Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Таразда тірідей жанып кете жаздаған бүлдіршіннің анасы болған оқиғаға көршінің балаларын кінәлап отыр

Таразда алты жасар бала оңбай күйіп қалды. Тірідей жанып кете жаздаған бүлдіршіннің анасы оның үстіне көрші үйдің балалары әдейі бензин шашып, от қойған деп есептейді. Ұлынан айырылып қала жаздаған ана бұзақылар мен олардың ата-анасын қатаң жауапқа тартқызуды талап етуде. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.

Таразда тірідей жанып кете жаздаған бүлдіршіннің анасы болған оқиғаға көршінің балаларын кінәлап отыр

Таразда болған оқиға көпті шошытып тастады. 6 жастағы бала көшеде жүріп отқа оранған. Оны туған ағасы дер кезінде байқамағанда тірідей жанып кетуі мүмкін екен. Жанұшыра айғайлаған бауырының дауысын естіген ол дереу жетіп жотасындағы лапылдаған өртті сөндірген.

Зардап шегушінің анасы бұл жағдайға көрші үйдің 7 жастағы екі баласы кінәлі дейді. Яғни ауылдастың егіз ұлы Максимге әдейі бензин шашып от қойды деген пікірде.

“Есін жиғаннан кейін ұлымның өзі айтты. Рома дегені Максимнің үстіне бензин шашып жіберген. Артынша Данил сіріңкені тұтатып лақтырған. Қойыңдаршы деп жалынған, бірақ олар дегендерін істеген”,-дейді Максимнің анасы Вера Легостаева.

Вера Легостаева көршісінің жанармай бекетінде оператор болып істейтінін айтады. Сондықтан балалары бензинді үйден алып шыққан дейді.  Сондай-ақ олардың бұзақылықпен көзге түсуі бірінші рет емес деп отыр.

“Менімше бұл балларды ата-анасынан ажыратып, арнайы тәртібі нашар балалар оқитын мектепке беріп, әке-шешесін де қатаң жазалау керек. Мұндай жағдай шетелде болса, дәл осылай жасар еді”,-деді Вера Легостаева.

Ал Наталья тентектері үшін ұялды ма, бет-жүзін көрсеткісі келмеді. Перзенттерін ақтап әлекке түсті. Айтуынша, Максим байқаусызда өзін-өзі өртеп алған.

“Бұны қанішерлік, әдейі істеді деп айтуға келмейді. Олар ойнап жүріп, ішінде сұйықтығы бар құты  тауып алған. Ішіндегісін екінші ыдысқа  құйып сапырған. Осы сәтте өрт шыққан болуы мүмкін”,- деді Наталья.Денесінің 18 пайызы күйіп қалған Максим үш күн жансақтау бөлімінде жатып, жалпы палатаға бүгін шықты.

“Баланың бүгінгі жағдайы тұрақты ауыр болып саналады. Бір аптадан кейін бала екінші кезең операцияға дайындап жатырмыз. Ол операция денедегі күйген терілерді тазалап алу. Сосын үшінші этапы ол жерге басқа теру жабыстыру”,- дейді Тараз қалалық №2 ауруханасы күйік бөлімінің меңгерушісі Әбілсейіт Сыдықов.

Максимнің анасы қанша тырысқанымен баласына жәбір көрсеткендер жазасыз қалатын түрі бар. Өйткені олар кінәлі болғанның өзінде, жасы жетпегендіктен жауапқа тартылмайды. Дегенмен істің ақ-қарасын анықтау үшін дерекке қатысты тергеу жұмыстары жүруде.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау