ жабдығын абайсыз пайдаланудан орын алған.

Еске сала кетсек, бүгін таңертең Тараздағы көпқабатты үйде жарылыс болғанын хабарлаған едік.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау