Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Таразда отырған көлігі бағанға соғылғаннан кейін із-түссіз кеткен жігіт сол күйі табылмай жатыр

Таразда жантүршігерлік жол апатынан соң із-түссіз жоғалған 23 жастағы азамат сол күйі табылмай жатыр. Жақындары мен еріктілер оны 20 күннен бері жатпай-тұрмай іздегенімен әзірге нәтижесіз. Бұл туралы КТК хабарлайды.

5454

Ұлының не өлі, не тірісін білмеген ата-ана енді мұқым елдің көмегіне жүгінуге мәжбүр. Яғни жұмбақ жағдайда жоғалған Акрам Исматулаевты көрген-білгендер болса хабарласуларын сұрап отыр.

Жол апаты 29-шы желтоқсанда Жамбыл даңғылында болған екен. Жүйіткіген жеңіл көліктің алдыңғы доңғалағы жарылып, көпірдің бағанына соғылады. Қатты соққыдан машина қақ бөлініп, ішіндегі екі адам қаза тапқан. Ал, аман қалған тағы үш жолушының біреуі сол күйі табылмай жатыр. 23 жастағы Акрам Исматулаевтан 20 күннен бері хабар жоқ.

“Бұл қайда кетті? Мысалы, біреу алып кетті ме, біреу ұстап отыр ма? Құдай үшін ертерек маған қайтарсын”, – дейді Акрам Исматулаевтың анасы Матлюба Исматулаева.

Сау-тамтығы қалмаған көлік ішінен дін аман шыққаның бірі Шерзод Исматулаев. Айтуынша, бір-біріне туыс 5 азамат ауруханада жатқан жақындарының хәлін сұрап қайтып келе жатқанда апатқа ұшыраған. Ал қайғылы жағдайға дейін машина ішінде болған Акрамның ұшты-күйлі жоғалуын түсінбей отыр.

Құпияға толы осы жайттың анық-қанығын полиция да білмей дал. Бір анығы, жігіттің не өзі не өлі денесі оқиға орнынан табылмаған.

Жол апаты кезінде көліктің артқы орнында болған 1993-ші жылы туған бесінші жолаушы түсініксіз жағдайда жоғалып кеткен. Оқиға болған жерге төтенше жағдай қызметкерлері келіп, сол маңда іздеу жұмыстарын жүргізді. Бірақ жоғалған адамның денесі табылған жоқ. Қазір криминалдық полиция 23 жастағы жігітті іздеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Жантүршігерлік оқиға дәл осы жерде болған. Көмекке келген жүргіншілер Акрамды қақ бөлінген көліктен шығарып алып, қар үстіне отырғызыпты. Бірақ содан кейін оны көрген тірі жан жоқ.

Бір қызығы, жұмбақ жағдайда жоғалған азаматтың аяқ киімі қайғылы оқиға болған осынау жерде қалып кеткен. Қақаған аязда 23 жастағы жігіттің жалаң аяқ қайда кетуі мүмкін деген сұрақ енді жақындарын мазалайды. Ал екі жыл бұрын ғана шаңырақ көтерген Акрамды үйінде жары мен сегіз айлық баласы күтіп отыр.

Оқи отырыңыз:

Бұдан былай жазасын өтегендерге «сотталмаған» деген анықтама беріледі

Жалаңаштар бассейні: Алматыдағы “Арасан” моншасы мұсылмандарға арналмаған ба?

19 жастағы қостанайлық жеткіншек спорткешенінде атыс жасады

Талқылау